– Ей, Алла Тағала, Сен маған жұмақты уәде еттің. Енді сол жұмақта менің көршім кім болатынын маған көрсетші, деген екен. Сол уақытта Алла Тағаладан былай үндеу келеді:
– Қаланың сыртында қарапайым бір қасапшы жігіт тұрады. Сол жігіт сенің жұмақтағы көршің болады.
Алланың үндеуіне құлақ асқан Мұса (а.с.) қасапшы жігітті іздеп қаланың сыртына жөнеледі. Қаладан шыға сала Мұса (а.с.) әлгі қасапшыны тауып оның ет сататын дүкенінің жанында бақылай аялдайды. Қасапшы жас жігіт әрі көрікті болып шығады. Ол әдеттегідей күнде таң ертең жұмысқа келіп ет сатумен айналысады екен. Күні бойы бас көтермей еңбек етеді. Жігіт кеш батып жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін бір үзім ет алып дүкенін жауып үйіне бет алады. Мұны көрген Мұса (а.с.) пайғамбар оның ізіне түседі. Жігіт үйіне жеткен сәтте Мұса (а.с.) оған тіл қатып:
– Үйіңе қонақ болып келіп едім, кіргізесің бе?, дейді. Жігіт кідірместен қонақжайлылық танытып Мұсаны (а.с.) қуана қарсы алды.
Үйге кірген бойда Мұса (а.с.) жігіттің әрекеттеріне, жүріс-тұрысына аса мән беріп отырды. Себебі, оның ойында: «қалай ғана бұл жас жігіт Алланың осындай неғметіне кенелді екен?», деген сұрақ тұрған еді.
Содан жігіт үйіне келе сала әлгі жұмысынан алып келген үзім етті қайнатып кешкі тамақ жасайды. Кейін көрші бөлмеден арбаға таңылған кемпірді алып өз қолымен жуындырады. Содан кейін оған жақсылап тамақ береді де жұмсақ төсек салып жатқызады. Сол сәтте кемпір ауызы жыбырлап бірдеңе айтқан болатын бірақ, Мұса (а.с.) оны байқағанымен ести алмады. Осыдан кейін жігіт келген қонағына дастархан жайып бірге ұзақ әңгіме айтады. Әңгіме арасында Мұса (а.с.) жігіттен әлгі кемпір туралы сұрайды.
Жігіт:
– Ол менің анам. Мен қолымда қаражат болмағандықтан анама қарайтын арнайы қызметші жалдай алмаймын. Сол үшін оған күнделікті өзім осылай қарайласамын.
Сонда Мұса (а.с.):
– Сен оны жатқызғанда күмбірлеп бірдеңе айтқанын байқадым. Не айтқанын білесің бе?.
Жігіт:
– Мен күнде анамды жуындырып, тамағын беріп қайта төсегіне жатқызып қарайласқан сайын ол мен үшін Алладан былай деп дұға қылады: «Ей, Раббым, менің перзентімді жұмақта Мұса (а.с.) пайғамдардың дәрежесімен бірдей ете гөр!».
Сонда Мұса (а.с.) жігітке күлімсіреп:
– Ей, жігіт, саған сүйінші хабар айтайын. Алла Тағала анаңның дұғасын қабыл етті. Анаңа жасаған қызметің үшін сен жұмақта менімен көрші боласың, деген екен.
Kazislam.kz