– Қанат Әділханұлы, отбасы – адам ғұмырының ғана емес, қоғамның да басты негізі. Сондықтан әрбір ынтымақты, өсіп-өнген, тәрбиелі, иманды ұрпақ өсіріп отырған отбасы – мемлекетіміздің байлығы. Алайда, бүгінде отбасы құндылықтары аяқ асты болып бара жатыр. Оған себеп көп. Сіз қалай ойлайсыз, сіздіңше не себеп болып отыр?
– Қоғамның іргетасы отбасынан басталады. Отбасы мықты болса одан құралған қоғам да мықты болады. Ислам тарихында оның ең алғашқы үлгісін хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірінші әйелі Хадиша анамыз көрсетті. Хадиша анамыз сондай қиын-қыстау заманда пайғамбарымыздың қасынан табылды. Ислам жолында пайғамбарымыздың жанашыры болды. Тіпті материалдық жағынан да өзінің көмегін аямады, рухани тірегі бола білді. Міне, осындай жұптан ислам әлеміндегі ел үлгі тұтарлық шаңырақ дүниеге келді. Бір сөзбен айтқанда, алдымен мұсылманшылықты насихаттайтын отбасы пайда болды.
Мұхаммед пайғамбарымыз: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен Қиямет күні басқа үмметтерге сендердің көптігіңмен мақтанайын» деп некелесу арқылы екі жан бір-біріне адал болып, тұтас бір шаңырақ құруға шақырады. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда статистикалық мәліметтерге сүйенсек, отбасын құрған үш жұптың біреуі ажырасып кетеді екен. Мәселен, 2011 жылы үйленгендер саны 160 494, ал ажырасқандар саны 44 862, ал 2018 жылы отбасын құрғандар 137 797, ажырасқандар 54 797 отбасын құраған. Бұған себеп көп. Соның бірі – екі жастың бір-бірін сыйламауы, құрметтемеуінен туындайды.
Жүсіп Баласағұн: «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Сондықтан отбасында ұл мен қызға болашақ әке, ана ретінде дұрыс тәрбие берілуі керек. Ал ажырасу мәселесіне біз немқұрайды қарамауымыз керек. Бұл мәселенің тағы бір себебі, жастардың өзіне жар таңдауда енжарлық танытып, отбасы деген киелі ұғымға салғырттықпен қарауы. Ақылмен емес, алдамшы, өткінші сезімнің жетегінде жүріп отбасын құруы. Сонымен бірге, жас отбасының арасына үлкендердің, ата-анасының, туған-туыстарының араласып, бір жақтың ғана шешімін тыңдап, оларды татуластырудың орнына араларына от салуы да себеп болып отыр. Материалдық жетіспеушіліктен де ажырасып жататын жастар бар. Отбасы деген тек материалдық құндылықпен ғана шектеліп қалмайды. Алла Тағала адам баласын жаратты ма, оны ешқашан ырзық-несібесіз қалдырмайды. Алланың берген несібесіне шүкіршілік етсек, Алла тағала соншалық несібемізді молайтады.
Мұхаммед пайғамбарымыз: «Кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некелеседі. Олар: дүние мүлкі, шыққан тегі, сұлулығы мен діндарлығы. Сен бұлардың ішінде дінде болғанын таңда, жақсылыққа кенелесің», – дейді. Яғни, алған жарың иманды болса, онда құрған отбасыңның келешегі де зор.
Ислам діні жанұяның отағасы ретінде ер азаматты белгілейді. Бірақ, әйел баласының да рөлін жоғары қояды. Ислам дінінде Құранда 114 сүре болса, соның біреуі «Ниса», яғни, «Әйелдер» сүресі деп аталады. Бір қызығы, Құранда еркектер деген сүре жоқ. «Ниса» сүресі әйелдердің құқықтары мен міндеттерін нақтылау, әлсіз жанның дәрежесін көтеру, намысын қорғауға арналған. Сондықтан әйел баласы отбасында еріне мойынсұнып, өз намысын қорғап, бала-шағасына дұрыс тәрбие беріп, мал-мүлкін қорғап отыруы керек. Пайғамбарымыз: «Егер адамның басқа біреуге сәжде етуін қаласам, әйелінің күйеуіне сәжде етуін қалар едім» депті-мыс. Сондықтан да отбасы құндылықтары аяқ асты болмауы үшін ерлі-зайыптылар бір-бірімен міндетті түрде жақсы мәміледе болғаны абзал.
