Алланың бұйрығымен ата-анамның төртінші перзенті боп дүние есігін аштым. Анамның мейірімі мен шуағына бөленген балалық шағым еркелікке толы болды. Анам ақылын санама сіңдірді. Әр істі үйретуден жалықпады. Қасыңда жақсы адамның өнегесін үлгі етіп айтып шаттандыратын.
Ер азамат осындай болады деп, үнемі ерге лайықты нәрселерді сипаттап, сен де нар, жомарт бол, деп дұға жасайтын. Әкем сапарда болғанда, анамның қасында жатқанда, имани әңгімелер айтып, Алланың барын жеткізіп, тілімді кәлимаға үйреткен алғашқы ұстазым болатын. Алланың үйінде жұмыс істеп жүргенім де анамның дұғасының күші екенін сеземін.
Кіші-Талдықұдық негізгі мектебі мен Ақпәтер орта мектебінің ұстаздарына деген құрметі ерекше болатын. Әркез ұстаз, мұғалім бол деп отыратын.
Рауза анамның жанында жүріп, мейірімді, мейірбан, қайырымды, білімді, атымтай жомарт, биік азамат болуымды әркез дұғасына қосып, Алладан тілеп, үмітін үзбей отыратыны құлағыма сіңіп қалған. Өте қарапайым, еңбекқор, сөзі дана, өте таза жан болатын.
Назым әжемді өте жақсы көрді. Әжем де (енесі) анамды ерекше сыйлады. Құрметі ерекше еді. Назым әжем нағашы мамаға «Раузаны мен үшін туғансың, құдағай Сізге рахмет» деген жылы сөзді аямайтынын естідім. Анам нағашы мамамдай Назым әжемді де ерекше жақсы көретін. Әжемнің суретін қонақ бөлменің төрінде сақтап, өмірден өтіп кетсе де құрмет көрсетіп, еске алып отыратын.
Әкем екеуі елдің мақтаулы отбасыларының бірі болды. Әкем ала таңмен жұмысқа кетіп, жай келетін. Ол атақты тракторшы болды. Анам қараңғы түнде алыстан келе жатқан трактордың дауысынан танитын сезімтал еді. Үнін естіген бойда әкеме ыстық асын дайындап, шайын ысытып, жылы шыраймен күтіп, әңгімелері таусылмайтын ақкөңіл жан еді.
Рауза анам келген қонақтарды құдайындай сыйлап, құрмет көрсетіп, көршілерімен тату-тәтті болып, ауылға келген таныс, ағайындарды арнайы шақырып, өз қолынан пісірген дәмді тамақтарымен қуантып, дастарханынан ризық үзілмейтін, қолы берекелі еді.
Анам нанды, күрішті, қуырдақ, бауырсақты өте дәмді пісіретін. Осы күнге дейін ауылдастарымыз Раузаның пісірген тамақтары тілді үйіретін, дәмі әлі ауызымызда тұрғандай деп сағына еске алады.
Анам ысырапқа жол бермейтін, қорлы жан болды. Әр істі жанымен беріліп, таза қызмет жасайтын. Әркез жұмыс жасағанда бабын біл деп үйрететін.
Үйдің іші мен сыртқы шаруасына бірдей болды. Қорамыз толы мал. Шелек толы үзілмейтін айран мен көже, көктемнің қызғалдақ пен зауза майына ерекше көңіл бөліп жинайтын. Ол майдың шипасы көп деп бөлек жинайтын. Еріткен сары майлары келесі көктемге жететін.
Бір үйде төрт ұл өстік. Бізді аямай жұмысқа салып, еңбекқор болуға, адал ризық табуға үйреткен ұстазым да анам. Төртеуімізді ерте тұрғызады. Сиыр сауғызады. От жаққызады. Нан пісіруді де үйретті. Үйді таза ұстауды, таза киініп, жүруге баулыды. Одан біз жаман болмадық.
Анам ауырып қалғанда, әкем осы шаруаларды өзі істейтін. Әкем түзде батыр, үйде қатынның жұмысын істеп жатырмын деп арланбайтын. Анама жанашыр болатын. Әкемізден асыл жарына деген құрметін сезіндік.
