Моланың іргесіне үй салмақшы. Алматы облысы Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары осылай шу шығарды. Айтуларынша, осыдан екі күн бұрын зират жанындағы жерге техника әкеліп қаза бастаған. Қолындағы құжатты көрсеткен азаматтар жұмысты тоқтатпай отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Халық шулағаннан кейін оқиға орнына келген жергілікті әкімнің айтар өз жауабы бар.
Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы жұрттың ұнжырғасы түскен. Өйткені осы маңдағы жалғыз зираттың бос жеріне өзгелер ауыз сала ма деп алаң.
“Екі күн бұрын ұрын келіп қас қарайғанда трактор жерді жырта бастағанда күдігіміз расталды. Былтырдан бері әңгіме бола бастаған. Малюткамен қазып, “мынаның бәрін былай қарай жерлей беріңдер, тимеймін оған, қалғанының бәрінде жұмыстарың болмасын, ана жаққа шықсаң жаман болады” деп айтып жатыр”. Сондықтан халықта түсініспеушілік бар”, – дейді Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Айтбай Жұмағұлов.
Бейіт пен қазылған жердің арасы бар-жоғы 15 метр. Ал санитарлық талап бойынша қандай құрылыс нысаны болмасын, зираттан 300 метр қашықтықта орналасуы тиіс.