(Алтын Орданың 750 жылдығына орай)
Төл тарихымызда жеті ғасырдан астам уақыт өзіндік орны бар деп есептелінетін Шыңғысхан мен оның ұрпақтарының билігі қалай орнаған еді? «Чингизизм» идеологиясының осыншама уақыт ұзақ өмір сүруінің астарында қандай сыр бар? Шыңғысхан құрған алып қағанат неге бөлшектенді? Қағанаттың бір бөлшегі саналған Жошы ұлысы қалайша Алтын Орда империясына айналды? Бүгінгі зерттеуімізде осы мәселеге аз-кем тоқталып өтпекпіз.
Чингизизм идеологиясы
Шыңғысхан құрған алып қағанаттың басқару жүйесі һәм әкімшілік бөлінісі зерттеушілер бірауыздан «чингизизм» идеологиясына негізделді (В.П. Юдин. Орды: Белая, синяя, серая, золотая // Утамиш-хаджи. Чингиз-наме. 16 с) деп біледі. «Чингизизм» идеологиясындағы мемлекетті басқару тұрпаты көне түркілік ел билеу дәстүріне ұқсас еді. Әсілі, көне түркілерде абсолютті ел билеу құқығы тек «қаған» мансабына ие билеуші тұлғаларға тиесілі-тін. Ал, «қаған» мансабын Оғыз қаған ұрпақтары (ашина) ғана иелене алатын (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. – Т.1. 77 с). Бір сөзбен айтқанда, көне түркі қоғамында жоғары билікке келуге киелі ұрпақ өкілдерінің ғана мүмкіндігі болды.
Иә, Шыңғысхан өзі жаулап алған ұланғайыр аймақты билеп-төстеу үшін «чингизизм» (алтын ұрық) идеологиясына негізделген мемлекет басқару жүйесін алып келді. Кейбір тарихшылар Шыңғысханның көне түркілік ел билеу дәстүрін жалғастырғаны үшін сол кездегі түркілерде «биліктің киелілігі» түсінігі қалыптасты (Зікірия Жандарбек. Иасауи жолы және қазақ қоғамы. 71-б) деп тұжырымдайды. Мемлекет теориясы ғылымында билеушілерді Тәңірдің жердегі өкілі санайтын ел басқару тұрпаты – харизматикалық мемлекет деп аталады. Шыңғысханның да иелігіндегі мемлекеттің белгілі-бір сакральді қыры болған. Оның «Құпия шежірені» жаздыруының себебі де, өзінің шыққан тегінің алтын ұрыққа қатыстылығын дәледемек болуы еді. Осы тоқтамға саятын пікірді тарихшы Измайлов: «Мемлекетті басқарудың чингизизм» құбылысы – саяси күш пен билеуші әулеттің біріге отырып, теократиялық қуатқа ие екенін білдіретін саяси бейнесі» (Измайлов И.Л. Формирования этнополитического самосознаия населения Улусу Джучи… 250 с) – деп атап көрсетті.
Бірақ, Федоров-Давыдовтың көзқарасы бойынша «Шыңғысхан құрған империяның мемлекеттік құрылымы толығымен көне түркілік ел билеу жүйесінің тікелей көшірмесі болған емес. Оның себебі, Шыңғысханның жаулауынан кейін көне тайпалық жүйелер бұзылып, жаңа құрылымдар пайда болған» (Федоров-Давыдов Г. Общественный строй Золотой Орды. 63 с). Әйтсе де, жаулап алған жаңа жерлерді игеруде жаңа әкімшілік-құрылымдық өзгерістер болғанымен, мемлекетті басқарудың идеологиялық өзегі – алтын ұрық өкілдерін кие тұтуға негізделді. Бұл дәстүрдің (ашина) тек «чингизизм» деп атауы ғана ауыстырылды.
Төрт ұлыстың пайда болуы
Шыңғысхан құрған жаңа қағанаттың әкімшілік бөлінісіне келетін болсақ, ол өзінің жер қайысқан жеңімпаз қолымен жаулап алған жерлерін бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына ұлыс қылып бөліп берді (В. Бартольд. Общие работы по истории Средней Азии. Работы по истории Кавказа и Восточной Европы. Т.2, ч.1. 59-60 сс). Ол, үлкен ұлы Жошы ханға Ертіс өзені мен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан арықарай батысқа қарай «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар», оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейінгі жерлер берілді. Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар (солтүстік Хорезм) мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды. Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың үлесіне Қашқария, Жетісу, Маураннахр тиді. Үшінші ұлы Үгедейге батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы Төле әкесінің қарашаңырағы Моңғолияны мұраға алды. Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы ұлы қаған Шыңғысханға бағынатын болды (Қазақтың көне тарихы. 199-б).
