– Абай шығармаларын оқығанда, оның діни тағылымын байқамау мүмкін емес. Әсіресе, қара сөздерінде дін тақырыбын көп қаузайды. Бұл әкесі Құнанбай мен әжесі Зеренің тәрбиесінің жемісі ме, әлде, сол кездегі қоғамның, қазақ қоғамының төл дінімен молынан сусындап, шариғат амалдарына ден қойғандығынан ба? Алайда, хакім айналасындағы надандарды да көп сынайды…
– Абайдың әкесі Құнанбай өзі оқымаса да балаларын оқытып жүргенде соңғы бір баласына Сопы Алаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде Абайдан Ысқақ артық болады дегендерге: «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтесіңдер ғой» дейтін сөзі Абайдың өз есінде қалған екен. Бұл әкенің балаға берген бағасы, сыны. Әкесі – Құнанбайдың да, Ұлы әжесі Зеренің де жай адамдар ғана болмағаны тарихтан белгілі. Құнанбайдың өзін дәретсіз емізбеген Зере әже алдымен ұрпағына имандылық пен адамдық қасиетті үйретті. Сыртқы сұлбаңды әлдекiмге ұқсатып, айлакер сиқыршы атандыратын – пендешiлiктен алыс болуға тәрбиеледі.
Құнанбай қажының кеңінен толғап сөйлер тереңдігі, өз тұстастарының ғана емес, шетелдік саяхатшылардың да назарына іліккен. Ал бала Абайдың өлеңге құштарлығы, бала кезінде жазған өлеңдері туралы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Тегінде, Абайдың жас шағында айтқан өлеңдері көп болмау керек. Болғаны болса, Абай қағазға жазбай, орайы келген жерде қалжың сөз ретінде ауызша айта салып, артынан өзі де ескермей ұмытылып қала берген сияқты».
Абай қара сөздері мен діни өлеңдерге бет бұрған тұс қиянатқа аттап баспайтын, жүрегiнiң басына шүкiршiлiк жинаған, маңайына адамшылық пен iзеттiлiктiң шамын жаққан, анық пайғамбарлық мінезге бет бұрған кезең еді. Өлеңдерiн, iштегi ойын ырғаққа, ұйқасқа көндiре алмаған кезде, қара сөз – ғақлияларын қағазға кестеледі. Алысты болжап, асыл ойдың тұтқынына айналды. Пендешiлiк күйкi тiрлiктен бойын аулақ ұстап, заманның тұрғысына биіктен қарағысы келді. Ақын – әлемдік гармония радары, көктегі жаратқан ие мен жердегi тiршiлiк иесiнiң жалғастырушысы деп таныған данышпан:
Алланың өзi де рас, сөзi де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас,– дегенде, ұлы ақын әр нәрсенің түбі, болмыстың негiзi – Жаратқан ие, ал сол iстiң сол мiнездiң, сол сергелдеңнiң себепшiсi жұмыр басты пенденiң өзi дегенге келтiредi. Құран аятындағы «Аллаға сендім және оның жалғыздығына сендім» дегендi негiз етiп, «Аланның өзi бар, оның сөзі – Құран. Құран сөзi ешқашан жалған болмайды» дейдi.
Жер бетiндегi барлық ғылымдардың қайнар көзі – Құран Кәрім екендiгiн бүкіл әлем анықтап отыр. Оған дәлел – әртүрлі ғылым салаларының беделді өкiлдерiнiң оқымыстылары Құран Кәрiмдi Алланың сөзi екенін мойындап, мұсылман дiнiн қабылдап жатқандары. Жаратылыстың адамзат шешіп болмаған толып жатқан жұмбақтары бар. Оны шешу үшiн әлбетте алдымен жаратылысты, Жаратқан иенің жұмбағын шеше бiлу қажет. Абайдың сан қайталап айтқан «діни» ұғымдағы өлеңінде бүкіл жаратылыс, кеңiстiк, бізге беймәлім тiршiлiк иелері, қоршаған ортаның сыры мен сипаты қосылып, ақынды ерекше күйге баурайды.
Ақын арғы-бергі бiлiмпаздарды көп зерделеген, өзі де үлкен жүректiң иесi. Ол сананың, суық ақылдың ғана айтқанымен жүрген адам емес, уақтынан, ортасынан барынша озып, басқаша ой кешiп, бөлектене бiлген сезiм сипатының иесi. Ендеше қатты күйзелiске түсiп,өз ортасынан бөлектенiп, ешкiмге жоламай, бөлекше тiршiлiк кешкен ақын табиғаты бiзге әлi жұмбақ. «Мен өзім тiрi болсам да, анық тiрi емеспін» деген Абай осы сөзiмен-ақ өзге дүниенің есiгiн ашып, айтқызбай-ақ беймәлім тiршiлiк иелерімен ұғысып тұрған қалпымен-ақ бүгiнгi ұрпақпен үндеседі.
