– Көп жылдан бері қасиетті қажылық сапарын ұйымдастыру ісіне белсене араласып келесіз. Айтыңызшы, соңғы жылдардағы қажылық сапарды ұйымдастру жұмысында ауыз толтырып айтарлық өзгерістер бар ма?
– Қажылық рәсімін өтеу оңай нәрсе емес. Баяғыда, Құнанбай қажылар барған заманда қажылық рәсімдерін өтеу жеңіл, оңай болатын. Неге? Өйткені, ол заманда қажылыққа бүгінгідей миллиондаған адам бармайтын. Бірақ ол кездің машақаты жол болатын. Бес-алты ай жол жүріп барады, бес-алты ай жол жүріп қайтады. Жолдың өзіндік қауіп-қатері тағы бар. Қазіргі кезде керісінше, бару-оңай, орындау-қиын. Неге қиын? Өйткені, қазір қажылыққа 7-8 миллион адам келеді. Әл-Харам мешітін кеңейту жұмыстарына байланысты былтырдан бері жылына 2 миллион адам ғана қабылдап жатыр. Бұл да аз адам емес. 2 миллион адамның, әсіресе, Кәғбаны тауап етуі оңайға соқпайды.
Ал, қажылықты ұйымдастыру жұмыстары, Құдайға шүкір, жылдан-жылға жақсарып келе жатыр. Өз басым 1996 жылдан бастап, яғни, Әл-Әзһар университетінде оқып жүргеннен бері қажылыққа барып, өзбекстандық қажыларға жол көрсетіп жүргеннен бері бұл сапар маған таныс. Сол кезде топ-тобымен жетекшілерінің бастауында әр елден келетін қажыларды көріп, неге біздің қазақстандық қажылардың сапарын осылай бір жүйемен ұйымдастырмасқа деп армандайтын едім. Сонымен, 1998 жылдан бастап қажылық сапарын ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалыстым. Ол кезде небәрі 200-300 адамнан аспайтын еді. Қазір, Құдайға шүкір, 20 компания арқылы 5000 отандасымыз қажылық рәсімін өтеп келіп отыр. Бұның өзі бір жетістік емес пе?
2007 жылдан бастап «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясын аштық. Қажылық сапарын ұйымдастыру жылдан-жылға жеңілдеп келе жатыр деуге болады. Ол жақтағы жүріс-тұрыс мәселелері де жыл
өткен сайын оңтайланып келеді. Мәселен; 1998-1999 жылдары Сауд Арабиясының Қажылық министрлігінің бұйрығы бойынша, қонақ үйлерде төсек (крават) қойдырмайтындықтан қажыларымыз жерде жатуға мәжбүр болатын. Соңғы жылдары бұл жағдай өзгерді. Бұрын қазақстандық қажылар 5-6 шақырым жердегі қонақ үйлерге жайғасатын болса, жыл өткен сайын қажыларымыз жайғасатын қонақ үй Әл-Харам мешітіне жақындап келе жатыр. Кейбір қажыларымыз бірнеше есе қымбат бағаға Әл-Харам мешітінің дәл іргесіндегі қонақ үйлерге жайғасуда. Ұйымдастыру жұмыстары мен қажыларымыздың ол жаққа барғандағы жағдайылары жылдан-жылға жақсарып келеді.
– Ұйымдастыру жұмысында компаниялар арасында айырмашылық бар ма?
– Әр компанияның қойған бағалары әртүрлі. 3000-35000 АҚШ доллары аралығында. Ең арзан бағадағы (3000 долларлық) компаниялар бірнеше компания бар. Ол баға қонақ үй қажетсінбейтін, тек заттарын қойып, қалған уақытын қасиетті Әл-Харам мешітінде өткізгісі келетін кісілерге арналған. Соған байланысты олардың бағасы ең төмен. Қазіргі қажылық компаниялардағы баға қонақ үйдің алыс жақындығына, әуе рейсіне байланысты. Ислам шариғаты бойынша, қажылыққа тек бай, ауқатты адамдар баратын болғандықтан біздің компаниямыз орташа бағаны ұстанып келеді. Қонақ үй де алыс емес. Қажыларымыз автобусқа мініп немесе такси ұстамастан, жаяу барып келетін жерге орналасқан. Неше миллион адамның ішінде қай компания қандай екенін аралап, көзден кешіріп шығу мүмкін емес, әрине. Өз компаниям төңірегінде ғана сөз қозғап отырғаным сол үшін. Ал, «Биыл мына компания уәдені үйіп-төгіп беріп еді», «Қонақ үйіміз мынадай деп еді ондай болмай шықты», т.б сөздерді қажылардан естіп жатамыз.