Алайда, Шыңғысхан 1227 жылы Таңғыт жорығында жүргенде аттан құлап мертігіп, сол науқас меңдеп, көп ұзамай қайтыс болады. Шыңғысханнан бұрын бірнеше ай бұрын үлкен ұлы Жошы да қайтыс болған еді. Бұдан кейін Дешті-Қыпшаққа Жошының ұлы Бату* мирасқор болды. Шыңғысхан көзі тірісінде-ақ немересі Батуды Жошы ұлысына хан етіп сайлаған еді (Д-р Эренжен Хара-Даван. Чингис-хан как полководец и его наследие.166 с).
Шыңғысхан ұрпақтарының Шығыс Еуропаны жаулап алуы
Шыңғысханның орнына ұлы қаған болған үшінші ұлы Үгедей 1229 жылы көшпелілердің жаулап алу саясатын одан ары қарай жалғастыру мақсатында мемлекетік құрылтай өткізіп, онда Батысқа қарай жорық жасау туралы шешім қабылданды. Тарихшы Сафаргалиев қана көшпелі өндірістің аясын ұлғайту үшін Шыңғысхан ұрпақтары Шығыс Еуропаға жорық жасады (Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды… 93 с) дейді. Бірақ, бұл сұрапыл жорыққа Шыңғысханның жаулап алуды жалғастыру хақында айтқан өсиеттері түрткі болған еді.
Үгедей қаған Батысты жаулар жорығына Жошының ұлы Батуды басшылыққа тағайындайды. «Құпия шежіреде» Батуға «Қаңлы, Қыпшақ, Байжігіт, Орыс, Азау (Қырым), Сазау (Суздаль), Мажар (Венгрия), Кәшімір, Шеркес (Кавказ), Бұлғар, Келер секілді он бір елді бағындырудың тапсырылғандығы айтылады. Ал, Алтын Орда тарихын егжей-тегжейлі зерттеген ғалымдар 1236 жылы Ертіс бойынан Шығыс Еурпопаға жорық жасауға аттанған Батудың қалың қолы Еділ бойы, Орыс кньяздықтары, Карпат жотасындағы елдер, сондай-ақ, Польша, Венгрия, Сербияны бағындырып, Адриат теңізіне дейінгі ұлан-ғайыр аралықты жаулап алғандығын жеткізеді. Бірақ, 1241 жылы Үгедей қағанның қайтыс болуына байланысты Бату хан Шығыс Еуропа жорығынан кейін қайтып оралады. Сөйтіп, Жошы ұлысының құрамына Дешті-Қыпшақ, Батыс Сібірмен бірге Дунайға дейінгі аралықтағы солтүстік Хорезм, Кавказ, Қырым, Молдавия, Еділ Бұлғарлары, Орыс кньяздықтары, Мордва жерлері енді. (Кульпин Э.С. Золотиая Орда: Судьбы поколений. 30 с).
Алтын Орданың тарих сахнасына шығуы
Бату хан 1242 жылы Жошы ұлысына қарайтын Батыс Сібір мен Дешті-Қыпшақты қосып, Дунай өзені, Балқан тауларына дейінгі ұшы-қиыры жоқ аймақта Алтын Орда* атты алып империяны құрды (Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды… 301 с). Жошы ұлысының басқару құрылымы мен әкімшілік бөлінісі «чингизидтердің» билеп-төстеуінен тұрды. Атап айтар болсақ, Бату хан Еуропа жорығында белсенділік танытқаны үшін інісі Орда-Еженге он мың үйлік ұлысты тарту етті (Әбілғазы. Түрік шежіресі). Тарихшы Сұлтановтың айтуына қарағанда Орде-Ежен Көк Орда атанған бұрынғы Жошы ұлысын иемденген (Султанов Т.И. Род Шибана сына Джучи: место династии в политической истории Евразии // Тюркологический сборник / 2001: Золотая Орда и ее неследие. 13 с). Сондай-ақ, Бату хан астар, орыстар, черкестер, бұлғарларды бағындырғанда ерлік көрсеткені үшін тағы бір інісі Шайбанға да жеке ұлысты еншісіне берді (Махмуд ибн Вали. Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар. Материалы по истории казахских ханств в XV-XVIII веках. 374 с). Алтын Орда мемлекетінің батыс-теріскей қабатына орныққан Шайбан ұлысының күнбатыс жағы Бату, күншығыс беткейі Орда-Ежен ұлысымен шектесіп жатты. Нақтырақ айтар болсақ, Шайбан ұлысының жерлеріне Әбілғазының айтуына қарағанда Орал таулары, Тобыл, Жайық, Ырғыз өзендерінің аралығы кірген, қыс тоқсанда Арал теңізі, Шу, Сарысу, Сырдарияның аяғына дейінгі жерлерде қыстайтын болған. Ал, Солтүстік Кавказ бен Дербенд аралығы Берке ханның ұлысы саналды. Қырым өңірі Тоқай Темірге, Днепр мен Днестр аралығындағы орманды алқап Мувалға (Ноғайдың атасы) ұлыс етіп берілді (Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды…312-314 сс).
