Діни инклюзия
— Шындығында бізде «инклюзия» ұғымы әлі күнге дейін «мүмкіндігі шектеулі жандармен» ғана байланыстырылып, өте тар ауқымда қолданылады. Алайда «инклюзия» ұғымының ауқымы өте кең.
«Инклюзия» ұғымы — ғаламдық деңгейде қабылданған халықаралық адам құқықтары стандарттарының адам өміріне (жеке өмірін болсын, қоғамдық өмірін болсын) бағыт-бағдар беретін заманымыздың негізгі және іргелі ұғым-түсініктерінің біреуі.
“инклюзивті” діни түсініктер қиямет күні құтылудың жолы біреуден көп болады, яғни жалғыз емес деген түсінікті қабылдайды.
Алдымен саясаттанудағы талдауына келер болсақ, «инклюзия» ұғымы инклюзивті институттарға қатысты қолданылады. Яғни шыққан тегіне, наным-сеніміне қарамастан кәсіби жағынан лайықты адамдардың құқықтың, заңның қорғауында емін-еркін және келешегіне алаңдамай қызмет ете алатын ортасы дегенді білдіреді. Мемлекеттік институттардың «тиімді» немесе «тиімсіз» бағытта болуы елдің инклюзивтілігімен тікелей байланыста болмақ.
Діндегі инклюзия ұғымына келер болсақ, «инклюзивті» діни түсініктер мен талдаулар (интерпретация) басқа дін өкілдері немесе басқа діни доктриналар өкілдерінің де Алла Тағала тарапынан кешіріліп жұмаққа баратынын қабылдайды. Басқаша айтсақ, «инклюзивті» діни түсініктер қиямет күні құтылудың жолы біреуден көп болады, яғни, жалғыз емес деген түсінікті қабылдайды.
Инклюзивті діни талдаулар (интерпретация) кем дегенде (минимум) басқа наным-сенімдегілерді де Жаратушы кешіреді деген сенімде болады. Кейбір «инклюзивті» діни түсініктер — плюралистік діни түсініктер деп те аталады, ақиқатқа жетудің басқа да жолдары болатынына сенеді, яғни, өзі уағыздап жүрген жолдан басқа жолдардың да ақиқатқа жеткізе алатынын қабылдайды.
Айта кетерлік жайт, Батыстағы бір талай діни топ плюралистік діни түсініктерді қабылдады. Оларды ішінде Католик шіркеуі мен прогрессивті протестандық шіркеуді атап айтуға болады.
Инклюзивті түсінік пен діни талдаулардың қарама-қарсында «діни эксклюзивтілікті», «эксклюзивті» діни түсіндірмелерді көруге болады. Олардың айтуынша, басқа дінді, тіпті сол дін шеңберіндегі басқа талдауларды (интерпретацияларды) және басқа өмір-салт тәртібін (мысалы зайырлы өмір салтын) ұстанатындар тозаққа барады. Қатаң эксклюзивті діни түсіндірмелер өздерінің діни доктринасынан тыс құтылудың мүмкін еместігін қадап айтады.
Исламдағы инклюзия
— Исламдағы діни инклюзия ұғымы «инклюзивті» діни түсініктер мен талдаулар (интерпретация) тақырыбы өте күрделі құбылыс болып тұрғаны жасырын емес.
Біріншіден, Ислам əлемі, нақтырақ айтсақ — ислам ғылымдары мен «консервативті мұсылманның интеллектуалдық ойы» бірнеше ғасырлық, тіпті, мыңжылдық дағдарыс пен тоқырауда. Әлем мың рет құбылып өзгерді, алайда интеллектуалды жəне рухани дағдарыстың зардаптарын басынан кешіріп жатқан Ислам əлемі, ислам ғылымдары бұл өзгерістерге лайық жауап бере алмады.
Ислам əлемі, нақтырақ айтсақ — ислам ғылымдары мен «консервативті мұсылманның интеллектуалдық ойы» бірнеше ғасырлық, тіпті, мыңжылдық дағдарыс пен тоқырауда.
