Күндердің күнінде жағдайы төмен, бірақ, халықтың арасында көркем мінезімен танымал жігіт болыпты. Ол ер жетіп, үй-жайлы болуды көздейді.
Содан бір күні көрші ауылдың әсем қызына ғашық болады. Қыздың үйіне барып әкесінен қызының қолын сұрайды. Әкесі оның қалың мал беруге шамасы жоғын түсініп, қалың мал есебінде Құранның «Нұр» сүресін жақсылап жаттап, мазмұнын ұғынып келуді міндеттейді. Қызы да бұған келіседі. Себебі, аталмыш сүреде нағыз мұсылманның сипаттары баяндалған болатын.
Содан арада бірнеше уақыт өтеді. Қыз әлгі жігітті сыртынан бақылайды. Ол үнемі қолынан Құран тастамай, сүрені жақсылап жаттап жүреді. Ақыры жігіт қыздың әкесіне келіп, берілген сүрені жаттап келгенін айтады. Қыздың әкесі:
– Мұқият бол! Егер сүренің бір жерінен қателесетін болсаң, қайта басынан қайталап оқисың. Қане, оқы, жаттағаныңды, – деп шарт қояды. Жігіт келісіп сүрені әуендетіп жаңылмастан түгел оқып шығады.
Қыздың әкесі жігіттің жүктелген міндетті ықыласпен орындап шыққанына риза болып, оның бойында үйленуге деген ынтызарын көріп бір сүремен оған қызын ұзатқан екен.
ЖАЛҒАС АСХАТҰЛЫ