Сұрақ: Қазіргі күні бәріміз пайдаланып жүрген антисептиктің құрамында спирт бары белгілі. Ол Исламда харам емес пе?
Жауап: Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары қауіпті бактерия, вирус және микробты зарарсыздандыру үшін антисептик қолдануды талап етіп келеді. Себебі COVID-19 індетінің алдын алу, сақтану үшін бұл шара міндетті. Ислам бірінші кезекте адамның өміріне, денсаулығына көңіл бөледі. Қоғамның, адамдардың сау-саламатта ғұмыр кешулерін қалайды.
Бүгінде антисептик мақсатында қолданылатын арнайы сұйықтық немесе медициналық спирт нәжіс санатына жатпайды. Өйткені харам нәрсенің бәрі нәжіс бола бермейді. Мысалы, есірткі мен удың үкімі харам, бірақ өзі таза. Құрамында спирті бар иіссулар немесе т.б. спирт араласқан сұйық заттар денеге, киімге тисе нәжіс болмайды, тиген жерін жуу да міндетті емес.
Білуімше антисептикке қатысты ҚМДБ-да (мүфтият) пайдалануға рұқсат беріп, пәтуа шығарды. Сол себепті антисептикті еш алаңдамай пайдалануға болады. Ол сіздің намаз үшін алған дәретіңізді де бұзбайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