Ғазнауи билеушісі Махмұт Сұлтан 1017 жылы өзіне бағынғысы келмеген Мәмунилерге қарсы Хорезмге жорыққа шықты. Ғазнауи мен Мәмуни жасақтары «Хазарасаб» дегенде жерде соғысып, Махмұт Сұлтанның пілдерден тұратын қуатты қолы жеңіске жетті. Ол Мәмуни билеушілерінің бәрін Қорасанға айдауға жіберді. Махмұт Сұлтан Мәмуни билеушілерінің орнына осы жорықта ерен ерлік көрсеткен Алтунташ әл-Хажибті Хорезмшаһ етіп тағайындады. Осыдан кейін Әбу Сайд Алтунташ әл-Хажиб қайтыс болғанға дейін Хорезмнің билеушісі болды.
Алтунташ әл-Хажиб Хорезм билігін қолына алған тұста, теріскейдегі оғыз және қыпшақ тайпалары Әмудария бойындағы қалаларға жиі-жиі тонаушылық жорықтарын жасайтын. Сондай-ақ, Бұқара мен Самарханды жаулап алған Қарақан мемлекеті де Хорезге шығыстан қауіп төндіріп тұрды. Алтунташ әл-Хажиб негізінен осы екі қауіптің алдын алуға күш жұмсады. Оғыз және қыпшақтарға қарсы өз күшіне сүйеніп қауіптің алдын алса, ал Қарақан билеушісі Әли Тегінге Ғазнауи билеушісі Махмұт Сұлтанмен бірігіп қарсы күресті. Ғазнауи сұлтаны Махмұт пен Қарақан қағаны Юсуп Харун (1025-1032) жасаған Тұран мен Иран арасындағы 1025 жылғы халықаралық бітімге қатысып, ол Хорезмнің мүддесін қорғады.
Әбу Сайд Алтунташ әл-Хажиб тумысынан ержүрек, ақылды һәм ахлақы көркем, кез-келген қиын-қыстау шақта, жол таба білетін айлакер әскербасы еді. Ол оғыздар мен қыпшақтардың шабуылына төтеп беріп ғана қоймай, олардың кейбір руларын өзіне қосып алып, түркімендерден тұратын қуатты әскер жасақтай білді. Күннен күнге Хорезмде оның билігі нығая түсті. Алтунташтың Хорезмде беделінің күрт артуынан сескенген Махмұт Сұлтан бір уақ оны Ғазнаға алдыртқысы келген. Бірақ, толассыз әскери жорықтар оған мұрша бермеді.
Махмұт Сұлтан 1030 жылы қайтыс болған соң Ғазнауи билігін қолына алған Месуд алғашқыда Хорезм билеушісі Алтунташ әл-Хажибті өзіне қауіпті жау санап, орнынан алғысы келді. Себебі, Алтунташ әл-Хажибтің Хорезм билеушісі болғанын былай қойғанда, ол күллі Ғазнауи аймағында аса беделді тұлға-тын. Месуд сұлтан оған қарсы Әмір Монжукті айдап салды. Бірақ, өз билігін нығайтып алған Алтунташ әл-Хажиб арандатуға мойыған жоқ. Месуд сұлтан өзінің қатесін түсініп, Әбу Сайд Алтунташтың Хорезмдегі билігін еріксіз мойындады.
Көп ұзамай 1032 жылы Месуд сұлтан Алтунташты Қарақан мемлекеті иемденген Бұқара қаласына шабуыл жасауға шақырды. Алтунташ әл-Хажиб әскер жасақтап, Бұқараны жаулап алуға аттанды. Қарақан билеушісі Әли Тегін соғыста жеңіліп көрмеген Алтунташпен бетпе-бет келуден қорқып, Бұқараны тастап, Дабусиге кері шегінді. Алтунташ әл-Хажиб қорғансыз қалған Бұқараны басып алды. Одан арқырай Дабусиге аттанғанында, Селжұқ әскері Қарақан қолына көмекке келіп, екі тарап қиян-кескі ұрыс жүргізді. Осы соғыста Хорезм әміршісі ауыр жараланды. Бірақ, ол ауыр жараланғанын білдірмей, Қарақан билеушісіне бітімге келуді сұрады. Әли Тегін мен Алтунташ ұрыс алаңын тастап, біртіндеп кері шегінуге келісіме келді. Бірақ, Алтунташ әл-Хажибтың алған жарақаты асқынып, кері шегіну барысында ол дүние салды.
Алтунташ қайтыс болған соң оның орнына ұлы Харун Хорезм тізгінін қолына алды. Бірақ, Ғазнауи билеушісі Месуд сұлтан Әмудария алқабын уыстан шығармас үшін өз ұлы Сайдты Хорезмшаһ етіп тағайындады. Харунға «халифатуд-дар», яғни, шаһтың орынбасары деген атақ берді. Десе де, 1033 жылы Харунның бауыры Ғазнада қайтыс болғанда, бұл оқиғаны қастандыққа балаған ол Месуд сұлтанға қарсы көтеріліс жасады. Оған Қарақан билеушісі Әли Тегін мен селжұқтар көмек қолын созды. Көтерілісті жаншу үшін Месуд сұлтанның уәзірі Ахмет бин Абдусамат Хорезмге жансыз жіберіп, 1035 жылы Харунды өлтірткізді.
Харунның орнын басқан бауыры Исмайыл Хандан Ғазнауи билігін мойындайтынын жеткізді. Мешіттерде Месуд сұлтанның атына құтпа оқытты. Бірақ, Исмайыл Хандан астыртын түрде селжұқтармен де ауыз жаласты. Бұл жағдайдан хабардар болған Месуд сұлтан Хорезм билеушісін тәубесіне түсіру үшін ол да селжұқтармен достық қарым-қатынас жасауға көшті. Ғазнауи билеушісі мен Хорезмшаһ Исмайыл Ханданның өзара араздығын ұтымды пайдаланған селжұқ билеушісі Мәлік шаһ 1041 жылы қалың әскермен Хорезмге шабуыл жасады. Дәл осы тұста кенеттен Месуд сұлтан да қайтыс болды. Алтунташтар жауға қарсы төтеп бере алмады. Мәлік шаһтың әскері Хорезмнің астанасы Үргенішті басып алды. Осылайша, Алтунташ мемлекетінің аты тарих сахнасынан біржола жойылды.
Мәмунилерден кейінгі Хорезмде ислам мемлекетін құрған Алтунташ династиясының ғұмыры (1017-1041 жж) өте қысқа болды. Алтунташтар осы қысқа уақыттың басым бөлігін сыртқы жаулармен соғысуға арнады. Түскейдегі селжұқтар, теріскейдегі оғыздар мен қыпшақтар, шығыстағы Қарақан мемлекетімен үздіксіз соғысты. Дегенмен, Алтунташтар Хорезм өңірінде ислам дінінің орнығуына қал-қадерінше өз үлестерін қосты. Олардың тұсында Әмудария бойындағы қалаларда жаңа мешіт-медреселер бой көтерді. Ислам ғұламалары мемлекет тарапынан қолдау көріп, Хақ дін еркін насиқатталды.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы, PhD доктор