Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлының бастамасымен Әйел-қыздар секторының шаһардағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Адамзаттың асылы – Мұстафа (ﷺ)» рухани мәуліт кеші өтті.
Мәуліт кеші ардақты Пайғамбарымызға арналған салауатпен ашылып, Құран тіләуәтімен жалғасты. ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы рухани кешке келген қонақтарды Мәуліт мерекесімен құттықтап, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі мен дініміздің асыл құндылықтары жайлы айтты. Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы, PhD докторы Шәмшат Әділбаева «Пайғамбарымызға махаббат» тақырыбында насихат айтты. «Мәуліт жыры» орындалып, шәкірттер тарапынан иләһи әндері де айтылды. ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Алматы қаласы бойынша жауапты маманы Гүлмира Ілесбайқызының «700 жылдық хат» монологы оқылды. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянынан жарысты «Kahoot» программасы арқылы жүргізді. Келген көрермендердің бәрі түгел сайысқа қатысты.
Марапаттау рәсіміне Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қатысып, Пайғамбар өмірін үлгі еткен шәкірт-жастарға алғысын білдірді. Сонымен қатар «Бәйкен» мешітінің бас имамы Данияр қари Жұмабаев, Орталық мешіттің бас ұстазы Талғат Сапанов және Астана қаласы «Әзіреті Сұлтан» мешітінің ұстазы Эльмира Бұхарбаева сайыс жүлдегерлерін марапаттауға қатысты.
Сира жарысынан жүзден жүйрік шығып, жоғары ұпай жинаған «Әл-Азим» мешітінің шәкірті
1-орын – Нысанбаева Ботагоз бас жүлдеге Ұмра – кіші қажылыққа жолдама жеңіп алды.
2-орын – Мейрамбекқызы Әсел – 100 000 мың теңге,
3-орын – Қоныратбаева Әсия – 50 000 мың теңге қаржылай сертификаты табысталды.
Мәуліт кешінде Салауат сайысының нәтижесі бойынша:
«Әл-Азим» мешітінен Гүлнар апа 3-орын 100 000 мың теңге
«Әл-Азим» мешітінен Фатима апа 2-орын 150 000 мың теңге
«Әл-Азим» мешітінен Гүлзат апа 1-орын Ұмраға жолдама алды.
Алматы Орталық мешітінің жамағат шәкірті Ауезхан Роза апамыз да сабақтардан қалмай, дін іліміне деген ықыласы үшін ынталандыру сыйлығы – Ұмраға жолдама алды.
Салауат сайысын өткізудегі мақсат жамағат арасында Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрмет көрсетіп, тәлім-тәрбие алуды насихаттау болды.