Мысалы, мен «үш құдайға немесе пұтқа, суретке табынамын» деген бір де бір христианды АҚШ-та да, Германияда да, Қазақстанда да көрмедім (еврейлер үшін де соны айта аламыз).
Алайда кейбір іргелі мұсылман діни кітаптарында «христиандар мен еврейлер ашықтан ашық тозаққа баратындар» деп қадап- қадап айтылып тұр.
Еврейлер туралы мәселе тіпті күрделі, ашықтан ашық нәсілшілдік – антисемитизм болып саналатын пікірлер, талдаулар (интерпретация) көптеп тарап жүр. Осындай «эксклюзивті» діни түсіндірмелер шырмап алған исламды жаһандану дәуірінде универсалды және жасампаз дін деп қалай көрсете аласыз?!
Діндарлар мынаны қабылдау керек – Ислам діні өзіндік рухани және интеллектуалды қорымен, мыңдаған пәтуа, кітаптарымен, адамзаттың барлық сұрақтарын шеше қоятындай болып аспаннан топ етіп түскен жоқ. Өткен шақтың ғұламалары сол дәуір шарттарына сәйкес талдаулар (интерпретация) жасады.
Қысқасы, әрбір дін белгілі деңгейде — әлеуметтік құбылыс. Әсіресе әлеуметтік өмірге, қоғамдық құбылыстарға қатысты талдаулар (интерпретациялар) әрдайым жаңарып тұру керек.
Екіншіден (тікелей бірінші себеппен байланысты) Ислам әлемінде ақыл кенже қалды, тіпті, кешіресіз, ми мен ақыл мұсылмандар ең аз қолданытын ағза болып кеткен сияқты. Және осыған орай критикалық ойлау деңгейі өте төмен.
Үшіншіден, мұсылмандар сыртқы әлемге әлі де отаршылдық дәуірдің түсінік призмасы, тіпті крест жорықшылары дәуірінің түсінік призмасы арқылы қарайды. Дүние, ғалам мыңдаған рет өзгерді. Бұл басқа тақырып, мұнда мұсылман лидерлерінің үлкен рөлі бар. Жалпы бұл зерттеуді қажет ететін күрделі құбылыс.
Төртіншіден, Ислам әлемінде, жалпы консервативті мұсылман түсінікте «такфир» түсінігі (діннен шықты деп айыптау) өте кең тарап кеткен.
Ашығын айту керек, «такфир» түсінігі исламдағы интеллекуалды ойдың дамуын тоқтатып отырған басты фактордың біреуі. Бұл Матуриди интеллектуалды мирасына мүлдем қайшы. Бұл мирас, өзін ханафи-матуриди мұсылманмын деп айтатындар арасында да сан ғасырлардан бері ұмыт болған. Осылардың барлығын назарға алған соң Исламдағы инклюзия ұғымының, «инклюзивті» діни түсініктер мен талдаулар (интерпретация) жасаудың қаншалықты қиын және қауіпті екенін көре аламыз. Менің ше, мұның басқа баламасы да жоқ.
“такфир” түсінігі – исламдағы интеллекуалды ойдың дамуын тоқтатып отырған басты фактордың біреуі.
Көптеген мұсылман ғалымдары (Ресейде Тауфик Ибрагим, Малайзияда Мохаммад Хашим Камали, Осман Бакар, АҚШ-та Парваз Ахмад т.б), сондай-ақ исламның кейбір көрнекті зерттеушілері (мысалы, жапондық Изутсу) егер исламның қайнаркөздерін тұтастай түсіндіруге жүгінер болсақ, онда Исламның инклюзивті діни түсіндірмелер беретінін көруге болады деп топшылайды.
Осы орайда пост кеңестік елдерде ұмыт болған көрнекті жәдид ғұлама — Мұса Жарулла Бигиевті атауға болады. Алайда, оны да кейбір әсіре консервативті, догматикалық тұлғалар тәкфир (такфир) етіп жатқаны байқалады.
