Шілде айында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Алматыда донорлық жүректің алғашқы трансплантациясы жасалды. 23 жастағы алматылық тұрғынның жүрегі ауыстырылды. Жүрек доноры – 53 жастағы алматылық, үй шаруасындағы әйел болды. Ол ұзақ уақыт бойы 3 сатыдағы артериялық гипертензиядан зардап шеккен.
Туыстарының айтуынша, 2017 және 2022 жылдары ишемиялық типтегі жедел ми қан айналымының бұзылуын өткерген. 2023 жылы өткерген ишемиялық типтегі үшінші ЖМҚБ өлімге әкеліп соққан. Жедел медициналық көмек бригадасы оны №4 Қалалық клиникалық ауруханаға жеткізеді. Қарқынды терапия нәтиже бермеген, 6-шы күні мидың өлімі анықталған. Туыстарына донорлық жүрек, бауыр және бүйрекке мұқтаж науқастарға көмек көрсету мүмкіндігі туралы айтылғанда олар анамыздың жүрегі соға берсін және басқа адамға да көмектеседі деп бірден келісім берген.
Бұрын донорлық жүрек трансплантациясы Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жүргізілген. Жүрек трансплантациясы – ұйымдастыру, мамандарды даярлау және арнайы жабдықтың болуы тұрғысынан көп уақытты қажет ететін процесс. Донордың табылуынан бастап, мидың өлімі туралы мәлімдеме, донорды тексеру, оның отбасымен сөйлесу, сот медицинасының рұқсаты, органдарды алу, содан кейін ғана – органды трансплантациялау жүзеге асырылады. Медициналық мекемелер, санавиация, полиция және басқа да арнайы қызметтер арасындағы жұмысты үйлестіру – маңызды фактор.
Трансплантация мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың арқасында құрылымдардың өзара іс-қимылы жоғары деңгейде өтті. Жүректі трансплантациялауға белгілі профессор Юрий Пя және м.ғ.д. Махаббат Бекбосынова бастаған ҰҒКО және UMC үлкен үлес қосып, олар ұйымдастырушылық және практикалық қолдау көрсетті.
Мидың өлімі туралы мәлімдемеден кейін ықтимал жүрек доноры үш кезеңнен тұратын скринингтен өтеді. Бірінші кезеңде науқастың жасына, бойына, салмағына, жынысына, АВ0 жүйесі бойынша қан тобына және резус-факторына, өлімнің себебіне және әдеттегі зертханалық мәліметтерге қатысты нақты ақпарат жиналады. Скринингтің екінші кезеңі ықтимал қарсы көрсеткіштерді іздеуде қосымша зерттеуді қамтиды. Донор скринингінің үшінші кезеңі органның зақымдануын болдырмау үшін органды алу операциясы кезінде орын алады.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, іріктеу критерийлері бар: реципиент қан тобына, дене салмағының индексіне, бойына қарай таңдалады. Донордың салмағы реципиенттің салмағынан 30%-дан аспауы тиіс. Жүрек доноры 60 жастан аспауы керек, өйткені мұндай жүректің кардиопатия мен жүрек жарақаты жоқ, қалыпты ЭКГ және ЭХОКГ бар қалпына келтіру үшін жеткілікті резерві бар.
«Қазір Данияр ауруханадан шығып, үйінде. Біз онымен күнделікті байланыстамыз. Трансплантациядан кейін пациентті бақылауда ұстау екі фазадан тұрады: ерте индукция және ұзақ мерзімді қолдау жүргізу. Оң жақ қарыншаның эндомиокардиалды биопсиясы алынды, бұл трансплантты қабылдамау диагнозын анықтау үшін аса қажет стандарт. Ағзаны қабылдамау диагнозының алдын алу мақсатында иммуносупрессивті терапия жүргізіледі» – дейді клиниканың кардиохирург дәрігері Жанар Нұрбай.
«Өзімді қалыпты сезінемін. Күн сайын жағдайым жақсарып келеді. Жаңа жүрекпен өзімді әдеттегідей сезінемін – ешқандай өзгешелік жоқ. Күту тізімінде мен 2016 жылдан бері тұрдым және донорды 7 жыл күттім. Операцияға дейін физикалық белсенділікті көтере алмайтынмын. Арнайы жоспарым жоқ. Бірінші жылы толық қалпына келгім келеді, фитнес-залға барып, денемді шынықтырамын. Сондай-ақ жұмысымды өзгерткім келеді, бірақ мен нақты не істегім келетінін әлі шешкен жоқпын», – дейді Даниярдың өзі.
Институттың бірінші басшысы Марат Пашимов дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отыруына, алыс-жақын шет елдердің жетекші клиникаларымен ынтымақтастық орнатуға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға бар күш-жігерін салуда. Соның арқасында клиникада бірегей операцияларды жасауға барлық жағдай мен мүмкіндіктер бар.