– Биыл мүфтият деңгейінде де қажылық жұмыстарына арнаулы көңіл бөлінгені белгілі. Бұл туралы да айта кетсеңіз…
– Меніңше, қажылық сапарын ұйымдастыру жұмысын ҚМДБ-нан бөле-жара қарауға болмайды. 2007 жылы алғаш рет қажылық барысын қадағалау мақсатында арнаулы Қажылық миссиясы жұмыс істей бастады. Биылғы Қажылық миссиясы өзге жылдардан басқарақ болды деп айтуға болады. Ғылымбек Мәжиев басқарған Миссия құрамында белгілі дінтанушы азаматтар, имамдар мен дәрігерлер болды. Арнаулы қаражатқа отандық дәрі-дәрмектер алып күндіз-түні зыр жүгіріп қызмет етті. Ауырып қалған жағдайда қонақ үйлер мен емханаларға жеткізетін, қажыларды аралап жағдай ұғысып, уағыз-насихат жасап, бағыт-бағдар беруге арналған арнаулы көліктері де болды. Миссия мүшелері қажыларымыздың ақаусыз, сауатты қажылық жасауы үшін барын салды деп айтуға болады. Қажылық компаниялары айтып жүретін біраз олқылықтардың орны биыл толғандай болды.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен жіберілген Қажылық миссиясының жұмысын айырықша болды деуге толық негіз бар.
– Қажылықты ұйымдастыру жұмыстарында әлі де жетіспейтін істер бар ма?
– Бұл – айта-айта жауыр болған тақырып. Мұнда қажыларымыздың барып-келуі мәселесінде тікелей әуе рейсінің жоқтығы біздің арқамызға аяздай батады. Қажылардың жол қаражатын Түрік әуе компаниясы, Эйр Арабия, Иттихат, т.б шетелдік компаниялар арқылы төлеуге мәжбүрміз. Олар қажылық кезінде бағасын екі есе қымбаттатып жібереді. Амал жоқ, төлейміз. Біз оларға аз ақша төлеп жатқан жоқпыз. Мәселен; Биыл қажылыққа барған 5000 адамның жолақысын есептей беріңіз. Қаншама қаржы сыртқа кетіп жатыр. Отандық компаниялар қызмет көрсететін тікелей әуе рейсі болмағасын, бізде басқа жол жоқ. Неге сол қаржыны өзіміздің ішкі айналымға салмасқа?
Бұл өз кезегінде қажылықтың бағасына да әсер еткенімен қоймайды. Баға көтерілді деген сөз қажылықтың қолжетімділігі төмендейді деген сөз. Сонымен қатар, жолды ұзартып, қажылар үшін жол азабын көбейтіп жібереді. Мәселен; Түрік компанияларымен ұшсаңыз міндетті түрде Стамбул арқылы баруға тура келеді. Ал, қайтқанда да жүктерін Стамбулға дейін бір саласыз, сосын Стамбулдан Алматыға бір саласыз. Рейс алмастыру үшін қажылар Стамбул әуежайында әлденеше сағат, тіпті, бірнеше күнге дейін күтіп қалуы мүмкін. Бұл жағы тағы бар.
Жидда әуежайына қонған кезде Өзбектсан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді көршілес елдердің ұшақтары тұрады. Осылардың қасында өз еліміздің ұшақтары тұрса қандай мақтаныш. Қажыларымызға жеңіл болу үшін тікелей рейс арқылы отандық әуекомпаниялары алып барса екен дейміз.
– Бұл туралы мәселе көтеріп, құзырлы органдарға бардыңыздар ма?
– Жылда айтылады-айтылады… Қазір айтпайтын да болдық. Сонда да үкімет осы жағынан бір шешімін табады деп үміттенеміз.
– Елімізден қажылыққа барушылардың көбісі жастар ма, әлдер қарт кісілер ме?
