Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институты ашылды. Салтанатты рәсімге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Игі шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, ҚМДБ Төрағасы ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасап, жаңа бастамаға береке тіледі.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет мүшелерімен өткен басқосуда: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет…» деген болатын. Президентіміз маңыз берген бағыт бойынша дәстүрлі дініміздің асыл құндылықтарын ғылыми-теориялық тұрғыдан дамыту, ата-бабаларымыз ұстанған исламның сүнниттік бағыттағы ханафи мәзһабын жаңғырту мақсатында жыл басында ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институты ашуды жоспарлаған болатынбыз. Аллаға шүкір, бұл жоспарымыз да орындалып, қуанышқа кенеліп отырмыз.
Өз кезегінде институт ұжымы Ислам атын жамылған түрлі жамағаттар мен ағымдардың діни ұстанымдары мен жасырын идеяларын ғылыми тұрғыдан әшкерелеуге, сол арқылы еліміздің тұтастығы мен халқымыздың бірлігіне сызат түсіретін қауіп-қатерлердің алдын алуға назар аударады» деді Бас мүфти.
Сондай-ақ институттың ашылу рәсімінде белгілі математик-ғалым Асқар Жұмаділдаев, халық жазушысы Смағұл Елубай арнайы сөз сөйлеп, игі бастамаға табыс пен береке тіледі. Бұдан кейін салтанатты рәсім өтіп, шараға қатысушылар институт жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Ислам ғылыми-зерттеу институтының негізгі мақсат-міндеті – ғасырлар қойнауынан жеткен рухани-діни көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды кадикология-мәтінтанулық тұрғыдан зерделеп, сараптауға, оны ғылыми айналымға енгізуге, бүгінгі қоғам сұранысына орай қайта жарыққа шығаруға үлес қосу. Асыл дініміздің жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген имани-сенім екендігін ғылыми тұрғыдан негіздеу, Ислам өркениетінің дамуына үлес қосқан ғалым-ғұламаларымыздың еңбектерін зерделеп, олардың асыл мұрасын халқымыздың рухани тұтастығы мен ынтымақ-бірлігін нығайту жолында кеңінен пайдалану.