Жалпы, кез-келген қақтығыстың негізінде дискриминация (өзгені жүйелі түрде алалау, дамуына жəне құқықтарын пайдалануына жүйелі түрде кедергі болу) мен дегуманизация (өзгені адам қатарынан шығарып тастау, өзгені өзі сияқты адам баласы деп көрмеу, мойындамау) жатады.
Дискриминация мен дегуманизация «бізден – бізден емес, біздің топтан – біздің топтан емес, біздің діннен – біздің діннен емес» іспеттес дихотомия негізінде өрбиді. Əсіресе дін мəселесінде адамдар бір ағымға қатып сеніп алғанда, əрқашан өзін «тура жолда» ал қарсыласын «адасқан» деп біледі. Олай болғанда ол «тура жолдағы» адамдар тұрғысынан топтар арасындағы келіспеушілік «ақ пен қараның қақтығысы» ретінде көрінеді.
Қазіргі кезде бұның барлығының Ислам əлемі үшін тікелей қатысы бар екенін айтуға болады. Өзге дін өкілдеріне деген көзқарас тұрмақ мұсылмандардың өз арасындағы толеранттық пен плюрализмге қатысты көптеген қиындықтардың бар екені байқалады.
Мысалы, мұсылмандардың бестен бірі (оның ішінде ең көп көрсеткіштердің біреуі 44% Мысырда) сопылық жолды ұстанаттындарды мұсылман деп санамайды. Бұндай көзқарастар – Исламның жайылуына өз үлестерін қосқан тасауф (сопылық) ақиқаттарының түсінілуіне кедергі жасары анық. Сонымен қатар, мұсылмандардың төрттен бірі шиіттерді мұсылмандар санатына қоспайды (оның ішінде ең жоғары көрсеткіштердің біреуі, 52% Мысырда)
Орта Азия елдеріндегі діни инклюзия
Экстремистік түсініктердің таралуы қара күшпен, жазалаумен тыйылмайды. Деструктивті түсініктерді вирустарға теңер болсақ, жалпы ағза мен имунитетті күшейту керек.
Ғалым Жүсіпбек
Орта Азия елдері пост-тоталитарлы және пост-атеистік елдер. Ондаған жылдары Homo Soveticus шығарамыз деген жүйеде өтті, бұның әсері бірден кетпейді. Ағылшын тілінде path dependency (өткен жолдың әсері белгілі уақытқа дейін қатты байқалуы мүмкін) деген ұғым бар.
Діндегі инклюзивті түсінік Орталық Азия елдері үшін аса маңызды. Себебі «инклюзия» ұғымы плюрализмді, әр алуандықты қабылдаумен қоса, әр алуандықпен қарым қатынас жасауды қажет етеді. Жалпы алғанда Орта Азия қоғамына плюрализмге үйрену керек, сынға үйрену керек (бізде сынды көтере алмайды).
Сондай-ақ, Орталық Азия халықтары атеистік дәуірден кейін дінге қатты сусындап, аталып өткендей, бірнеше ғасырлық интеллектуалды жəне рухани дағдарыстың зардаптарын басынан кешіріп жатқан Ислам əлеміне ұмтылды, мұсылман елдерден келген әр түрлі пікірлерге, олар кертарпа ма, «де-модерн» кезең шартында жасалған діни жорамалдар ма, талғамай құшақ жайып жіберді. Әрине бұл табиғи құбылыс болды.
Алайда әсіресе Өзбекстан басшылығы бұған тоталитарлы дәуір әдістерімен жауап беріп, елдің саяси әлеуметтік жақтардан дамуын тежеп тастады. Экстремистік түсініктердің таралуы қара күшпен, жазалаумен тыйылмайды. Деструктивті түсініктерді вирустарға теңер болсақ, жалпы ағза мен имунитетті күшейту керек.
Яғни ислам ғылымдары мен «консервативті мұсылман интеллектуалдық» ойын дағдарыстан, тоқыраудан шығару керек. Жалпы қоғамда плюрализмді, әр алуандықты қабылдау мәдениетін қалыптастыру керек. Критикалық ойлау деңгейін көтеру керек.