Хьюстон (АҚШ, Техас) қаласында тұратын түрколог Алва Робинсон қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихын бізден артық білмесе, кем білмейді. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде түркітілдес халықтардың қалайша көшпенділер салтын ұстанғанына қызыққан ол Америкаға оқуға келген қазақтар, түрікмендер, өзбектермен дос болып, өмірін түркологиямен байланыстырғанын айтады. Магистрлік диссертациясын жоқтау жырының мәнін түсінуге арнаған Алва қазір докторантурада «Құтты білік» пен «Диуани лұғат ат-түрік» еңбектеріндегі мақалдарды зерттеп жүр. Одан бөлек, Aramco world журналында түркітілдес халықтар туралы қалам тербейтін редактор қызметін атқарады. «Тұлға болып қалыптасуыма қазақтардың қосқан үлесі зор» деп ағынан жарылған Алваға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Әлеуметтік желіде түркі елдерінің, соның ішінде қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы пост жазып, америкалықтарға насихаттап жүрген сізді әу баста сол жақта жұмыс істеп жүрген Орта Азия тумасы деп ойлаған едім, бірақ қателесіппін. Біздің мәдениетке қызығуыңызға не түрткі болды? Өзіңіз туралы бірер сөз айта кетсеңіз.
– Аты-жөнім – Алва Робинсон. Техас штатының тумасымын. Өмір бойы осы штатқа қарасты Хьюстон қаласында тұрып келемін. Бойымда мексикалық, америкалық және неміс ұлтының қаны бар. Ал түркі елдерінің мәдениетіне қызығуымды айтар болсам, ол сонау бала кезден басталған. Оқушы кезімде жергілікті газеттің қиындыларынан қазақтар, өзбектер, қырғыздар, түрікмендер туралы деректер оқитынмын. Әсіресе, олардың көшпенді өмір салтын ұстанғанын оқығанымда, күллі халықтың қалай көшіп-қонып жүретінін, палаткада қалай тұратынын түсіну қиынға соқты. Шынымды айтсам, бастапқыда мұның барлығы оғаш көрінді.
Бірақ көшпенді атануға не себеп болғанын іздеп жүріп оқығанда бұл тақырыпқа қызығушылығым ояна бастады. Жоғары сыныпқа көшкен кезде КСРО құрамында болған елдердің діні туралы презентация әзірледім. Сол кезде Орта Азия елдері туралы зерттеу жүргізіп, бұған көп уақытымды арнадым. Содан соң Хьюстонда тұратын түрікмендермен танысып, дос болдым. Олар өздері ұстанатын дәстүрлердің нюанстарын түсіндіріп, түркі әлемінің есігін ашты. Сырттан келген қонақтың асты-үстіне түсіп күту, дастарқанға шақыру, асты құрметтеуді үйретті. Сосын 2002 жылдары осында оқуға келген қазақ, өзбектер жастарымен таныстым.
Дәл сол жылдары біздің қаладағы университетке «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен қазақтар саны көп болды. Студент қазақтармен араласқанға дейін түркі елдерінің мәдениеті туралы түсінігім болса да, олардан да көп нәрсе үйрендім. Жалпы, түркі елдерінің қарапайымдылығы таңғалдырмай қоймайды. Әсіресе, оларға тән ерекше қасиет – үлкендердің көзіне тіке қарап сөйлемеуі, олармен екі қолмен амандасуына тәнті болдым. «Құтты білік» дастанын оқыған кезде ойыма Хьюстондағы достарымнан үйренген әдеп-ғұрыптар есіме оралады. Жалпылама айтсам, әр ұлттың маған бергені көп болды. Асырып айтқаным емес, бірақ олармен араласу арқылы тұлға болуды үйрендім. Соның ішінде қазақтар туралы сөз етер болсам, олардың бас қосқан кезде үлкендерге ерекше құрмет көрсетуі, рухани әлемді, ән мен күйді қадірлеуі таңғалдырды.
Сондай-ақ үлгі тұтуға және кімді болса да ынталандыруға тұрарлық кеңпейілділік, батылдық, шынайылық мінездеріне қарап қайран қалдым. Сосын халықтың батылдығын сипаттауға да сөзім жетпейді. Мұны Желтоқсан оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан жастарға арнап шығарған Мұхтар Шахановтың өлеңдерінен аңғаруға болады. Тағы бір айта кетерлігі, сіздерде мені ерекше тамсандырған даналық бар. Сіздердегідей жасы үлкен кісілердің дана болуға талпынатынын басқа еш жерден көрген емеспін. «Сен менен бір жас кішісің, мен сенен дана болуым керек» дегенді басқа еш жерден байқаған емеспін. Үлкендеріңіз жастарға айтар ойын електен өткізіп, сөз арасына ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мақал-мәтел қосып сөйлейтінін байқадым. Бұрын-соңды мұндайды ешқандай жерде көрмеген мен бұған қатты таңырқадым. Хьюстондағы қазақтар бір көшеде тұрды, олар сол ауданды қазақ ауылы деп атайтын. Сол кезде айналам қазақтарға толы болғанына қуанып, марқайып жүрдім.
Осындай ортада жүрген менің тұлға болып қалыптасуыма қазақтар өз қолтаңбасын қалдырды. Әлі есімде, қазақтармен бірге Техас штатының көптеген өңіріне жиі саяхаттайтын едік. Сондай керемет сәттерде Техастың жеріне таң-тамаша болған қазақтар Қазақстан жерін көргендей болып, «біздің елге ұқсайды екен» деп үнемі салыстырып отыратын. Сол кезде қазақтар тек салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ата-бабасымен емес, жермен де байланысы бар екенін түсіндім. Туған жері әркез есінде. Шыны керек, оған дейін мұндай байқампаз халықты кездестірген емеспін. Жалпы, түркітілдес халықтардың ішкі жан дүниесі терең, тіпті мұхиттан да тұңғиық. Сондықтан олардан көп нәрсе үйренгім келді. Үйреніп жүрмін де. Осылайша, өмірлік тәжірибемді байытып алсам деген мақсатым бар.