Ислам отбасындағы мәселелерді ерлі-зайыпты бір-бірімен ақылдасып бірге шешуді бұйырған. Ер азамат әйелін Алланың берген аманаты ретінде қабылдауы қажет. Ер кісі әйелін нақақтан-нақақ қанауына, қол жұмсауына, балағаттауына, негізсіз айыптауына болмайды. Сондай-ақ ер кісі әйелін, бала-шағасын діни тұрғыдан тәрбиелеп, жақсы мінез-құлыққа үгіттеп отыруы керек.
Әйел кісі күйеуінің рұқсатынсыз басқа жерге баруына болмайды. Осыны баса айтқым келеді. Себебі, кейде әйелдер қауымы күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барып жатып алады немесе қонаққа сұранбай кетіп қалып жатады. Бұл дұрыс емес. Әйел баласы барынша күйеуінің көңілінен шығуы керек. Ерлердің әйелдерде ақысы бар болғанындай, әйелдердің де ерлерде ақылары болатыны Құранда айтылған.
Жалпы, ажырасу мәселесіне немқұрайдылықпен қарауға болмайды. Бұл мәселеге қай-қайсымыз болса да, терең мән беріп қарауымыз керек. Себебі, әрбір ажырасқан отбасының артында еліміздің келешегі – балалардың тағдыры тұр.
– Бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Жастардың бойынан өзімшілдікті, жауапсыздықты көп байқаймын. Сіз не дейсіз?
– Жалпы алғанда жас ұрпаққа көңілім толады. Қазір мешітке келушілердің басым бөлігін жастар құрайды. Содан соң, қазіргі жастардың дені ішімдікке әуес емес. Әрине, бес саусақ бірдей болмағаны сияқты, жастардың ішінде көңіл тола бермейтіндері де бар. Бұл мәселе айналып келгенде тағы да тәрбиеге келіп тіреледі. Негізінен әр бала өсе келе ата-анасының берген тәрбиесіне қарай қалыптасады.
Бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесінде жетіспейтін нәрсе ол – мейірімділік. Жастардың бойында өзімшілдік басымдау. Өзімде ғана болса дейді. «Өзің үшін жақсы көрген нәрсені басқа бір мұсылман бауырыңа да қалағын» дейді дінімізде. Осы қасиетке жастарды үйретуіміз, талап етуіміз керек.
Ислам дінінде баланың ең басты міндеті – ата-ананы құрметтеуге қатты мән беріледі. «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Бір Аллаға құлшылық етіп, оған ешнәрсені серік етіп қоспағандар, ата-аналарына жақсылық жасағандар…» – деп Алла тағала адамзатты ата-аналарына ерекше құрметпен қарауға үндеген. Алланың разылығы – ата-ананың разылығында.
Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі келіп, «Әуелгі жақсылықты кімге жасайын?» дегенде: «Анаңа»,- деп жауап беріпті. «Одан кейін кімге жасайын?» десе, «Анаңа» дейді. «Одан кейін кімге жасайын?» десе, тағы да «Анаңа» дейді. «Одан кейін ше?» – дегенде, «Әкеңе» дейді. Ата-анаға жақсылық жасаудың қаншалықты маңызды екенін осындан-ақ түсінуге болады.
Сонымен бірге Құранда: «Ата-анаңның біреуі немесе екеуі де бірдей қолыңда қартайса, оларға кейіс білдірме. «Түһ» деп те айтпа әрі зекіп ұрысушы болма. Керісінше, олармен сыпайы сөйлес. Сондай-ақ, екеуіне мейірімге толы құшағыңды жай да: «Уа, Раббым! Олардың мені кішкентайымнан алақандарына салып, мәпелеп тәрбиелегеніндей, сен де оларға рақым-шапағатыңды төккейсің» деп екеуінің тілегін сұра дейді. Кез келген ата-ананың арман-тілегі – баласының амандығы, саналы үлкен азамат болуы.
