– Бүгінде батыста «исламизм» дегенде әр жағынан «терроризм» деген ұғым қылтия қалатын жаман түсінік қалыптасып қалғаны жасырын емес. Саясаттанушы ретінде мұны қалай түсіндіресіз?
– «Исламизмді» терроризммен теңестіру – үлкен қателік. «Исламизм» дегеніміз «Саяси Ислам», яғни Ислам дінін кейбір саяси мақсаттарға жету үшін құрал ретінде қолданып, аясын өте тарылту. Бұл, әлбетте, исламдық діни сананы дұрыс түсінбеудің нәтижесі.
Өкінішке қарай, колониализм мен пост-колониальды синдромға қарсы реакция негізінде пайда болған кейбір «саяси‑модернистік» бағыттағы ағымдар Ислам дінін әлеуметтік әділетсіздік пен жеке басқа табынушылыққа қарсы күресте қалқан етіп, ұлт‑азаттық күрес пен қарсылық доктринасы ретіндегі пайдалану «құралына айналдырды». Мұның өзі Исламды Құран мен сүннет рухына сай түсінуге мүлде жат тәсіл болып табылады. Яғни, әһли‑сүннет үшін (ирандық шиизм қағидаттары мен «харижиттер» сияқты маргинальды секталардың идеологияларын есепке алмағанда) саясат пен басқару жүйесінен гөрі имани парасат‑пайымға ие үлгілі тұлға тәрбиелеу, сол арқылы шынайы әрі таза қоғам қалыптастыру – басты әрі аса маңызды міндет болып табылады. Сондықтан, ислам тарихының өне бойында әһли сүннеттің барлық ұлы ғалымдары хадистерде айтылған «өздерің қандай болсаңдар, басшыларың да сондай», «егер сендер тура және тақуа болсаңдар, Алла Тағала да басшыларыңды дұрыс жаққа қарай бұрып, сіздерге жайлы етеді» сынды қағидаттарды басшылыққа ала отырып, саясатқа араласпақ түгілі, оны үлкен адасушылық деп санады. Ол былай тұрсын, заманымыздың ірі ислам ғұламаларының бірі (Бадиуззаман Нурси) «шариғатта қамтылған тақырыптар мен мәселелердің 99% пайызы (ең әуелі қасиетті Құран мен сүннетте) иман негіздеріне, ғибадатқа, ахлақ-моральға, пенденің адами әрі тұлғалық қасиеттеріне байланысты болса, тек бір пайызы ғана саясатқа қатысты. Алайда, бұның өзін сіздердің басшыларыңыз ойлағаны абзал» деп атап өтті.
Айта кету керек, қасиетті Құранда да, сүннетте де «исламдық мемлекет» делініп жүргендей белгілі бір мемлекеттік құрылым жайлы мүлде айтылмайды. Заманымыздың басқа ойшылы айтқандай, Құранда ара, түйе, өрмекші туралы айтылады да, «исламдық мемлекет» туралы еш нәрсе айтылмайды. Демек, исламды «зайырлы идеология іспеттес» саяси қарсылық көрсетудің түріне айналдырған ойшылсымақтар мен ағымдар исламды өз метолодогиясына сәйкес түсінбеудің құрбандары. Сондай-ақ олардың идеялары да ислам әлемінде жаппай қолдауға ие деп ой қорыту да басқа қателік болып табылады. Бұл кезекті «ориенталистік» тұжырым болып саналады. Алайда, қазіргі батыстық және олардың ізінде жүрген басқа да зерттеушілер әңгіме, әсіресе, Ислам дініне қатысты болған тұстарда саясаттан тыс не одан биік құндылықтарға айтарлықтай назар аудармай келеді. Олар, керісінше, қайтсе де Ислам мен саясат арасында бір байланыс табуға бар күштерін жұмсайды.
– Демек, ислам ниеті жамандардың нақақ құрбанына айналып келеді демексіз ғой. Шындап қарасақ, бүгінгі «ислам терроризмі» деп жала жауып жүргендердің тарихтағы кейбір әрекеттері сол терроризмнен де асып түсетін секілді ғой.