– Абайдың: «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер…», «Күллі мақлұқ өзгерер, Алла өзгермес…», «…Алланың өзі де рас, сөзі де рас!» деген сынды өлең жолдарынан, намазға, иманға, өзге де діни амалдарға қатысты жазбаларынан оның Құранды жақсы білгенін, ислам дінін жетік зерделегенін көреміз. Абайдың Ахмет Риза медресесінен білім алғанын тарихтан білеміз, алайда, оның діни сауаттылығы медресенің деңгейінен әлдеқайда жоғары…
– Қазіргі таңда Абайды түгел зерттеп танып болдық» деген жаңылыс пікір тарап жүр. Абайдың әлі күнге дейін терең зерттелуді қажет ететін өлеңдері, сөздері көп. Соның бірі : «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» өлеңінде мынадай жолдар бар:
Амантү оқымаған кiсi бар ма,
Уәктүбиһи дегенмен iсi бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлықпен ол сiздерге, сіз де оларға.
Амантү деп отырғаны – Құран аяты. «Бұл жұрттың Құран сөзiне сенемін дегенмен iсi бар ма» деп налиды.
Жаратылыс әлемi мен адам әлемі – ұшы-қиырсыз, басталуы да, аяқталуы да жоқ, тек Жаратушының өзіне ғана аян жұмбақ дүние. Алла өзгермейді, адам өзгереді. Сыртқы сұлбаңды әлдекімге ұқсатып, айлакер, сиқыршы атандыратын – пендешiлiк. Кейбiреулер пенде-ғұмырда дәулетiнiң буына мастанып, Алла тағалаға қарайтұғын қалыбын дүниеге бұрып, боямасыз ықыласын мүлде естен шығарады. Өз қалыбын өзiнше өзгертiп, өзге боп көрінуге тырысушылық – шайтанның iсi.
Адамшылық жолы – Алла тағала әу баста берген қалыбыңды сақтап, оны заманға, мезгiлге байланысты өзгертiп, басқаша қылып көрсетуге тырыспай-ақ тiршiлiк кешу. Екiжүздiлiкпен тiрлiк қылғанда басыңа бақ қона ма? Өзгеге ұқсаушылық түптiң түбiнде өзiңдi кемсітумен пара-пар. Перiштенiң – періге, перiнiң шайтанға айналуы оп-оңай.
Адам нәпсі, өзiмшiл мінезбенен,
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес, – деп отырғаны, мына тезек дүниенiң тезегін теріп, өлiп-өшiп жүргенде, бiр-бiр шайтанға айналып кетпейiк дегенi.
«Күллі мақұлық өзгерер Алла өзгермес» дейді. Абай. Адамның адамшылық қасиетi үш-ақ нәрсе: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Осыларды бұзатын және үш iс бар: пайда, мақтан, әуесқой. Мұны айтқан да Абайдың өзі. Адамның мiнезi иман таразысы секiлдi пайда ойлап, мақтан қылып, әуесқойлық жеңіп, күнде өзгереді. Өзгермейтін жалғыз ғана Жаратқан иесі, сөзi мен пәрменi. Ендеше, қылпылдаған таразы басындай достың көңiлi өзгердi, пейiлi бұзылды, өзгермелi заманның ығына естi деген осы. Әл-Фарабидің «Кемеңгерлік меруерті» деген әйгiлi кітабының әрі ойлы әрі аса мазмұнды түсiнiктемесiмен Абай да таныс болған деген тұжырым бар.
Сан берген, сана берген, санат берген,
Инсан деп саналыға ол ат берген.
Жаратып барша әлемді жалғыз нұрдан,
Жауһари нұр сәулесін тарат деген, – деп әл-Фараби бабамыз айтқан ойды Абай:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, сол Алланы жаннан тәтті, – деп өрбiтiп әкетеді.
«Құдай тағаланың жолы деген ниһаятсыз болады» дейді ақын өзiнiң 38-қара сөзінде. Оның ниһаятына (шегiне) ешкiм жетпейдi. Бiрақ, сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кiм қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делiнедi. Жаратушы иенiң шегi жоқ өзгеше әлемiнiң есiгiн ашып, дәм-тұзын татып, тiршiлiк ләззатына бату, жар сүю, бала өсiру, махаббат пендесiне ғана бұйырған. Жақысылыққа таспай, жаманшылыққа саспай, сол Жаратқан ие сызған жарық сәулемен iлгерi басу, адамдарға ғана тән. Осының өзі кемел бағыт, келелі күнгі шүкiршiлiк. Көңiлдiң тоқтығы, жүректiң иманигүлi. Өз пайдасын ғана ойламай, өзгелерге де жақсылықтан шам жағып, жылу тарта жүріп, сапар шегу толық адамға жеткiзедi.