Осы тұста, Алтын Орда құрамындағы Ақ Орда мен Көк Орданың аражігін ажырата айтуымыз керек тәрізді. Парсы тарихшысы Муин ад-дин Натанзидің жеткізуіне қарағанда Ақ Орда құрамына Ұлытау, Сегізағаш, Қаратал, Түйсенген, Женд, Баршыкент жерлері енген. Ал, Көк Ордаға Ібір-Сібір, Орыс жерлері, Либке, Укек, Мажар, Бұлғар, Башқұрт, төменгі Еділ сағасы жатқан (СМИЗО, 127 с). Алайда, Ақ Орда мен Көк Орданың орналасуына қатысты бір-біріне қарама-қайшы келетін көптеген деректер бар. Соның бірі Өтеміс қажының «Чингиз-намесінде»: «Хан буларға уч орга салды: Алтын босағалы Ақ Орданы Сайн ханға салды. Кумуш босағалы Көк Орданы Ижан ханға салды. Булат босағалы Боз Орданы Шибанға салды» (В.П. Юдин. Орды: Белая, синяя, серая, золотая // Утамиш-хаджи. Чингиз-наме. 38 а 38 б) деген тың дерек болып саналады. Дегенмен, тарихшы Н.Меңғұлов Қазақстан жерінде құрылған Орда-Ежен ұлысын Ақ Орда (Мингулов Н.Н. К некоторым вопросам изучения истории Ак Орды… 83 с) деп тұжырымдайды. Біздіңше түркінің төл шежіресі «Чингиз-намедегі» дерек тарихи шындыққа жақын сияқты.
Әсілі, көне түркілік ойлау жүйесінде түстер белгілі бір мәнге ие болған. Ақ, қара, көк, сары, кейде қызыл деп берілетін түстер тек сипаттама емес, түркілік ойлау жүйесіндегі белгілі бір тарапты білдіретін ұғымдар болып саналады. Түркілер қай жерге барса да, осы түстер арқылы жер кіндігін, сондай-ақ, теріскей мен күнгейді, күншығыс пен күнбатысты анықтап отырған. Осыған қарай, әкімшілік бөлініспен қатар жер-су аттарын да арнайы түстермен белгілеген. Мысалы, ақ түспен – батысты, көк түспен шығысты меңзеген (Егоров, 2005. 5-6 беттер). Яғни, Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы Ақ Орда, Көк Орда, Боз Орда атаулары да осы көне түркілік дүниетанымға негізделген деп білеміз.
Жалпы, тарихшы Сафаргалиевтің айтуына қарағанда Алтын Орда империясына қарасты жерлер Жошының 14 баласына бір-бірінен тәуелсіз әкімшілік-аймақ ретінде мирасқа берілген. Негізгі билік тізгіні Бату ханның қолында болды. Ірі ұлысаралық мәселелер құрылтайда Ұлы Яса* (жасақ – әскери заң) заңының негізінде шешіліп отырды (Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды… 314 с).
Түйін
Осылайша, Еуразия кеңістігінде Алтын Орда және одан бөлініп шыққан Ақ Орда, Көк Орда, Қазан, Астрахань, Қырым, Ноғай, Көшпелі Өзбек, Қазақ, Сібір хандықтарына пайда болуына әсер еткен тарақ таңбалы Жошы ұрпақтары тарих сахнасына шықты. Тіпті, тарақ таңбалылар (чингизидтер) кейін билеу құзыретінен айырылғанымен де Ресей патшалығындағы ноғай және татар ұлыстарында ақсүйектер әулетін құрап келді (Қараңыз: П.Небольсин. Очерки Волжского низовья). Алтын Орданың қарашаңырағы саналатын Қазақ жұртшылығының салтында да Шыңғысхан тұқымына «төрелер» деп төрден әрдайым орын беріліп келді. Бұл көшпелілердегі «алтын ұрық» өкілдерінің киелілігіне сенуден туындаған саяси-құқықтық жүйе еді.
Мұхан ИСАХАН
* Орыс жылнамаларында Батый деп те аталады.
* Алтын Орда атауы алғаш рет XV-XVI ғасырларда Орыс жылнамаларында өтеді. Ал, ХІІІ ғасырда Бату дәуірінде көбінесе Орда атауы қолданылған.
* Шыңғысхан негізін қалаған мемлекеттің әскери һәм азаматтық заңнамасы. «Жасақ» моңғолша билік деген мағынаны білдіреді. Түрікше «жасақ» немесе «жосық» әскери және азаматтық ережелер мағынасына келеді.