– Оныңыз рас. VIII-XVIII ғасыр аралығы мұсылмандық өркениеттің өркендеу кезеңі бола тұра, тарихты евроцентристік және ориенталистік тұрғыдан түсіндірудің құрбаны болып келеді. Алайда, объективті түрде зерделер болсақ, Ислам өркениетінің көптеген ғылымдардың негізін қалағанын, халықаралық гуманитарлық құқық, діни төзімділік, заң үстемдігі, әрбір жеке тұлғаның құқығын бұзбау сынды және адамзаттың қазіргі таңда мойындаған басқа да универсалды қағидат пен принциптерді бірінші болып жүйелі түрде өмірге енгізгенін аңғаруға болады. Бұның өзі терроризм (лаңкестік) мен экстремизмнің қай түрінің болмасын Ислами сананың туындысы бола алмайтындығын аңғартады. Исламдық дүниетаным мен құндылықтарды дұрыс түсіну, терроризмді былай қойғанда, нигилизм, цинизм, шовинизм сынды заманымыздың кез келген «измдерінің» қарқынына мызғымас қалқан бола алады.
Басқаны айтпағанның өзінде, соғыс кезінде кінәсіз адамдарды өлтіру мен қанаудың кез келген түріне тыйым салатын, «адамзат баласының әр алуандығын (көпқырлылығын)» ашық, бұлтартпай мойындайтын, «әрбір адамды қандай болса сол күйінде» қабылдауды Жаратқанның әмірі деп білетін, өкілдері сан ғасырлар бойында шынайы әр-алуан, ең плюралисті қоғамдардың негізін салушы болып табылатын, өз тарихында не колониализмді, не нәсілшілдікті, не апартеидті, не екі Американың түпкілікті халықтарын геноцидке ұшыратып байлықтары мен жерлерін басып алуды (ондаған миллион адамдар қайтыс болды), не Хиросима мен Нагасакиді (бір бомбалық соққының нәтижесінде мыңдаған бейбіт тұрғындар мерт болып, миллиондаған адамдар науқас және мүгедек болып қалды), не ГУЛАГ‑тарды, не жаппай репрессиялар мен ұжымдастыруды (ондаған миллион адамды, бүтіндей елдер мен әлеуметтік топтарды қырып салған), не ксенофобияны, не жаппай етек алған консюмеризм мен цинизмді білмейтін Ислам сынды дінді және соның негізінде құрылған өркениетті аяқ астынан күрт өзгеріп, терроризмге дем беріп, бейбітшілік пен тыныштыққа қауіп төндіреді деу, жұмсарта айтқанда, мүлде ақылға қонымсыз.
– Жалпы, терроризмнің сипаты не?
– «Терроризм» ұғымына қатысты көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда, оның «зорлық‑зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге болады. Бұған негізделсек, терроризм «үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан‑лоқы мен зорлық‑зомбылық» дегенге саяды.
Терроризмнің ең қарапайым анықтамасы, ол террорды («terror» латын тілінен алғанда үрей, құбыжық дегенді білдіреді) яғни, қорқыныш пен үрей туғызушылықты жүйелі түрде қолдануға негізделген саясат. Ертеде терроризм жекелеген адамдарға бағытталса, бүгінде терроризмнің нысанасына бүтін бір қоғам ілікті, бұл оның анти‑адамдық болмысын одан ары асқындыра түсуде.
Түйіндей айтқанда, терроризм – бұл, ең әуелі, саяси феномен, өзіндік бір «саяси театр», мұнда «зорлық‑зомбылық сахнасының» көрермендері бүтін бір қоғам болады да, ал оның ойыншылары көбіне терроршы-қуыршақтар. Бұлармен перде артындағы қуыршақ шығарушылар «ойнайды», манипуляция жасайды, әрине олардың шынайы не жанама орындаушылары әдетте көзге түсе бермейді.
– Исламды терроризммен қатар қоюдың астарында кейбір күштердің құрдымға кеткен Кеңестер Одағы орнына жаңа жаудың бейнесін жасау амалдары жатыр деп айтуға бола ма?
– Жүйелі түрде Исламды терроризммен қатар қою жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталды. Осы жылдары бірқатар Батыс елдерінің беделді саясаткерлері мен сарапшылары дұшпандары мен қарсыластары белгілі «қос‑полюсті әлемнің шарттылықтарын» жеңудің қиындықтары жайлы айта бастады. Қырғи-қабақ соғыстан кейінгі әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардағы тыныштық көптеген саясаткерлердің көңілінде үрей тудырды. Мәселен, АҚШ президенті болған тұста Д.Буш‑үлкені: «Біз қырғи-қабақ соғыста жеңіске жеттік, алайда біз өзіміздің «қарсыласымызды» жоғалттық, оның үстіне, біз сыртқы саясатымызды өрге сүйреп тұрған ұлттық ұйысу факторын да жоғалттық» дегенді айтып салды.
