Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қос заңға қол қойды.
Өзгерістер мен толықтырулар негізінен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтармен байланысты құқық бұзушылықтар, қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатайтуға бағытталған.
Мұндай қатаң шаралар қабылдауға кейінгі кезеңде қоғамда жиі тіркелген түрлі келеңсіздік, тіпті жан түршігерлік оқиғалар түрткі болды. Отанымыздың бастау бұлағы сынды отбасылардағы қауға тиген өрттей өршіп тұрған ұрыс-керіс, дау-жанжал, әйел-аналарды аяусыз ұрып-соғу, кемсіту, қорлау, оны көріп-біліп өскен балалардың аянышты ахуалы арнадан асып, асқынып кетті, қоғамда төзбеушілік жағдай туғызды. Бүкіл жан біткенді ашындырған, халық болып айыптаған күлбілтелі тақырыпқа айналды. Көзі қарақты көпшілік, есті-басты азаматтар, зиялы қауым өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында, түрлі пікірталас алаңдарында ашына айтып, ашық талқыға салды. Соның бәрі тоғыса келіп, отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдарды қатайтуға, кінәлілерді жазалауды күшейтуге бастамашы болды.
Бұл бүкілхалықтық маңызды мәселені әрдайым жіті назарында ұстаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің дәстүрлі Жолдауларында әйел құқығына, бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Мен Заң және Тәртіп қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» деп, қоғамдағы әйелдердің гендерлік теңдігі құқықтық, саяси және экономикалық мүмкіндіктермен өлшенетінін қадап айтты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 10 260 057 әйел тұрады. Бір өкініштісі, басым көпшілігінің қауіпсіздігі қалыпты сақталмаған, құқығы жеткілікті қорғалмаған. Кез келген қорлыққа төзуге бар көнбіс әйелдер тіпті өз беттерінше түрлі ұйым құрып, өз-өздерін қорғауға мәжбүр болған да жағдайлар ұшырасады. Көп жағдайда отбасы, ошақ қасындағы зорлық-зомбылыққа алдымен ұшырайтын әйелдердің даусы құзырлы билікке уақытында жетпейтінін осы жайттан да айқын көруге болады. Жыл сайын ел бойынша жүздеген әйел күйеуі немесе басқа туысқандарынан зорлық, қорлық көріп, отбасынан қашып, көлденең көмек пен басқа баспана іздеп кетіп жатады. Мұндай отбасыда тәрбиеленіп жатқан балалардың дәрменсіздігі, қамқорсыздығы өзінен-өзі түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, әйел құқығы, бала қауіпсіздігіне қатысты мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен заң жобасы айналысқа шыққалы бері барша қоғам, көпшілік қауым бұл маңызды мәселені қызу талқылады. Әйел теңдігі орныққанын, қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру қажеттігін ашып айтты, жеріне жеткізіп жазды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, кейінгі 5 жылда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтірудің деректері 2 есе өскен. Ал орташа зақым келтіру 6 есе артқан. Ресми деректерден шығатын қорытынды – елімізде ақылсыз еркектің әйелінің бет-аузын көгертіп қоюы былай тұрып, қолын, аяғын сындыруы «қалыпты» көрініске айналған. Тіпті әйелге көрсетілген қысымнан бөлек, бала-шағасымен қосып сабаған да жағдайлар жиілеп кеткен. Құзырлы органдар әйелге қатысты зорлық-зомбылықтың орын алуына көп жағдайда үйдегі ер-азаматтың ішімдікке салынуы, жұмыссыздығы, маскүнемдік әрі құмар ойынға тәуелділігі әсер ететінін айтады. Тегінде, санамалай берсе, отбасы проблемасы жетіп артылады. Енді, міне, соның бәріне тәртіптік үлгіде тосқауыл қоятын, құқықтық негізде реттейтін жаңа заң тармақтары қабылданып отыр. Бұл заңды бүкіл қоғам айрықша ықыласпен қабыл алды. Жаңа заң бүкіл тыныс-тіршіліктің алтын ұясы – отбасы, отауларды көлеңкелі көріністерден арылтуға, отбасы институтын жоғары, заманауи талаптар деңгейінде дамытуға, нығайтуға бағытталған салиқалы, салмақты құжат болады деп сенім артады, үміт етеді.
Жаңа заң бойынша тұрмыстық жанжал шығарғандар ендігі жерде заңмен жазаланады. Әйелдерге немесе балаларға дене жарақатын келтіргендер қылмыстық жазаға тартылады. Жағдай қайталанса, сот жәбірлеушіге қатысты шараны күшейтеді.
Заң жобасының тағы бір бағыты – бала қауіпсіздігі. Енді педофильдер мен бала өмірін қиғандар өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған немесе мүгедектігі бар балаларды орналастыратын арнайы мекемелерді мемлекеттік орган өкілдері ескертусіз тексеруге мүмкіндік алады.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова заң жобасының Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру аясында депутаттар бастамасымен әзірленгенін атап өтті. «Заңнамалық түзетулер 5 бағытты қамтиды. Біріншісі – зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеуді көздейтін норма. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылады. Дене жарақатын келтірген, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға негіз болады», деді Ж.Сүлейменова.
