Ханафи мәзһабы классикалық әдебиеттерінің дамуына еңбек сіңірген және мәзһабтың негізгі төрт мәтінінің бірін жазған ғұлама – Әбу л-Баракат Хафизуддин Абдуллаһ б. Ахмад б. Мухаммад б. Ән-Насафи (ө. 710/1310) Бұқараға жақын орналасқан Нәсафи қаласында дүниеге келген.
Классикалық әдебиеттерде Нахшеб деп аталатын бұл қала кейінгі кезеңдерде Каршы деп де аталған. Әдебиеттерде ұстаздары туралы айтылған кейбір мәліметтерге сүйенер болсақ, ол мұсылман жыл санауы бойынша 620), милади жыл санауы бойынша 1223 жылы дүниеге келгені туралы айтылған.
Ханафи фиқһының әл-Мәбсут, Усулу л-Пәздәуи, Әл-Хидая, Фатауа Кадихан және Әл-Мухиту л-Бурхан секілді классикалық әдебиеттері жазылған үш жүз жылдың шамасында (XI-XIV ғасырларда) мәзһабтың маңызды орталықтары болған Бұхарада өмір сүрген. Бұхара моңғол шапқыншылығының кесірінен бірнеше рет талан-таражға түскеніне қарамастан, сол кезеңде ислам дінін ұстанушы мұсылмандардың санының артуы және ислам білімінің орталығы ретінде маңыздылығын сақтап тұрған болатын.
Ұстазы Шәмсулейммә әл-Кардарди негізгі ислам ғылымдарының барлық дерлік саласында білімді болған. Алайда, ғылыми пікірлері мен ұстанымдарын қағаз бетіне түсіруден гөрі, шәкірт тәрбиелеуді жөн көрген ғұламалардың бірі. Сондай-ақ, тәрбиелеген шәкірттерінің де дәрістеріне қатысып толық аяқтаған Нәсафи ұстазы Хамидиддин әд-Дарир бақилық болғанға дейін жанында жүріп білім алған. Кердеридің Һаһарзаде деген лақап атымен танымал жиені Бедреддин Мухаммед б. әл-Кердери де Насафидің ұстаздарының бірі болған.
Кейбір тарихшылардың пікірінше, 671/1273 жылы моңғолдар шабуыл жасап, халқын қырып-жойған Бұхара қаласы жеті жыл бойы қаңырап бос қалады. Осы кезеңде Насафи, тұрақтылық пен бейбітшілік бесігі болған Кирман қаласына барып, сол жерде ұзақ уақыт «Қутбие-Сұлтания» медресесінде сабақ берген. Насафидің бұл медреседе қанша уақыт болғандығы және Орта Азияға қайтып келген-келмегені белгісіз. Алайда, Махмуд б. Сүлейман әл-Кәфәуидің жазған бір еңбегінде оның 689/1290 жылы да Кирмандағы медреседе сабақ беріп жүргені жазылған.
Дереккөздерде Насафидің өмірі туралы ешқандай мәлімет жоқ, тек 710/1310 жылы Бағдадқа келгені, сол жылы Бағдадтан өзінің туған жеріне қайтып бара жатып Изул қаласына (қазіргі Малулемир) келгенде бақилық болғаны және осы қалада жерленгені туралы айтылады. Курәши оның бақилық болған уақытын 701/1301 жыл деп көрсетсе, Кати Шалаби 711/1311 жыл деген. Алайда, дереккөздердің басым көпшілігінде 710/1310 жылы қайтыс болғаны жазылған.
Ол медреседе ұзақ жыл сабақ берсе де, Нәсәфиден білім алған шәкірттердің үшеуі ғана белгілі. Олар: Хусамиддин әс-Сығынақи жас кезінде Нәсәфиден ижазет алған. Мәжмағу л-Бахрайн еңбегінің авторы Музаффәруддин Ибну с-Саати 683/1284 жылы Кирман қаласында Нәсәфиден Кензу д-Дақаиқ еңбегін оқыған. Үшінші шәкірті болған Саду л-Милла уә-Дин Махмуд б. Ахмад деп көрсетілген.
Нәсәфи негізгі ислам ғылымдарының барлық саласында еңбектер жазған. Олардың кейбіреулері Ханафи мәзһабы оқытылатын діни орталарында өте танымал болды. Оның жетістігінің негізі – кемелдену кезеңінде өмір сүрген ислам ғылымдарының әртүрлі салаларының әсіресе медреселерде оқитын шәкірттер үшін жүйелі түрде жинақталуы болып саналады.
Шын мәнінде, оның «Аль-Манар» туындысы – ханафилік классикалық әдебиет саласындағы ең шоқтығы биік еңбек болған және осы еңбекке қатысты 100-ге жуық зерттеу жүргізілген.
Тағы бір танымал еңбегі – «Кензу д-Деқайқ». Ол Ханафи фиқһ ілімін қорытындылаған және мәзһаб жүйесін толықтай қамтыған негізгі еңбектердің бірі. Сонымен қатар, сенімге қатысты жазған «Әл-Умда» және «Мәдарику т-Танзил» еңбектері классикалық ислам білімінің қысқаша мазмұны ретінде қабылданды.
Алайда, Нәсәфидің тек бір-екі еңбегін ғана атап өту немесе классикалық ислам білімдерін жүйелеген ғалым ретінде ғана көру қате болар еді. Сонымен қатар, Нәсафи, Фуру фиқһ саласында және «Тәмиз» дәрежесіндегі фақиһ болған.