Анам мені ерте тұрғызатын. Сиыр сауғанда, бұзау тартып, бірге сиыр сауатынбыз. Кейін қойды отарға қосып, бұзауларды қырға айдайтынмын. Анам сүт тартып жатқанда, ошаққа от жағып, суларды қайнатып қоятын едік. Кейін сүт машинасын жуып, қаймағын жалап алатын едік.
Анам кейін мені киім мен көрпе тігуге, шұлық тоқуға, ыдыс пен еден жууға үйретті. Басында қасымдағы достарымнан ұялдым. Қысылдым. Кейін үйреніп кеттім. Осы үйреткендері оқушы кезімде мектепішілік шараларда «Жігіт сұлтаны» байқауында өз өнерін көрсету кезеңінде кәдеме асты.
Анам ұлым да, қызым да өзіңсің деп оңаша қалғанда еркелетіп айтатын. Анам жаймен даналық жеткізгенде марқаятынмын. «Әр істі жасасаң маған да, саған да пайдасы тисін. Жаныңмен беріліп істе. Алла көріп тұрғандай істе» деп үйрететін.
Қалада оқыдым. Анамның үйреткендері пайдама асты. Үйлендім. Асыл жарыма сүйеу ғана емес, көмекші де болдым. Әр істі ердікі, әйелдікі деп бөлмей, қолыңнан келсе, бірге атқар деген сөзді санама сіңдірген Анама шексіз рахмет айтамын.
Анам менің үлкен азамат болып өсуіме Кіші-Талдықұдық пен Ақпәтер ауылындағы адамның аттарымен байланыстыра өзі мұғалім, директор, совхоз басшысы болған Кәрім (Өтеғұлов) атаңдай бол, үлгі тұт деп жиі айтатын. Өзге ұлт өкілі болған ауылдасымыз Махат ағаңдай еңбекқор бол деп үлгі тұтарлық ауылдың жайсаң азаматтарына теңгеріп айтатын. Сенің білімді азамат болатыныңа сенемін деп күш беретін. Нұрланым адам болатына сенемін деп, үмітін әріден сөйлеп жеткізетін.
Бірде анам екеуміз оңаша кезімізде, «ұлым ақ киім киіп, көп халық ортасында жүреді. Ауылмен шектеліп қалмайды» деп жиі айтатыны есімде қалыпты. Бала қиялы дамысын, кеңге қанат жайып, биікке самғасын деген арманын менің бойыма сіңіре берген екен.
Сол кезде мен «Анашым, ауылда жаныңда қаламын. Ауылдағы мектепте мұғалім боламын» деп іштей ақтарыла жеткізетінмін. Анам маған сеніп, болашақ армандарым турасында туралы көп айтты, бірақ балалық сезіммен байқамай қалыппын. «Ақнүнәнім қайда барса, мен сонда барамын» дейтін анам жарықтық.
Есімде қалғаны Кіші-Талдықұдық негізгі мектебін ойдағы аяқтап, Ақпәтер эстетикалық мектебінде оқып жүрген кезім болатын. Анам ауырып, қатты сырқаттанып жүрді. 11-сыныпта оқып жүрген кезім. 2 желтоқсан анамның туған күні болатын. Сол күні көңіл күйім болмады. Сабақта өзімді жайсыз сезіндім. Ауыл жаққа қарап, егіліп қайта-қайта жылаймын. Алла маған сол сәтті сездіргендей болатын.
Іштей суық хабар екен сеземін. Бірақ өзім түсінбеймін. Кеш болды. Рақым құдамыз соғым сойған еді. Сол үйге барғанша өз-өзімнен егіліп жылап бардым. Қасымда әкемнің апасы Набира апам (Нәпөк дейміз еркелеп) бар еді.
Қуырдақ жеп болғанда, үлкен ағам Мирам келгенін байқап, жүгіріп келдім. Ағамнан «Анашым бақиға аттанды ма?» деген сөзді туралап сұрадым. «Апам сені күтіп жатыр, тез алып келіңіздерші деген аманатына келіп тұрмын» деді ағам.