Алла тағала ақырет күні үш адамның жүзіне мейірім-шапағатпен қарамайды екен. Яғни, біріншісі, ата-анасын ренжіткендер, екіншісі, ішімдікке салынғандар, үшіншісі, істеген жақсылығын айтып, өзгені табалағандар. Көзі тірісінде ата-анасының ризалығын алу керек. Үш адамның дұғасы қабыл болады. Ол: әділ басшының, екіншісі – себепсізден себепсіз зәбір көрген жанның, үшіншісі ата-ананың дұғасы деген екен.
Діни сауаттылық – бүгінгі заман талабы. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-ана да білімді, тәрбиелі болуы керек. Имандылыққа баулып, Алла Тағаланың әмірлерін үйрете білсе, оның тәрбиесі көптеген жақсылыққа бастайды.
– Қазақстан аумағында ертеден тамырын терең жайған ислам діні тәуелсіздіктен соң қайта түлеп, қазір елдің қоғамдық-саяси өміріндегі өз орны мен маңызын айшықтай түсті. Бірақ дін атын жамылған діни экстремистік әрекеттердің Қазақстан жерінде бой көрсетуі жалпы исламға қауіп төндірмейді ме? Облысымыздағы діни экстремизмге қарсы күрес шаралары мешіт тарапынан қалай жүргізілуде?
– Облыстағы мешіттер жамағатты жат ағымдардан сақтандыру бағытында тұрақты жұмыс істеп келеді. Мешіт имамдарының уағыздары мен 12 білікті имамнан құралған топтың дәрістері арқылы діни экстремизмнің алдын алуға тырысудамыз. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде «asyldin.kz» сайты жұмыс жасайды. Мұнымен қатар, «Telegram» мобильдік қосымшасында сұрақ-жауап тобымыз бар. Онда 800-ге жуық адам тіркелген. Оннан аса имамдарымыз бен ұстаздарымыз бір аптада 200-ге жуық сұраққа жауап беруде.
Экстремизм (фр.extremisme, лат.ехтремұс) — «шеттеу» яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағынаны береді. Бұл ұғым қоғам ішіндегі жеке тұлғаның немесе топтардың жалпы тәртіпті мойындамауы, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасауы сипатында көрініс табады. Экстремизм радикализмге жол ашады. Ал «терроризм» сол экстремизмнің барар нәтижесі.
Экстремисттік пікірлер түрлі салаларда орын алуы мүмкін, соның ішінде дін саласындағы эктремизм анағұрлым қауіпті. Себебі, діни эктремизмде көпшілік құрметтейтін дін атын жамылу бар. Діни экстремизм деумен, белгілі бір дін меңзелмейді, яғни жалпы барлық дінді ұстанушылардың ішінде экстемисттік ойдағылар табылуы неғайбыл. Исламнан өзге дінді ұстанушы кей азаматтардың да экстремисттік ой-пікірлерінің барлығын жоққа шығара алмаймыз. Алайда, олар көп жағдайда Ислам атын жамылғандардың көлеңкесінде қалып қояды.
Қазіргі таңда қоғамымызда Ислам дінінің атын жамылып, Алланың нақ жолынан ауытқып жүргендер көптеп кездеседі. Олар кез келген жаңа істі, дінге қайшылығы болмаса да бидғатқа болап, ананы харам, мынаны ширк деп, жұрттың шырқын қашыруда. Осындай эктремисттік пікірлермен уланған әлгілердің арасынан террористтердің шыққанын да білеміз. Нәтижеде терроризмнен тіксініп, лаңкесттіктен лоқсыдық. Соның кесірінен елімізде исламофобия, яғни, Ислам діні мен оның құндылықтарына шекеден қараушылық пайда болғанын да жасыра алмаймыз.
Ал негізінде Ислам – орта жол, ал мұсылмандар сол орта жолды ұстанушылар болып табылады. Бұл орайда Алла тағала Құранда Бақара сүресінің 143-аятында: «Осылайша сендерді орташа үммет еттік» деп, исі мұсылманның «орта жолды ұстанушылық» сипатына назар аудартып отыр.
