25 жастағы Алматы тұрғыны Гүлнұр (ред.,кейіпкердің аты өзгертілді) бір кездері жат ағымның жетегінде кеткен туған анам өмірімізді ойран қылды дейді. Салафизм жетегінде кеткен бойжеткеннің анасы бүгінде бауыр еті балаларымен алыстан ғана араласады.
Сұңғақ бойлы, көрген көзді сүйсінтер келбеті бар Гүлнұр бір кездері Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсуді армандаған. Бірақ бойжеткеннің қалауын анасы мен оның жат ағымды ұстанған күйеуі «харам» деп санап, 9-шы сыныпты бітірген кезде оны Медресеге оқуға берген.
«Мен бір кездері студент болуды армандаған, сәнді киінетін, биге қатысатын, қаланың заманауи қызы едім. 11-ші сыныпты аяқтаған соң, Жүргенов атындағы академияға түсіп, актриса боламын деп шешіп те қойғанмын. Отбасында екі баламыз, менен кейін інім бар. Әкем ертеректе қайтыс болып кеткен. Оқиға сонау 2009 жылдары басталды. Анам барахолкада өзінің бутигі бар, саудагер еді. Жұмысында жүріп, дінді қатты ұстанатын тәжік азаматымен бас қосады. Осы кезден бастап біздің өміріміз қатты өзгерді. Ол өгей әкеміз анамнан 25 жасқа үлкен, анамның басын қалай айналдырып алғанын білмеймін. Бірақ сонымен танысқаннан кейін анам күрт өзгерді, бірден хиджап киіп, оранып кетті. Біздің де араб тілін оқуымыз керек екенін, осы уақытқа дейін қатты адасып келгенімізді айта бастады. Басында бәрі уақытша болар деп мән бермей жүргенмін, бірақ соңы інім екеумізде медреседен бірақ шықтық. Анам менің жылап, жалынып, тіпті, үйден кетемін деп қарсыласқаныма да қараған жоқ. «Сен осылай жүре берсең, жеңіл жүріске салынып кетесің» деп менен құтылғанша асықты. Солай мен екі жыл, інім бір жыл медреседе оқыдық», – деді ол.
Медресеге барып, өзінің жаңа өміріне көндіккен Гүлнұр да хиджап киіп, бес уақыт намазға жығылған. Ал өзінен 5 жасқа кіші інісі еш қарсыласпастан, анасының айтқанын орындаған.
«Ол кезде інім әлі бала ғой. Анамыздың айтқанын орындау керекпіз деп ойлайтын. Оның үстіне ол жуас, көп сөзі жоқ еді. Ал мен медресеге келген соң, мінезім басылып, қатты өзгердім. Түрлі уағыздарды тыңдап, осы уақытқа дейінгі өмірімнің бәрі күнаға толы болғанына сендім. Медресені бітірген соң, олар мені Тастақ жақта тұратын жасы 40-тан асқан азаматтың үшінші әйелі етіп, тұрмысқа берді. Мен ол кісіні бір рет қана көрдім. Ол адам менің анам жұмыс істейтін «Байсат» базарында базарком екен, яғни, базардағылардың үстінен қарайды. Өзі сымбатты, ауқатты еді. Ол менімен некесін қиған соң, сол маңнан бір пәтер жалдап, мені үйде отырғызып қойды. Өзі аптасына 2-3 рет кеп тұратын, қатты қызғаншақ еді. Тіпті телефон ұстатпайтын, теледиардағы әншілерден де қызғанып, үйде ештеңе көрсетпейтін. Кәдімгі тордағы құс сияқты күні бойы терезеге телміріп отыратынмын. Бір жарым ай өткеннен кейін мен аяғым ауыр екенін білдім. Бірақ күйеуім мені «терезеге көп қарайсың, сыртта біреуің бар» деп таяқ астына ала бергеннен, үш рет түсік тастадым. Қатты қиналып, ауырған кезде аузыма су тамызатын адам болмай, қиналдым. Анаммен күйеуім өзі қарап тұрып қана сөйлестіретін, бәрі жақсы дегеннен басқа ештеңе айта алмайтын едім. Түсік тастай бергеннен азып-тозып, ауырып, құр сүлдерім қалғанда, күйеуім талақ айтып, үйіме апарып тастады. Сондағы айтқан сылтауы – «қыздарың салақ». Осылайша жарты жылда мен ешкімге керек болмай қалдым»,-деп жылады ол.
Гүлнұрды анасы мен өгей әкесі қуана қарсы алмаған. Бір өкініштісі, бойжеткенді үш ай өткен соң, тағы бір таныстарының ұлына тұрмысқа берген.
«Мені өгей әкем де, анамда аса жақтырмады. Қайтып келген қыз кімге ұнасын?! Үш ай үйде отырған соң, олар мені бір таныстарының менімен жасты ұлына үйлендірді. Осы уақытқа дейін төрт күйеуге шықсам да, ақ көйлек киген емеспін. Бәрімен де некеміз қиылатын, болды. Қызықтың бәрі сонымен бітеді. Қазір сіз мені өтірік айтып отыр деп ойларсыз, бірақ осының бәрі шындық. Тура бір қорқынышты фильмдегідей. Екінші күйеуім бала көтере алмағаным үшін «талақ» айтып, тастап кетті. Үйге қайта барған соң, анам мен өгей әкемнің қасында сыймадым. Содан ВКонтакте арқылы бір Ақтөбенің жігітімен сөйлесіп жүрген едім. Сол үйлену туралы ұсыныс жасаған соң, бір түнде заттарымды жинап, Ақтөбеге кетіп қалдым. Сонда үйдегілерге масыл болмай, алысқа кетіп қалуды ойлап осылай жасағанмын. Қазір соған өкінемін. Ол жақтағы өмірім де таза «тозақ» болды. Қайсыбірін айтайын, соңында Нұр-Сұлтаннан бірақ шықтым. Осы жақта анамның туған әпкесі тұрады. Өзі мемлекеттік қызметте істейді. Менің жағдайымды естіп, жаны ашыған соң, қанатының астына алды. Өзі жалғызбасты. Сол кісінің көмегі арқылы, мен жаңа өмірді бастадым»,-деді Гүлнұр.
Гүлнұр бүгінгі таңда тігіншілік курсын оқып жатыр. «Анаммен араласқым» келмейді деген бойжеткен өз оқиғасының өзгелерге сабақ болғанын қалайтынын жеткізді.
«Мен мұның бәрін осы уақытқа дейін ешкімге тіс жарып айтқан емеспін. Себебі қазір жаңа қаладамын, жаңа орта, жаңа жоспарларым бар дегендей. Бірақ қазір ойланып қарасам, өмірім анам үшін жәй ғана ойыншық болған екен. Шынын айтсам, анаммен араласқым келмейді. Өкпем қара қазандай. Тек мен сияқты адасып жүрген қыздар естерін ертерек жиса екен. Ата-аналар балаларының өмірімен ойнамаса деймін. Дінді ұстанып, ұстанбау әркімнің өз таңдауы. Мен бала болып, анамның айтқанына амалсыз ердім. Ал айдың күннің аманында Сирия асып, ата-анасымен араласпай кететін қатарластарым естерін жиса, мен сияқты тағдыр тәлкегіне ұшырап, соңынан аһ ұрмаса деймін. Дінге фанат болмау керек. Бәрін елу де, елу ұстаған абзал. YouTube, ВКонтакте желілеріндегі діни ақпаратқа сене бермеңіздер. Бәрін ой елегінен өткізу керек. Болашақта өз өмірім туралы кітап жазғым келеді»,-деді ол.