«Первая Церковь Христа» атты діни ұйымға тиесілі Christian Science Monitor атты газеттің жазуынша, «аль-Каида», «джихадизм» терминдерін басқа‑басқа емес ең алғашқы болып батыстық барлау орган қызметкерлері айналымға енгізгені көкірек көзі ашық адамға ой салуға тиіс.
Мынаны да ұмытпаған жөн, казіргі заманда адамдарды мәңгүрттендіру үшін қолдануға болатын көптеген психотроптық дәрі-дәрмектер бар. Оларды кейбір күштер оп-оңай қолдана алады. Яғни кез келген ақыл‑есі бүтін адамды қысқа мерзімде «өз қожайындарының» қандай да болмасын тапсырмасын орындауға дайын «зомбилар» мен «адам роботтарға» айналдыратын көптеген дәрі-дәрмектер, сондай‑ақ арнайы психологиялық әдістер де бар.
Халықаралық терроризм тақырыбына байланысты кейбір аналитиктердің арасында «Гладио» (Шығыс блогымен соғыс бола қалған жағдайда дұшпан шебінің артында партизандық және түрлі бүлікшілік әрекеттер, соның қатарында жоспарлы түрде лаңкестік те жасайтын, осы мақсаттарға сай жасақталған жартылай әскери құпия бөлімшелері), «үрей идеологиясы» мен «сана манипуляциясы» жайлы жазып жүргендерді кездестіруге болады. Сондай-ақ Түрияның көпсалалы террористік ұйымы «Эргенеконның» ісі жалпақ жұртқа жария болғалы сан жылдар бойында Түрия қоғамын толғандырған көптеген мәселенің беті ашылды, әсіресе, күрдтік радикал мен діни радикалдарға таңылып келген лаңкестік әрекеттердің ақ-қарасы айқындалды. Барлық лаңкестік әрекеттер, елдегі жағдайды ушықтыруға, түрлі топтарды бір-біріне айдап салуға және мұсылмандық қауымдарды дискредитациялауды мақсат тұтқан – «Эргенекон» іс-әрекетінің жемісі болғаны анықталды.
Кейбір күштер бірқатар елдерді бір-бірімен қақтығыстыруға, жалпы барлық адамзатты «өркениеттер қақтығысы» иіріміне итеруді көздеп тұрған жоқ па?
Негізінен, осындай қара күштер жоспарлы түрде ұйымдасқан түрде терракт жасайды (жасатады), елді дүрліктіреді, діншілдер де, ұлтшылдар да немесе солшылдар ойыншық болады.
– Исламның қайсыбір қайнар көзінде терроризмді ақтауға болатын дәлел табуға болады ма?
– Жоғарыда атап өткеніміздей, «зорлық-зомбылық», «үрей тудыру» – терроризмнің басты белгілері болып табылады. Терроризмнің Ислам дінінен тыс екендігі тайға таңба басқандай анық, тіпті ол Исламның қате түсіндірілген жемісі де бола алмайды. Дұрыс түсіндірмеушілік – «тәпсіршінің рұқсат етілген шеңбер аясында отырып, қате ұғындыруы» дегенді білдіреді. Алайда, терроризмде – діни қайнар көздерді ашық әрі мақсатты түрде бүлдіру, бұзып айту немесе діни мәтіндерді тәпсірлеу әдіснамасын толықтай елемей тәпсірлеудің бұрыс әдіснамасын қолдану етек алған.
Мәселен, «қасиетті Құраннан кейін жаңа бір уахи кітап келеді» деген тұжырымға ешкім де ислами қайнар көздердің қате ұғындырылуы деп айта алмайды, себебі, ондай тұжырым толықтай Исламнан тыс. Дәл осы секілді, жаппай өзін-өзі өлтірушілікті жасап, Мәһдиді кездестіреміз деген тұжырымды да ешкім Христиандықтың бұрыс түсініктемесі деп айта алмайды, себебі ол толықтай христиандықтан тыс тұжырым.
Осындай кейіпте тәпсір жасайтындарды (мейлі ол Ислам, не Христиан діні болсын), тәпсірлеудің рұқсат етілмеген түрін қолданып жүр деуге болады. Демек, белгілі бір мақсатқа жету жолындағы кінәсіз адамдарды өлтіру немесе қоғамды қорқытып-үркітуге (терроризмнің қосымша элементтері) Исламда жол берілген дегенге саятын тұжырымдар, толықтай Исламнан тыс. Тіпті Исламның бұрыс тәпсірі деуге де мүлде келмейді. Түрік ғалымы әрі ойшылы Ф.Гүленнің сан мәрте айтқанындай «мұсылман терроршы, ал терроршы мұсылман бола алмайды». Қысқа әрі нұсқа!