Шын мәнінде, Ханафи мәзһабының құқықтық ілімдеріне қатысты аннотациялық зерттеулер кейінгі ғұламалардың жиі қолданатын дереккөздердің бірі болып саналады. Нәсәфидің тағы бір ерекшелігі – оның сопылық ілімі болғаны. Курәши ол туралы «Заһиттерден бірі болатын» деген. Жазған еңбектерінің жартысына жуығында сопылық біліміне қатысты пікірлер білдірген және ұстазы Кәрдәрди сопы Фариадинің шәкірті болған.
Бұған қоса алғанда, Нәсәфидің өмір сүрген кезеңінде Орта Азияда, оның ішінде Бұхарада сопылық ілімнің кең тарағаны белгілі. Хадис ғылымына қатысты жазған еңбектері болмаса да, кейбір дереккөздерінде оның «Мухаддис» болғаны туралы айтылады.
Еңбектері
А) Фуру Фиқһқа қатысты жазған еңбектері:
1) Әл-Мусташфа. Әбу л-Қасым Мухаммад б. Жүсіп әс-Самарқандидің «Әл-Фиқһу н-Нафи» еңбегінің түсіндірмесі. Бұл еңбегіне ұстазы Кердерди және Дарирдің дәрістерінде алған қолжазбалары негізінде жазғанын айтқан. Бұл әдебиеттің түпнұсқасы сақталмаған.
2) Әл-Мушаффа. Нәждад ән-Насафидің «әл-Манзумату н-Насафи» деп аталатын ихтилафтарға қатысты жазылған танымал еңбегінің түсіндірмесі. Автор Әл-Мусташфа еңбегін бітіргеннен кейін қолға алып, 670 жылы 20-шағбан / 1272 жылы 22 наурызда екінші еңбегін тәмамдаған. Бұл әдебиеттің көп түпнұсқасы сақталған. Көптеген кітапханалардан табуға болады.
3) Әл-Уафи. Ханафи мәзһабының фуру тұжырымдамасының қорытындысы ретінде жазылған және бұл әдебиетте Шафиғи және Малики мәзһабтарының да пікірлері салыстырмалы түрде берілген. Түпнұсқасы сақталған. Бүгінгі таңда Ыстамбұлдың Сүлеймания кітапханасынан табуға болады.
4) Кензу д-Дақаиқ. Әбу Ханифа мәзһабының негізгі мәтіндерінің бірі және Әл-Уафидің қорытындысы. Бұл әдебиет мәзһабтың толық жүйесін қамтыған және күні бүгінге дейін мәзһаб жүйесін қоғам арасында түсіндіруде өз құндылығын жоғалтқан емес. Сонымен қатар, бұл еңбек – төрт негізгі мәтіннің бірі. Көптеген медреселер мен жоғарғы оқу орындарында фиқһ пәнінің негізгі әдебиеттер қатарында оқытылады.
5) Әл-Кәфи фи шәрһи л-Уафи. Әл-Хидая еңбегінің кем-кетігін толықтыру үшін әл-Жамиу л-Кабир, әз-Зиадат, Низаму л-Хилафият, Әл-Мәбсут сынды пәтуа еңбектерінен пайдалана отырып жинақталған кітап. Бұл еңбегін 684 жылы 12 рамазанда/ 1285 жылы 11 қарашада жазып бітірген. Бұл еңбек жазылғанда көптеген ғұламалардың оқылғаны байқалады. Өйткені, көптеген нұсқалары жазылып сақталған.
Б) Усул-и Фиқһқа қатысты жазған еңбектері.
1) Мәнару л-Әнуар. Несефи Ханафи фиқһ әдісі тарихындағы ең көп зерттелген бұл еңбегін Пәздәуи мен Серахси шығармаларынан жинақтаған және кітаптың ішкі тәртібінде Пәздәуи стилін ұстанғанын айтады.
2) Мунаууир фи Шархи л-Мәнар. Дереккөздерде автор бұл еңбегінде Мәнар кітабына қысқаша түсінік берген. Бүгінгі таңда бұл кітаптың бір ғана нұсқасы сақталған.
3) Кәшфу л-Әсрар фи Шархи Мәнари л-Әнуар. Әл-Мәнардың кең көлемде түсіндірген еңбегі. 1316 жылы Булақ және 1396 жылында Бәйрут қаласында бірнеше рет басылып, таратылған.
4) Шәрху л-Мунтехаб фи Усули л-Мәзһаб. Ахсакесидің фиқһ усулу еңбегіне қатысты мухтасар еңбегіне берілген түсінік негізінде жазылған. Салим Угут тарапынан Мекке Уммулкурра жоғарғы оқу орнында докторлық диссертациясында қорғап шыққан және кітап бірнеше рет басылған.
В) Басқа да еңбектері:
1) Әл-Умдә. Әһл Сүннет сенімінің қорытындысы ретінде егжей-тегжейлі жазылған. Күні бүгінге дейін танымал мәзһаб мектептерінде сенімге кіріспе ретінде осы кітапты оқытқан.
2) Әл-Итимад фи л-Итикад. 1299 жылы 1 наурызда жазып бітірген бұл туындының көптеген нұсқалары бар.
3) Мәдарику т-Танзил уә Хакаику т-Тәуил.
Бұдан басқа да кітапша түрінде жазылған мынадай бірнеше еңбегі бар.
4) Әл-Ләали л-Фахриа фи Улумуи л-Ахира.
5) Фәзаилу л-Амал.
6) Фаайда Мухимма Ли-дефи Кулли Назилә Мулиммә.
7) Миару л-Назар Ала мәзһаби Әби Ханифа фи Фдаби л-Бахс уә л-Усул сынды еңбектердің авторы.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқық ғылымдарының докторанты
Пайдаланған әдебиеттер
1. Әбу л-Баракат Хафизуддин Абдуллаһ б. Ахмад б. Мухаммад б. Ән-Насафи (ө. 710/1310) Мусташфа, Сүлаймания кітапханасы № 1841, 1842.