Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде барша мұсылманның ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесіне орай, «Ислам руханияты» көрмесі ашылды. Онда алғаш рет сирек кездесетін Құран қолжазбалары мен басқа да құнды діни басылымдар ұсынылған.
Көрме төрінен орын алып отырған экспонаттарды мазмұндық ерекшеліктеріне қарай Құрандар, тәпсірлер, мұхаммадия және мұхтасар кітаптар, діни мазмұнды әртүрлі литографиялық баспа кітаптар деп бірнеше топқа бөлуге болады.
Көрермен назарына алғаш рет ұсынылып отырған бірегей құнды қолжазба – бұрама қағаз түрінде жасалған пайғамбарлар шежіресі (ұзындығы – 4 м, 45 см., ені – 25 см.). Шежіреде Адам Атадан бастап Мұхаммедті қоса алғанда 25 пайғамбар әулетінің, төрт әділ халифаның және ортағасырдағы сопылық ағымның ұстазы Жәлаладдин Румидің шежіресі қамтылған.
Сондай-ақ көрмеде орама қағаз түрінде жасалған 1643 жылдары жарық көрген ерекше қолжазба Құран нұсқасымен (ұзындығы – 9 м, 50 см., ені – 2,5 см.) танысуға болады. Құранда 114 сүре мәтіні өте ұсақ әріптермен бөлек-бөлек жазылған.
Бұдан басқа шығыстың көне қалалары Стамбул, Бомбей, Мысыр баспаханаларында, Ресейдің Петербор, Қазан сияқты ірі орталықтары мен Омбы, Орынбор, Ташкент, Самарқанд шаһарларындс басылып шыққан Құран кітаптар мен әртүрлі діни мазмұнды басылымдар құнды мұра ретінде аталмыш көрмеден орын алды. Адам атадан ХІХ ғасырға дейінгі кезеңдерді қамтитын қысқаша тарихи шолу басылымы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кітапханасынан келіп түскен «Мухаммадия» кітабы, Мұхамеджан Сералин жазған «Қожалар шежіресі» көрменің экспозициялық мәнін аша түспек.
Салтанатты ашылуға белгілі теолог Халифа Алтайдың ұлы Әбдірахым Алтай, шығыстанушы-тарихшы Өмір Оразұлы, Дінтану орталығының басшысы Алмасбек Шағырбай және дінтанушы Жүзей Аманқұлұлы қатысты.
Көрме 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі