Ибн Аббас (р.а.): «Мұсылман ата-анасына күндіз-түні жақсылық етсе, оның қарсы алдында жәннаттың екі қақпасы ашылады»,-деген екен. Бұл сөзді Құран Кәрімнің әр аятының мән-мағынасы мен сырын жетік білетін сахаба айтуда. Ибн Аббас (р.а.) пайғамбар шаңырағында ер жеткен.
Әбу Лайс Самарқанди: «Құран Кәрімде ата-ананы ренжітуге тиым салынғаны жайлы немесе оларға жақсылық істеу хақында аят болмаған күннің өзінде адам баласының ақылы ата-анаға қызмет ету перзенттік парыз екенін көрсетуде»,-дейді.
Табиғин ғалым Мұхаммед бин Сирин (р.а.) шешесіне ең жұмсақ матадан көйлек сатып алып беретін. Анасының көзінше ешуақытта дауысын көтеріп сөйлемейтін. Аяулы анасының жанында тұрғанда оны тану мүмкін емес еді. Сыртынан көрген біреу ғалымды науқас адам деп ойлап қалатын. Бұл Ибн Сириннің анасымен барынша жұмсақ да нәзік мәмілесінің көрінісі еді. Ғажап.
Анасының көңіліне зәредей де қаяу түсірмеу үшін әр сөзі мен әрекетіне сақ болғаны ғой. Перзентінің ерекше ілтипаты мен ақ пейілін сезінген ана жүрегіндегі ризашылық – ақ бата боп табылады. Ананың батасын осылай алу қажет. Әрине, баласынан дөрекі сөз естіп, жүрегі сыздаса да ешбір ана алақанын жайып қарғыс айтпайды. Ұл-қызының сыртынан амандығын тілеп отырады. Анасына наразы адамдар келіп, шерін айтқан кездер болды.
Себебі әртүрлі. Бала кезінде жылуын сезіне алмадым дейді бірі. Екіншісі, жұрттың әке-шешесі сияқты қамқорлық етпеді дейді.
Шариғатта ата-анаға жақсылық ету үшін олардың балаға жақсы қарауы керек деген сияқты арнайы талабы жоқ. Әкең дұрыс тәрбие берсе немесе анаң мейірімді болса, сен де жақсылық ет деген дүние жоқ. Тек қана дүниеге келуіне себепкер болғандықтан ғана ата-анаға жақсылықты аямай төгуге перзент міндетті.
Абдулла бин Аббас (р.а.) ата-анамен қарым-қатынас қалай бол керектігін үйретіп былай деген: «Олардың қасында қатал да дөрекі қожайын жанында тұрған күнә жасаған қор күйдегі құл сияқты бол»,-деген екен. Баланың қылығы тәтті. Әрбір қимылы сүйкімді.
Үсті-басын кірлетіп алса да анасы ашуланбайды. Ал, дастарқан басында тамағын төгіп қойса, жинап тазалап қоямыз. Қажет болса, киімін ауыстырып тастаймыз. Сүйсініп, айналып толғанамыз. Міне, дәл осылай қартайған ата-анамен мәміле жасау керек. Әрбір еркелігін көтеріп, не болса да сіздің дегеніңіз болады деп көңілін марқайтып қойған дұрыс. Құран Кәрімдегі:
أن اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ
«…Маған және әке-шешеңе шүкір ет…[1]»,-деген аят жайында табиғин ғалым Суфиян бин Ғұйайна (р.а.): «Кімде-кім бес уақыт намаз оқыса – Алла Тағалаға шүкіршілік еткені, ал бес уақыт намаз соңынан ата-анасына дұға етуі – оларға білдірген алғысы»,-деп тәпсірлеген екен. Сахабалар (р.а.) Адам әке-шешесіне дұға етуін доғаруы оның тұрмысы қиындауына себеп дейді.
Ато бин Әбу Рабахқа былай деп сұрақ қояды: Біреуге анасы бес уақыт намаздан басқа қосымша намаз оқимайсың, рамазаннан басқа ораза тұтпайсың,-деп талап қойыпты, не істеу керек?,-дейді. Ғалым: Анасының айтқанына бағынады,-деген екен. Нәпіл намаз оқып немесе Құран тиләуат етіп отырған кешегі ғалымдар анасы «балам» деп шақырғанда, құлшылығын тоқтатып «ау, анашым» деп жетіп келетін болған. Міне, бұл шариғат талабы. Анасының дастарқанына отырмай, намаз оқымайсың, кәпірсің дегендердің шариғаты қайдан шығып жатыр?!
Абдулазизұлы Омар: «Ата-анасын ренжіткен адаммен жолдас болма, ол сенің ақыңа қиянат етеді. Өйткені, ол сенің ақыңнан да жоғары ата-ана ақысына қиянат еткен»,-деген екен. Ана – жер бетінде жүрген қанатсыз періште. Оның перзеніт үшін айтқан әрбір сөзі – қабыл болатын бата.
Қазақ болған соң кешегі өткен әулиелер кесенесін зиярат етеміз. Ондағы мақсат – жолымыз ашылса екен, ісіміз оңғарылса екен деген ниет. Адамның жолын ашатын тірі әулие – шешесі. Перзенті ана жүрегін мың жараласа да қос алақанын жайып тілегін жаудырады. Бірақ, бұл ананың батасын алуға жатпайды. Ананың батасы жүрегіндегі перзентіне деген ризашылығы. Абдулла бин Аббас (р.а.):
إِنِّي لاَ أَعْلَمُ عَمَلاً أَقْرَبَ إِلَى اللهِ عَزَّ وَجَلَّ مِنْ بِرِّ الْوَالِدَةِ
«Анаға жақсылық істеп, ризашылығын алудан артық Алла Тағалаға пендені жақындата түсетін сауапты білмеймін[2]»,-деген. Алла Тағала сөзінің сырлары мен қасиетін пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үйренген сахаба айтып тұр. Ананың ақ батасын алу пендені Раббысының ризашылығына, жұрттың құрметіне бөлейді.
Руслан ҚАМБАР
[1] Лұқман сүресі, 14-аят
[2] Бұхари