Иманды, шынайы діни санадағы адам, қандай қиын жағдайға тап болса да терроризмнің жолына түсіп кетпейді. Сол себепті, қайнар көздердің классикалық тәпсірлерінен сусындаған (әһли сүннет ұстанымындағы), шынайы ислами дүниетаным салтанат құрып тұрған кезде, терроризмнің жұрнағы да болған жоқ.
Егер де Ислам қайнар көздерін дұрыс тәпсірлесе (дұрыс әдіснамаға сай), Ислам дүниетанымының шынайылық пен сүйіспеншілікке, қайырымдылық пен адамдық құндылықтарға құрылғандығына анық көз жеткізуге болады.
Қысқасы, шынайы исламдық сана адамды терроршы болу былай тұрсын («Ислам» сөзінің өзі «бейбітшілік» мағынасына келетін арабтың «салам» сөзінің түбірінен келіп шығады), экстремист болуға да жол бермейді. Себебі, Ислам дінінде, ең әуелі, өмір мен адам еркіндігі – ең қасиетті ұғымға жатады. Өмір, жан, физикалық тән, тіпті қоршаған ортаның барлығы – бізге берілген аманат, ал олардың шынайы иесі Жаратушы болып табылады.
Ислам діні әрбір адамды әуелгі болмысы қандай болса сондай қалпында қабылдайды әрі сенім мен өмір сүру образы, адамның өзіндік көзқарасы сынды мәселелерде зорлық‑зомбылыққа жол бермейді. Себебі, Исламның сенім негіздеріне сай, зорлық‑зомбылыққа жол беру – адамға сана мен ерік күшін берген Жаратқанның әміріне қарсы шығумен бірдей.
Бұдан түйетініміз, Ислами насихат пен шынайы исламдық дүниетаным қашанда озбырлық пен қатыгездіктің, зорлық‑зомбылықтың аяғына тұсау болып табылады. Ал мұсылмандар тарапынан көрінетін зорлық‑зомбылық дегендерді Исламның басты негіздерінен алшақтық, ислами сананы білмеуден немесе бұрмалаудан туындаған қылмыстар деп ұғынған абзал.
– Олай болса, мұсылман әлеміне терроризм мен экстремизм мәселесін қалай шешуге болады? Яғни, бұл жаманаттан құтылудың жолы қайсы?
– Құрандағы алты мыңнан аса аяттың ішінен алты-жеті аятты бөліп алып, Ислам діні қайнар көздерін тәпсірлеудің классикалық дұрыс әдіснамасын керек етпей тастайтын терроризмнің модернистік иделогиясын Исламның бұрыс трактовкасы деп айтуға болмайды. Басқалай айтқанда, терроризм тіпті Исламның қате түсіндірілген түрі де бола алмайды (дұрыс түсіндірмеушілік – «тәпсіршінің рұқсат етілген шеңбер аясында отырып, қате ұғындыруы» дегенді білдіреді). Себебі, ол бүтіндей Исламнан тыс, оның қандай түрі жайлы әңгіме қозғалғанымен, ислам құндылықтары мен терроризмнің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Терроршылар – діни қайнар көздерді ашық әрі мақсатты түрде бүлдіру, бұзып айту немесе діни мәтіндерді тәпсірлеу әдіснамасын толықтай елемей тәпсірлеудің бұрыс әдіснамасын қолданады.
Басқалай айтқанда, белгілі бір мақсат-мүддеге жету жолындағы кінәсіз адамдарды өлтіру немесе қоғамды қорқытып-үркітуге (терроризмнің негізін құрайтын) Исламда жол берілген дегенге саятын тұжырымдар, толықтай Исламнан тыс, тіпті Исламның бұрыс тәпсірі деуге де мүлде келмейді. Сол секілді, «халифат үшін күрес», «ислами билік орнату жолындағы күрес» сынды Ислам дінінің (әсіресе әлемдегі 90 % мұсылманның ұстанатын Әхли Сунна) болмысына жат ұрандарды мақсаттарының туы етіп жүрген саяси экстремизмнің де Ислами дүниетаныммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Сөз соңында айта кетейік, терроризм мәселесін басыбайлы шешу, өздерін Ислам дініне жатқызатын адамдар Құран мен сүннеттің рухына сай (бұл өз кезегінде «барлығын қамти білу мен қайырымдылықпен», «көркем мінезбен», «әрбір жанды қандай болса сол күйінде танумен» және «толықтай әділдікпен» сипатталады) өмір сүргенде ғана жүзеге асады.