Адам нәпсі, өзiмшiл мінезбенен,
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес, – депті тағы да. Адамның табиғатынан келе жатқан осалдығы неде? Адам қаншама терiс, қисынсыз тiрлiк жасаса да, «өзiмдiкi терiс болыпты» деп өзін iреп-мiнеп сынауды жақсы көрмейдi. Әйтеуiр бiр себеп-салдар iздеп, iлiк тауып, дұрысқа шығарғысы келедi. Мұнымен тұрмай, өзiн ерекшелегендi, өзге кiсiнiң өзiнен бiр саты болса да төмен тұрғанын ұнатады. Жағымпаз, мүләйiм мінез танытқан сыбайласына «жоқ» деп бетінен қайтарып, турасын айтып, туғанына жақпайтын мiнездi тағы таппайсыз. Бұл шынның жүзiне тура қарауға құдiреттiң жетпейтiндiгi болса керек. Өзiнiң дұрыс iстемегенiн жуып-шайғысы кеп, өзгенi кiнәлеуға құлшынып, керiсiнше өз басындағы кемшiлiкке сыншыл мiнез таныта алмау – адамға анық қатер. Түптің түбiнде жақын деген адамдарынан бөлiнiп, бөлекшеленiп қалуы мүмкiн. Осы шындықты барынша терең түсiнiп, өз кiнәсiн, өз мiнiн көзге шұқып көрсетіп айту әдебиетте Абайдан басталған десе де болады. Ендеше ақынның «Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім де өз сөзiм емес, бәрі де әлдекiмдiкi», «бойымдағы мiндi санасам, тау тасынан аз емес» дегенінде үлкен сыр жатыр.
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы.
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы, – деген Абай – ең әуелі жан дүниенiң құбыла өзгеруiн қас қақпай танитын, өзiн де, өзгенiң де iшкi сарайын айнадан көргендей көрiпкелдiкпен тамыршыдай тап басып айтатын қасиет иесi. Ол – жан құбылысын рухтан, қасиеттi Құраннан ажырата бiлушi, Құран сөздерiн пәлсапалық тұрғыда түсiнушi ғұлама.
– Абай мен Құнанбайды бір-бірінен бөле-жарып қарау мүмкін емес. Ұрпақ тәрбиесі ислам дінінде де маңызды шараның қатарынан саналады. Ендеше қазақтың маңдайына біткен ұлы ақынның данышпандық деңгейге жетуіне әкесінің әсері болмауы мүмкін емес. Алайда, Құнанбай бейнесі бүгінгі қоғамда түрлі пікір тудырады, екіталай сипатқа ие…
– Дұрыс айтасыз. Ұрпақтар сабақтастығы, әсіресе, әке мен баланың арақатынасы мәңгілік мәселе. Ал Құнанбай туралы ауызға алғанда, алдымен поляктың саяси қайраткері А.Янушкевичтің сапарнамалық күнделігіне тоқталсақ та болады. “Құнанбай – өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран
қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі. Жұрт пайғамбардай сыйлайды. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай ауылдардан келіп жатады. Тобықты руының сеніміне ие болып, болыстыққа сайланған…, әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлығына қарсы қалқан болған” деп сипаттайды Құнанбайдың қайраткерлік тұлғасы туралы.
Балаларының ішінде Абайдың болашағынан ерекше үміт күтіп‚ оны он үш жасынан қасына ертіп, билікке баулыған. Абай да әкесінің билік жолын үлгі тұтты. Ел арасында Құнанбай айтты деген нақыл сөздер кең тарағаны белгілі. Оның өмірі мен қайраткерлігі туралы деректерді жинап, бір ізге түсірген М.Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясында Құнанбай бейнесі кеңестің идеологиялық ықпалына сай бұрмаланғанымен‚ жан-жақты сипатталып, шебер сомдалған. Автордың Құнанбайды қатал өктемдіктің өкілі етіп суреттеуінің сыры «таудың биіктігін алыстан қарау керк» дегенге саяды. Қазақ-кеңес әдебиетінің асқар тауы, алтын діңгегі болған сом тұлғалы дарын иесі Әуезовтің шар қайрағына айналған Құнанбайды өткен күндердің көзқарасымен оқысақ, шын мәнінде нашар, озбыр адам тәрізді. Романды бар ықыласымен, әрбір сөзіне мән бере терең ықыласпен оқысаң, Әуезов оны еш жаман етіп көрсетпеген. Қайта Құнанбай – ақылды, жетер жерін білетін, терең ойлы адам. Сонымен бірге, көкірегі ояу, көреген, ашуы мен қайратын қатар ұстайтын қайсар рухты адам екеніне көз жеткіземіз.