Неге екенін білмеймін, көзіме жас келе берді. Машинаға отырып, ағамнан анамның амандығын қайта сұрадым. Ағам жауап бере алмағанынан тез түсіндім. Жол бойы көзім жастан тоқтамады. Үйге келдім, дәліздегі тұрған тақтайшаға көзім бірден түсті. Сол кездегі аласапыран сезімім ерте есейтті мені.
Анам үлкен ақтүсті матаға оралып жатыр екен. Қайран мейірімді, мейірбан анам! Көзі жұмылған анам. Балалық шағымнан айырылып, тез есейіп кеттім. Тез өзімді жинап алдым.
Анам сол күні мені құшақтамады, маңдайымнан иіскемеді. Мен қасына барып анамды құшақтадым. Денесі суық. Бірақ жүзін көргенде нұрланып, шаштары бұйраланып, әдеміленіп кеткенін, Ұлық Раббысына жылы жүзбен жымиып қайтқандай көрінді, асыл анамның бейнесі.
Анам әркез менім айтқан сөзімді тыңдайтын қолдаушым еді. Әр ісіме балаша қуанатын еді… Ал бүгін Анам мені құшақтамады. Маңдайымнан сипамады. Анамды ақырғы сапарға шығарып салған соң, оның аманаты менің үлкен азамат болғанымды қалағанын үнемі ойлаумен жүрдім.
Анам маған кішкентай хат жазып қалдырған екен. Сол хатында «Ақ Нұрланым! Нүнәнім! Сен үлкен оқу орнына түсеріңе бек сенемін! Адал бол, адам бол, жарығым! Сүткенжем!» деп аманат хат қалдырыпты.
Дәл осы адамнан, анамнан туғаныма қуандым. Жігерлендім. Қуатталдым. Сапарда жүрсем де, білімнің биігіне көтерілсем де, үлкен жетістікке жетсем де, елдің марапатына ие болсам да, анамның аманат хаты жиі ойыма оралып көз алдымда тұрады.
Қайран анам. Ұлым үшін деп жан беріп, отқа түсіп, бақытты ғұмыр кешсін деп бар күшін салған анамның атына кір келтірмеймін деп шештім. Үйленіп, үйлі болып, адал жар, мұғалім болуым, әке атануым, бәрі-бәрі анамның ақ дұғасы ғой.
Анам мәңгілік мекеніне кетсе де көз алдымда жүргендей, Алла жәннаттыңда анаммен жүздесуді жазсын!
Қасиетті Рамазан айында, Анашым, өзіңді қатты сағындым! Ана атыңа кір келтірмеймін! Әркез жүрегімдесің, асыл анам! Өзің үйреткен жолмен жүріп келем, ақылшы, дана анам!
Қасиетті Мекке мен Мәдина қаласында кіші-үлкен қажылығымды өтеп жүргенде, анамның «балам, ақкиіммен көп халықтың ортасында жүресің» дегені, ана жүрегі жарқын болашағымды айқын болжап, тура айтыпты деген ой келді.
Нұрланған Мәдина қаласында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жатқан жері Рауза деп аталатын жер бар. Сол жерде анаммен қайта қауышқандай ерекше сезімде болдым, Жаратушымның шексіз мейірімін сезіндім.
Анамның есімі ерекше, осы мекенмен байланыстыра қойған нағашы жұртымның тектілігін сездім. Жастай қалсам да, Алланың өзі жар болып, анамның дұғалары қабыл болып, Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжін үздік бітіріп, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-ін жалғастырып, ойдағыдай аяқтадым. Мұғалім деген атаққа ие болдым. Жақсы кураторым Айман Батырқызы мен ғалым ұстазым Серікқали Шарабасов болуы жайдан-жай емес. Ғалым ұстаздарым алдында білім алдым. Бұл да анамның дұғасы деп білемін.
Дана ұстаздардың алдын көріп, осындай құрметке бөленуім анамның дұғасы, әкемнің тәлім-тәрбиесі, ұстазымның теңіздей терең берген білімі, ауылдағы жайсаң жандардың және үлкендердің ақ батасы деп білемін!
Сүткенжеңіз Нұрлан қажы САМАТҰЛЫ