АҚШ-тың Northwestern университетінің ғалымдары, атап айтсақ, мидың электр сигналдарының синхронизациясын зерттеп жүрген нейрология маманы профессор, доктор Моран Церф (Moran Cerf) бастаған ғалымдар тобы бірге уақыт өткізген адамдардың ми толқындары уақыт өте келе бір-біріне ұқсай бастайтындығын анықтаған. «Бірге уақыт өткізген адамдардың милары да бір-біріне сай келеді», – деген профессор Моран Церф екі апта ғана бірдей фильм көрген, бірдей кітап оқыған, ортақ тәжірибелерімен бөліскен және бір-бірімен ғана әңгімелескен екі адамның сөздері, сезімдері, көзқарастары бірдей дамитынына көз жеткізген. Зерттеу жұмысының нәтижесінде профессор Моран Церф: «Өміріңде қабылданатын ең дұрыс шешім – кіммен уақыт өткізетініңді саналы түрде таңдау»,-деп қорытындылайды.
Хикметке толы дініміз бұл қорытындыны бізге осыдан 14 ғасыр бұрын жеткізіп қойған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Тәуба» сүресінде: «Ей, мүминдер! Алладан қорқыңдар, шыншылдармен бірге болыңдар!», – деп әмір етеді («Тәуба» сүресі, 119-аят). Аллаһ Тағала осы аят арқылы біздерге адам табиғатының ортасына қарай өзгеретіндігін ескертеді. Шейх Сағди адамның халі ортасына қарай қалыптасатынын былай деп түсіндіреді: «Кәһф үңгіріндегі сахабалардың иті Қытмир шыншыл-садықтармен бірге болғаны үшін үлкен абыройға бөленіп, есімі Құранда аталды. Ал, Нұх пайғамбардың екінші әйелі мен Хазіреті Лұт пайғамбардың әйелі пасықтармен бір болғаны үшін Жәһәннамға кетті».
Исламның ұлы ғалымы Имам Ғазали де: «Мұсылман емес, пасық, ғапылдармен бірге болу сананың ұқсауына, ал, сананың ұқсауы уақыт өте келе көңілдерінің бір болуына әкеп соғады. Бұл болса, адамды бара-бара құрдымға апарады», – деген. Сол себепті Жаратушы Иеміз өзінің Қасиетті кітабы Құранда: «…Надандардан аулақ бол!» – деп қатты ескертеді («Ағраф» сүресі, 199-аят).
Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.а.у): «Адам досының дінінде болады. Сондықтан да, кіммен дос болатынына мән берсін!» – дейді (Тирмизи, «Зүһд», 45). Тағы бір хадисінде: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы – әтір сатушы мен көрік басушы секілді. Әтір сатушы саған әтірін сыйға береді немесе одан әтір сатып аласың немесе жақсы иісте боласың. Ал, көрік басушының қасында не киіміңді күйдіресің, не сасық иісте боласың»-делінген. Бұл хадис образды түрде айтылғанымен бұл жердегі мәселе жақсы мен жаманның адам санасына әсері сөз болып отыр.
Ендеше ортамызға мұқият болғанымыз жөн. Себебі, адамға негізінен орта қатты әсер етеді. Осыны ескерген қазақ «Ат пен есек бір ахырда тұрса, мінездес болады», «Алма алмадан реңк алады», «Ұлың өссе, ұлы жақсысымен ауылдас бол, қызың өссе, қызы жақсысымен ауылдас бол» деп бекерге айтпаса керек.
Салтан САЙРАНҰЛЫ