Сұрақ: Маңдай теріммен жиған біраз ақшам бар еді. Соған бұл дүниеге зейнет және ақырет сауабынан да құр қалмайын деп алтын тәспі алсам деген ойым бар. Бұл қалай болар екен?
Жауап: «Бір оқпен екі қоянды атып алған» жақсы, әрине яғни, үйге алтын алып әрі оны тәспі етіп тартып отырған дұрыс-ақ, бірақ, пайғамбардың (с.ғ.с.): «Алтын мен жібек үмбетімнің ерлері үшін арам, әйелдері үшін адал» деп айтқан хадисі бар (Әбу Дәуіт, Термези). Сол үшін ер адам алтын мен жібекті пайдалана алмайды, ал әйел заты үшін олар әшекей саналады.
Сонымен қатар ғалымдар бір ауыздан таза алтын немесе таза күмістен жасалған ыдыс-аяқтан су ішуге, тамақ жеуге рұқсат бермеген. Ғалымдардың басым бөлігі осы үкімге қияс (аналогия) жасап саф алтыннан немесе саф күмістен жасалған ас ішіп-жейтін ыдыс-аяқтан тыс бұйымдарды да пайдалануға тыйым салған. Мәселен, пышақ, шақпақ және т.б.
Сол үшін алтын тәспі тартуға болмайды. Оны алтын жинақ қоры ретінде сатып алып қойсаңыз зияны жоқ. Саф алтын мен күміс бұйымдарды пайдалануға тыйым салынуының сырларының бірі – шектен тыс салтанат мен ысыраптан қайтару. Қоғамдағы бай мен кедейдің, дәулетті мен жарлының арасында мейірім мен достық байланысының нығаюы үшін және т.б.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