Алла Тағала адам баласына төрт періште бекітіп қойған. Олардың екеуі адамның оң және сол жақтарында отырса, қалған екеуі оның алдында және артында қорып жүреді. Амал дәптерін жазатын періштелер Алланың әміріне сәйкес үнемі адаммен бірге жүріп, оның істеген әрбір амалын, айтқан сөздерін жазып отырады. Алла Тағала былай деген:
«Негізінен сендерді әлбетте бақылаушылар бар. Ардақты жазушылар. Олар не істегендеріңді біледі» (Инфитар: 10-12).
Оң иықтағы періште адамның барлық жақсы амалдарын жазуға, ал сол иықтағы періште жаман амалдарды жазып отыруға міндеттелген. Алла Тағала – Білуші, сондықтан да бұл періштелер біздің амалдарымызды Аллаға көрсету үшін емес, ақыретте өзімізге айғақ ретінде көрсету үшін жазады.
Ал енді жазушы періштелердің үнемі адамның қасында болып, болмауы мәселесіне келсек, ғалымдар екі түрлі пікірді ұстанады. Біріншісі, періштелер адамның жанынан бір елі де ажырамайды деп санайды. Екіншісі, адам бой дәрет алған уақытта, жыныстық қатынасқа түскенде немесе әжетханаға кірген уақытта періштелердің оның қасынан ажырайтынын алға тартады. Негізінен осы екінші пікірді ұстанған ғалымдардың ойы дәлелдірек келеді. Ибн Хаджар әл-Хайтами өзінің «Әл-Фатауа әл-Хадисиия» атты кітабында адамның жанындағы жазушы періштелердің тек әжетханада, төсек қатынасында және бой дәрет алған уақытта ғана болмайтынын айтады. Сөйтіп дәлел ретінде пайғамбардан (с.ғ.с.) Абдулла Ибн Аббастың жеткізген хадисын келтіреді. Мұнда пайғамбар (с.ғ.с.) амал дәптерін жазатын періштелердің дәретханада, бой дәрет алғанда және төсек қатынасы уақытында болмайтынын айтады.
Енді қалай болған күнде де періштелер еш нрәсені қалдырмай жазып отырады. Адам әр уақытта өзінің Алланың бақылауында екенін естен шығармауы міндетті:
«Амал дәптері алдарына қойылады. Сонда күнәһарлардың одан қорыққанын көресің. Олар: “Апырым-ай! Бізге нендей өкініш! Мына кітапта кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті” дейді. Сондай-ақ олар істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге әділетсіздік қылмайды» (Кахф: 49).
Имам әс-Суюти айтқандай мұсылман үшін маңыздысы жазушы періштенің қасында болып-болмауы емес, бәлкім жасаған амалына мұқият қарауы. Ақыретте әрбір ісіміз үшін сұраламыз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы
Осы сұрақты кеше ғана бір досым сұрап еді. Соған оқытатын болдым. Рақмет сіздерге!