– 2000 жылға дейін қажыға барушылар дерлік 60-80 жас аралығындағы үлкен кісілер еді. Ал, 2001 жылдан бастап жастар қосыла бастады. 2010 жылдан бері елімізден қажылыққа барушылардың дені жастар деп айтауға болады.
Тағы бір қызық мәлімет. 1998-2000 жылдары қажылыққа баушылар «үйімді саттым», «малымды саттым» деп жататын. Ал, бүгінде ондай жағдайлар өте аз. Бұл халқымыздың әл-ауқатының жақсарғанын білдіреді ғой. Бұған біз де қуанамыз.
– Қазақстаннан компаниялар арқылы баратын жолбастаушы мамандар мен қажылық өтеуші азаматтардың дайындығына көңіліңіз тола ма?
– Компаниялар ішінде ұйымдастырып жіберсек болды дейтін көзқарастар да жоқ емес. Бұдан арылу керек. Ондай компаниялардың ұйымдастыру жұмысына бізді былай қойғанда, сол компания арқылы қасиетті сапарға барған кісілердің де көңілі толмай жатады. Сондықтан, бұл мәселеде ұймдастырушылардың тақуалығына, жауапкершілігіне, іскерлігіне байланысты. Өйткені, қажылық сапарын ұйымдастыру – табыс көзі емес, тұнып тұрған жауапкершілік. Тақуа, діндар адамдар басшылық жасап, қажылыққа ниетті азаматтарды алдын-ала жүйелі дайындық курстарынан өткізіп, жолбастаушы мамандарды саралап таңдап алса, айтар сөз жоқ. Ал, ондай болмаса, көңіл толмайтын жайттар жүз беріп жатады.
– Сіздің мекеменің аты-«Нұр Қазақстан» қажылық компаниясы. Сонда сіздер тек қажылық сапарын ғана ұйымдастырумен айналысудағы мақсатыңыз не?
– Иә, біз тек қажылық сапарын ұйымдастырумен ғана айналысатын болғандықтан компания атауын «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясы деп алуды көздеп, солай тіркеткен болатынбіз. Туристік компаниялар да бар. Бір мезгіл қажылық науқаны кезінде ғана қарбытып жұмыс жасап, қажылық сапарын ұйымдастырады да жыл бойы үнсіз қалады. Бірақ, біздің басты мақсатымыз – арнайы қажылықпен айналысатын компания құрып, қажылық сапарын сапалық деңгейге көтеру. Азаматтар үшін тәжірибесі мол, сапалы қызмет жасайтын, маманданған қажылық компаниясын қалыптастыру. Аллаға шүкір, сол мақсатымыз орындалды.
– Құпия болмаса, айтыңызшы… Қанша рет қажылық сапарын ұйымдастырдыңыз?
– Құдайға шүкір, осы жолы 73-реткі қажылық сапарынан оралып отырмын. Бұның ішінде 20-ға жуығы ғана үлкен қажылық, қалғандары умра қажылығы. 1996 жылдан бергі қажылық сапарында бірінші-екінші реткі қажылық қана өзім үшін арналса, қалған сапарларым қажылық үшін Мекке, Мединаға барушыларға жол бастау мақсатында бардым. Осыған дейін 11000-ға жуық қажының қажылық сапарына жетекшілік жасадым. Қажыларымыз үшін қызмет еткеніме Аллаға шүкіршілік етемін. Сол үшін шығар, Алла Тағала 2 рет қасиетті Кәғбаға кіріп, намаз оқып, дұға тілеу мүмкіндін нәсіп етті.
Біздің компания қажылық өтегеннен кейін умра қажылықтың сапарын ұйымдастырамыз. Умра қажылық үлкен қажылық біткеннен кейін Рамазан айына дейін жалғасады. Сонымен қоса, компаниямыз 2007-жылдан бастап, Исламдағы үшінші қасиетті орын – Әл-Ақса мешітіне апаруды да жолға қойғанбыз. Бұл жосын Құнанбай аталарымыз да Мекке-Мединеде үлкен қажылық өтегеннен кейін Палестинаның Құддыс қаласындағы Әл-Ақса мешітіне де зиярат жасаған екен. Біз де жыл бойы ай сайын умра қажылығы барысында, қажылық рүкіндері өтеліп болғаннан кейін, қасиетті Әл-Ақса мешітіне зиярат ету сапарын қосып отырмыз.
