Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен қала мешіттерінде жамағат арасында кітап оқудан сайыс өткізу қолға алынған болатын. Кезекті игі іс-шара «Қарағайлы» қайырымдылық мекемесінде кітап оқудан сайыс өткізумен жалғасты.
Алматы қаласы Бостандық аудандық «Нұрлытау» мешіті және Наурызбай аудандық «Қарағайлы» қайырымдылық мекемесінің ұйымдастыруымен оқу ағарту және жастар ісі бағыты бойынша «Жақсы кітап – жан азығы» атты кітап оқу сайысының 5 кезеңі өтті. Айына бір рет өтетін бұл шараға Нұр-Мүбарак университетінің Phd докторанты, «Қалқаман» мешітінің бас имамы «Үйленбей тұрып үйрен» кітабының авторы Руслан Қамбар арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сайыста мешіт жамағаты Руслан Қамбардың сиясы кеппеген «Үйленбей тұрып үйрен» кітабы бойынша үш кезеңде өзара бақ сынады.
Білім сайысына қатысқан барлық оқырмандарға кітап авторы қолтаңба қойып, сертификаттар табыстады. Ал сайыста оза шапқан үздіктерге ақшалай сыйақы табыс етілді. Шара соңында жамағатқа кітап жайында тағылымы мол видеороликтер көрсетілді. Руслан Қамбар білім алу және жар тандау төңірегінде насихатын айтты. Шара соңында кітап авторына және шараға демеушілік көрсеткен Нұржан есімді азаматқа қазақи дәстүрге сай шапан жауып, алғыс хат табыс етілді.
Сондай-ақ қатысушыларға келесі айда оқылатын Нұр-Мүбарак университетінің Phd докторы Нұрлан Анарбаевтың «Ораза теңдессіз құлшылық» кітабы табысталды.