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық құқық бойынша тәуелсіз кеңесші Татьяна Чернобильдің пікірінше, әйелдердің қоғамдағы, отбасы мен мемлекеттік институттардағы орны айрықша. Отбасындағы қазақ әйелінің бейнесі, сөздің тура мағынасында – «асыраушы». Ол – ана және үй шаруасындағы әйел. Қазіргі таңда отбасының қалыпты өмір сүруі әйелге байланысты, ал алда-жалда ерлі-зайыптылар ажырасып жатса, қоғам бұл үшін де әйелді кінәлайды. Олар отбасын сақтай алмағанын, ер-азаматты лайықты бағаламағанын айтады. «Заңда барлығын қорғауға кепілдік берілді. Мысалы, жыныстық зорлық-зомбылық мәселелерінде әйелдер қорғансыз. Заң бойынша мұны ұсақ бұзақылық ретінде қарастыруды ұсынатындар бар. Іс жүзінде әйел қылмыскерді жазалап, өзін қорғай алмайды. Жаңа заң бұл мәселені жан-жақты, толық қамтығанымен де құнды», дейді Т.Чернобиль.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Гүлмира Тоқанова мәлім еткендей: «Отбасыда, көшеде, қоғамдық көлікте немесе интернетте жасалған зорлық-зомбылық пен агрессиядан әйелдер мен балалардың құқығын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған заңдарға қол қойылды. Енгізілген жаңа нормалар бірнеше әлеуметтік маңызды міндетті орындауға тиіс. Бұл ретте, қылмыстың алдын алу, жазаның бұлтартпастығы және зардап шеккендерге қолдау көрсету инфрақұрылымын күшейту жақсы ескерілген. Мәселен, енді ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзу әрекеті ретінде сипатталады. Кінәліге айыппұл салынады немесе қамауға алынады. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін де қамаққа алу жазасы қарастырылған, яғни әкімшілік жаза емес, қылмыстық жауапкершілік болады».
Оның пайымдауынша, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік қылмыстар бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігін жоққа шығаратын тармақ – өте маңызды түзету.
«Осы және басқа да заңнамалық жаңалықтар жеке тұлғаларға қарсы қылмыстардың алдын алуға, азаматтардың құқығын қорғауға арналған. Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың келесі қадамы заң талаптарын тиісті деңгейде жүзеге асыруға қатысты. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының жұмысына қоғам тарапынан ерекше назар аударылады. Сонымен қатар құқықтық бақылау жүйесіне қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және жанашыр азаматтар тартылған. Бұл түзетулер азаматтық қоғам, сарапшылар және Үкімет арасындағы ұзақ талқылаулар мен сындарлы өзара іс-қимылдың нәтижесі болғаны кездейсоқ емес», деді сарапшы.
Айтары жоқ, барлық қоғамдық талқылау мен пікірталас, сондай-ақ Президенттің тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы тапсырмасы маңызды әлеуметтік мәселеге берілген нақтылы жауап болды. Қабылданып отырған заңдар қоғамда дұрыс қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ алғаш рет заңнамалық деңгейде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарын құру үшін отбасы мәселелері бойынша 111 байланыс орталығының жұмыс істеуіне құқықтық негіз жасалып отыр. Процессуалдық кодекс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанын дәлелдеу ауыртпалығы ендігі жерде жәбірленушінің өзіне жүктеледі. Бұған дейін бұл істі сот-медициналық сараптамаға жіберетін полицейлер атқарып келсе, енді құрбан болғанын жәбірленушінің өзі дәлелдеуі керек. Сондықтан егер әйел зорлық-зомбылыққа ұшыраса, алдымен сотқа шағымдануға тиіс. Содан кейін барып, сот-медициналық сараптамаға жіберетін құқық қорғау органдарының қызметіне жүгінген дұрыс.
Көптен күткен заңның қабылдануы қоғамның қаншалықты пісіп-жетілгенін, алдағы уақытта қандай да болсын зорлық-зомбылыққа төзбейтінін, мұндай мазмұндағы кез келген оқиғаны қабылдамайтынын айқын көрсетті. Енді көп болып осы заңның бұлжымай орындалуына, отбасыдағы бірлік-берекенің, ырыс-ынтымақтың нығаюына бір кісідей білек сыбанып, атсалысуымыз керек. «Отан отбасынан басталады». Қарға тамырлы халқымыз қашанда отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Ер-азамат – отбасының тірегі, қорғаушысы, басты тұлғасы, әйел-ана – шаңырақтың шырайы, берекесі, ал балалар, өскелең ұрпақ – өміріміздің жалғасы, тіршілігіміздің тірегі. Сол тұрғыда ардақты асыл аналарымыздың жүздері жарқын болуы, балаларымыздың алаңсыз өмір сүруі баршамызға ортақ сын, жауапкершілік екенін дәйім жадымызда ұстасақ екен.