– Сіздер осы қиыншылықты қалай еңсеріп отырсыздар?
– Біз қажыларымызды күні бұрын дайындық курсынан өткіземіз. Қажылықтың әрбір рүкіндерін түсіндіреміз. Сағи, тауап, Минада түнеу, Арапа күні жасалатын құлшылықтардың қыр-сырын үйретіп, айтатын дұғаларды барынша жаттатуға тырысамыз. Арнайы «Қажылық» деген кітап басып шығарғамыз. Бұл кітап намаз оқып үйрену қағидаларын қамтыған қажылық қолданбасы деуге болады. Қажылықтың барысы, әр тауапта, әрбір орында айтылатын дұғалар, көңіл бөлуге тиісті істер толығымен жазылған. Қажыларымыздың кез келген жерде қажылыққа қатысты мәліметтер алып, ұмытқан жерлерін есіне түсіруіне өте қолайлы. Сонымен қатар, қажылық кезінде намаз бастаушылар үшін таптырмас оқу құралы. Аталмыш еңбек қажыларымыз сауатты құлшылық жасауына көп септігін тигізуде.
Қала берді, барғаннан кейін қажыларымызды «Міне келдік. Мынау қонақ үй, мынау Кәғба» деп өз еркіне жібере салмай, топтық алып жүреміз. Бұл бір жағы қажыларымыздың адасып кетпеуі үшін болса, енді бір жағынан қажылық рүкіндерін бұлжытпай орындау үшін. Ал, Шайтанға тас ату барысында қарт адамдар үшін шариғат жеңілдігін пайдаланамыз. Қарттар үшін қалың адам ішінде сығылысып, арлы-берлі 8 шақырым жол жүру оңай емес. Сол үшін ол кісілердің орнына жастар тас лақтырады. Күнделікті кешкісін уағыз-насихат жасалып отырады. Бұл қажылар үшін өте қажет. Ертесі орындалатын амалдар, кешірімді болу, көркем мізеде болу, ықылас, т.б маңызды мәселелерді үнемі айтып отырса қажыларымыз рухтанып, барынша сауатты құлшылық жасауға мүмкіндік алады.
– Қажылық сапарын сан мәрте ұйымдастырған білікті маман ретінде қажылыққа баруға ниет етуші азаматтарға айтарыңыз бар ма? Сұхбатымыздың соңында осы мәселе төңірегінде тоқтала кетсеңіз.
– Қажылық сапар – қасиетті сапар. Ол жерге Алла шақырған адамдар ғана барады. Қажылығы қабыл болған адам анасынан жаңа туғандай тазарады. Ендеше, мұндай мүмкіндікке кетіп бара жатқан адамның мығым дайындығы болуы керек. Барынша, сабырлы, байыпты болуға, көбірек құлшылық жасауға, еліміз, халқымыз үшін тамаша дұға-тілектер тілеуге ұмтылғаны жөн.
Әр нәрсенің өзіндік машақаты болады. Сол сияқты қажылық ғибадатында сынақ пен машақаттың болмауы мүмкін емес. Мәселен, барған кісілердің ең үлкен қиыншылығының бірі Шайтанға тас ату, миллиондаған адаммен бірге Кәғбаны тауап ету барысында болады.
Кейбір азаматтар қартайған ата-аналарын қасиетті сапарға көмекшісіз жібере салады. Ол кісілер болса, Меккеге барғаннан кейін қажылық өтеу барысында қиналып қалады. Топпен алып жүруге, бір-біріне қарайласа жүруге шақырып, жастарға тапсырғанмен, миллиондаған адамдардың ішінде денсаулығы нашар, жасы ұлғайған адамдарды алып жүру кім-кімге де оңай соқпайды. Олар өздері де қажылық өтеуге барған адамдар, өмірінде бір-ақ рет келген мүмкіндігін жіберіп алғысы келмейді ғой. Сол үшін, жасы кеп қалған, қарт кісілерді қажылыққа жібергенде лаж бар қасына бір жанашыр азаматты қосып берген абзал болар еді. Ата-анасын қажылыққа жіберуді ниет еткен бауырларым ескерсе екен деп айтып отырмын
– Салихалы сұхбатыңыз үшін, рахмет! Алла жұмыстарыңызға сәттілік берсін!
Сұхбаттасқан: Оразбек САПАРХАН