Демек, Ислам тек қана орта жолды ұстануға шақыратын дін. Ислам дінінде орта жолдан шетке ығысуға жол жоқ.
Экстремизм қоғамда екі түрлі сипатта көрініс табады. Біріншісі – идеологиялық насихат болса, екіншісі – экстремисттік идеология негізінде қоғам азаматтарына зорлық-зомбылық, қысым көрсету, яғни экстремизмнің терроризмге ұласуы. Соған сай экстремизге қарсы күрес те екі сипатта – ақпараттық және билік күшімен жасалатын күрес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла тағала Құран арқылы жөнге келмегенді қылыш арқылы жөнге салады» деген хадисі осыны аңғартса керек.
Әрине, ең алдымен Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Отарынан алыстаған қойды қасқыр жейді» деген хадисінде айтылғанды дана халқымыз: «Бөлінгенді бөрі жейді» деп қысқа қайырмаушы ма еді. Бабаларымыздың ұлағатты сөзін басшылыққа алып, экстремизмге лескендерді дәстүрлі дінімізге бетін бұруға тырысудамыз. Басқа ағымның жетегіне бой ұсынған жақындарымызға дұрыс жол сілтеуге болады. Ондай жандарды еліміздегі салтымызбен біте қайнасқан дәстүрлі бағытты насихаттаушылар – мешіт имамдары мен ханафи мәзһабын ұстанатын дінтанушылармен жолықтыру ләзім. Әсіресе, бойларында қоғамның тарихи қалыптасқан діни ұстанымдарына, салт-дәстүрге қарсы келу сипаты байқалғанда тиісті мамандармен жолықтыру қажет. Мұндай жағдайда енжарлық, немқұрайдылыққа салынбау керек.
Қаймағы бұзылмаған хақ Исламның орта жолынан шетке ығысып, көпшіліктен бөлініп шала бүлінген азаматтарымыздың дұрыс жолға түсулеріне ел болып себепші болайық! Біле білсек, бұл – өте сауапты іс. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз хазірет Әлиге: «Сен арқылы бір адамның тура жол тауып кетуі сен үшін жер бетіндегі күн сәулесі түскен кез келген заттан артық» деген екен.
– Шетелде діни білім алған жастардан Қазақстанға келер пайда бар ма?
– Қазіргі таңда қазақстандықтар шетелге оқуға кеткен балалар үшін алаңдаулы. Бұған жастарымыздың шетелдегі дәстүрлі емес діни бағытта оқытатын оқу орындарына түсулері себеп болуда. Бұл олқылықты жою үшін, ҚМДБ Мысыр, Түркия сынды бірқатар елдердің іргелі оқу орындарымен келісім шартқа отырды. Бұдан былай шетелде діни білім алғысы келетін жастар ҚМДБ арқылы сенімді оқу орындарына құжат тапсыра алады.
Шетелде оқуға қажеттілік бұрын болғанын жасырмаймыз. Ал қазір дін білімін Қазақстанда жүріп те үйренуге мүмкіндік көп. Елімізде орта кәсіптің білім беретін 10-ға тарта медресе-колледждер мен бір университет жұмыс жасайды.
– Сауықтыру жұмыстарының арқасында өзге діни ағымдарға өтіп кеткендердің дәстүрлі дінімізге оралғандары бар ма? Нақты мысалдармен айтып берсеңіз.
– «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» демекші, жүйелі және мақсатты жұмыстың нәтижесінде 2018 жылы облыс бойынша 20 адам дәстүрлі діни бағытқа қайтып, 45 адам ханафи мәзһабына бейімделді.
– Мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айында жастарға не айтасыз?
– Елбасымыздың биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауына орай, дін басымыз Ислам және жастар жылы деп белгіледі. Имандылықтың нұры шашылған қасиетті рамазан айында жастарымызға иман байлығын тілейміз. Еліміздің болашағы – жастар бәсекеге қабылетті, иманды, арлы, намысты болсын! Алла тағала еліміздің жастарын жат пиғылды теріс идеалогиялардан сақтап, рухани жаңғыруымыз жолында аянбай еңбек етулері үшін, бойларына қуат берсін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасхан Асхат Райқұл