Ең алдымен, мұсылмандардың өздерінің Ислам дінінде биік адамдық қасиеттерді, заңды қадірлейтін мейірімді әрі тәртіпке бағынатын тұлғаның қалыптасуына басты назар аударатылатындығын терең түйсіне білулері аса қажет.
Ресей ғалымы, фикх маманы Л.Сюкияйненнің ізін ала, терроризмге қарсы ең қуатты күштің шынайы ислами құндылықтар мен дұрыс ұғындырылған шариғат өлшемдері екендігін айта кету керек. Басқалай айтқанда, азаматтардың діндарлығымен күрес те, исламофобиялық пиғыл да емес – адамзат тарихындағы ең ұлы гуманистік өркениетті негіз еткен әлемдік діндердің бірі болып табылатын, дұрыс түсіндірілген Ислам ғана экстремизм мен терроризммен күрестің дұрыс әдіснамасының кілті бола алады.
Сол себепті, мұсылмандар арасында орын алып отырған экстремизммен күрес репрессиялар және жалаң тыйым салулар жолымен емес, біріншіден, адамгершілік пен ізгі мінез қалыптастыратын Исламның шынайы бейнесін дұрыс діни білім беру арқылы айқындатып күресу керек. Осыған байланысты мынадай фактіні айта кету керек. Мұсылмандар арасындағы радикалдық ағымдардың пайда болуы себептерін сараптауға арналған зерттеулер, басты себептер ретінде көптеп айтылып жүрген саяси немесе әлеуметтік-экономикалық себептерді емес, дұрыс жолға қойылмаған діни ағартушылық пен діни білімнің жоқтығы екендігін айқындап берді. Аталмыш зерттеулер әрқилы қоғамдық орталарда жүргізілді, айталық Таяу Шығыста дәстүрлі өмір салтын ұстанатын елде, Батыстың дамыған капиталистік елінде және де атеистік отаршыл жүйеден шыққан елде. Үлгі ретіндегі елдер қатарында – Египет (дәстүрлі өмір салтын ұстанатын), Ұлыбритания (Батыстың дамыған елдері ішінен), Өзбекстан (атеистік жүйеден шыққан елдер ішінен) алып қарастырылды.
Осыған байланысты еске сала кететін бір жайт, мұсылман әлеміндегі шынайы ислами дүниетанымның әлсіреп, жоғалып бара жатқандығының бір себебі, «улемалардың» (мойындалған, танымал ислам ғұламалары), қоғамдағы салмағының әлсіреуі, тіпті кейбір елдерде олардың жойылып кетуі, айталық атеистік саясат ұстанған бұрынғы Шығыс блогі қоғамдарында және отаршылдыққа ұшырыған басқа да көптеген мұсылман қоғамдарда. Ал «улема» болса, ислам қайнар көздерінің дұрыс әдіснамасы мен ислами мұраның сақтаушысы /шырақшысы/ болып табылады.
Екіншіден, экстремизм мен радикализммен күресу: адамдардың бойына этикалық қасиеттер дарытып, идеологиялық және өмірлік-стилдік плюрализмді қабылдау бейімділігіне үйрететін зайырлы білім-беру жүйесі мен ағартушылық арқылы да жүзеге асу керек.
Үшіншіден, ата-аналар мен туған-туыстар жас ұрпақты, балаларын сүйіспеншіліктің бесігіне бөлеу үшін отбасы институтын күшейтудің маңыздылығы өте зор. Сол арқылы, ауылдарда, оқу орындарында, қала аулаларында жұқтыруға жеңіл «ұры-қарылық түсініктер» (зоновские понятия, воровские понятия) мен қатыгездік сынды ауруларға шипа табуға болады.
Сонымен бірге, қазіргі БАҚ та көптеп кездесетін Исламды бұрмалап түсіндіретін, ориенталистік және нео-ориенталистік қасаң қағидалар мен штамптардан арылу керек.
Соңғысы, әсіресе, жауапты органдар мен мекемелерге барынша сақ әрі объективті болу керек, себебі, егер терроризм мәселесімен бетпе-бет келген көптеген елдердің көп жылғы тәжірбиесін қаперге алатын болсақ, терроризм, әдетте, кейбір ішкі және сыртқы күштерге тәп-тәуір бетперде болып табылады. Ондайлар қоғамды тұрақты үрей тудыру арқылы өз мақсаттарына жетуді көздейді, ал мұндайда кейбір мұсылмандар (немесе, өздерін мұсылман ретінде таныстырып жүрген жандар) бостан босқа олардың қолшоқпарларына айналып жатқандарын өздері де бейхабар болады.
Дереккөз: Muslim.kz