Сұрақ: Аңшылықтың қандай әдептері бар?
Жауап: Бір күні Қудаға тайпайсынан Әбу Сәғләбә әл-Хушәни есімді сахаба пайғамбарға келіп аңшылық туралы: «Уа, Алланың Елшісі! Мен аңшылығымен танылған елді мекенде тұрамын. Аңға садақпен, аңшылыққа үйретілген итіммен, кейде үйретілмеген итіммен шығамын. Бұлар ұстаған аңның қайсысы адал болмақ?» деп сұрайды.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Садағыңмен «Бисмиллә» деп атып алған аңды жеуіңе болады. «Бисмиллә» деп аңға қосқан аңшы итіңнің әкелген аңын да жеуіңе рұқсат. Ал үйретілмеген иттің ұстаған аңын бауыздап үлгерсең ғана жей аласың», – деп жауап береді.
Себебі аңға үйретілген ит аңға шапқан уақытта олжаны қожайынға ұстауына көмек көрсетіп жатқанын біледі. Аңшы келгенше ұсталған аңға ауыз салмай қожайынды күтіп тұрады. Ал енді аңшылыққа үйретілмеген ит аңға шапқан уақытта оны өзіне азық көріп шабады. Бұған қоса аңшы келгенше оған ауыз салып жеп те қоюы мүмкін. Сол үшін аңшы «бисмиллә» деп аңға жай итті салған жағдайда олжаны өзі бауыздап алуға асығуы керек.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер аңның артынан итті жіберіп, ол оның бір бөлігін жеп қойса, онда оны жеме. Себебі ит оны өзі үшін ұстады. Ал егер аңның артынан салған ит оны өлтіріп, бірақ, тиіспеген болса, онда оны жей бер. Өйткені ол оны иесі үшін ұстады», деп айтқан (Бұхари, Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