Автордың бұл романда Құнанбай бейнесін жасаудағы шырғалаңының сыры сол кездегі саясат пен саяси ахуалмен байланысты болып отырғаны бәрімізге аян. Ол кезде бай, сұлтан, молданы мақтап сөз сөйлемек түгілі, жанына жақын барудың өзі айып болғаны кешегі 1930-жылдар зобалаңынан-ақ белгілі емес пе? Олай болса, жазушы сол заман ағымына бағынды. Заман солай сөйлетті.
Әкесінің қырық жасынан асқан шағында дүниеге келіп, оның соңғы қырық жылдық өмірін өз көзімен көріп өскен Абай 1895 жылы баласы Әбдірахман дүниеден қайтқанда шығарған «Арғы атасы қажы еді…» деген жоқтау, жұбату өлеңдер Құнанбай туралы бар шындықты айтып, әкесінің ел сүйсінерлік ерен тұлғасын жасады. Абайдың суреттеуінше де Құнанбай – ізгі істерімен артына өлмейтін атақ қалдырған, мұң-шерлі жоқ-жітіктердің қамқоршысы болған, ақылды, адал, жомарт, әділ адам. Құнанбайдың қоғамдағы игілікті қызметінің бірі – оқу-ағарту ісіне ерекше мән бергені.
Бұл жөнінде абайтанушы, ғалым Асан Омаров былай дейді: «Құнанбайды Тобықты елі әу баста «мырза» деген, Мекке сапарынан соң «қажы» атаған. Қажының халық қамқоршысы болған қайраткерлік қыры аз айтылып-жазылып жүрген жоқ. Зерттеуші ғалымдардың еңбегі көбіне ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов жинақтаған естеліктерге, поляк саяхатшысы Янушкевичтің күнделігіне және өз ұрпағы Абай, Шәкәрім, Ахат айтқан сөздерге негізделеді».
«Қарадан хан болған» Құнанбайдың атақ-даңқын алты алашқа жайған өнегелі ісі әкесі Өскенбайға үш жүздің басын құрап ас беруі болады. Ташкент, Бұхара төңірегіндегі Ұлы жүз қазақтары да қажыға сый-сыйапаттарымен келіп, құрмет көрсетеді. Үш жүздің ел басқаратын адамдарын, билерін, ақын-жырауларын, ат ойнайтын сайысшыларын тегіс шақырады. Асты Алшынбай, Тәттімбет, Жанақ ақын, Байжігіт, Тана би өткізеді. Күтушілер – Тоқсанбай (Шаншар), Жанғұтты (Әлтеке-Сырым), Есберген (Қарсон-Керней), Жәңгір (Керей) бастаған 12 болыс.
Бала болса да сол кезде Абай әкесі дәме қыларлық белгілерді көрсете бастаған еді. Барлық балаларына қатал, қатты сыншы болған Құнанбай Абайдың өзгелерден артық екенін ертеден сезген деуге болады. Құнанбай өзі тұстас ру басылардың қақ жартысын өзіне қарсы тұратын жау қылып алып, көп өмірін сол жаулықтың жолында алыс-жұлыспен өткізген. Қарсысына шыққан ру басыларды үлкен тартыстың аяғында жеңіп алса да, сондағы ішке байланған мұз көбінің есінен кетпеген. Алайда, сыртқа да, ішке де әмірі жүріп, жуандап алған оның маңайында да талай сотқар туысқандары болады.
Мұхтар Әуезов 1933 жылғы Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп еді. Дегендей, Тобықты руларын орналастыру, дау-жанжалды реттеу, ауыл басы молда ұстау, мұсылмандықты өтеу (намаз оқу, зекет беру), балаларды оқыту, т.б. әлеуметтік істерде көп еңбек сіңірді. Өзінің айналасына жақсы жерден қыз алу, ара-ағайын татулығын сақтау, сол үшін бірінің баласын екіншісі бауырына салу салтын екті. Қысқасы, Ырғызбайлардың жалы күдірейген көшелі елге айналуы – Құнанбайдың арқасы. Оның тәлім-тәрбиелік ықпалы көпқырлы мәселе екені шүбәсіз.
Құнанбай Жымба деген күзегінде дүние салған. Бұл – Сарыарқаның Семей жақ жиегі – Арқалық адырына таяу тұс. Қажы ұзақ өмірінің соңын қалың қыстаулардан қашық Жымбада өткізеді. Аталмыш адыр Уақ руына қарасты болған. «Ұрпақ өседі, жер өспейді» деген қағидаға адал мырзаның Жымба күзегіне ие болуы Тобықтының Ертіс дарияға қол артқаны есепті. Осылайша Құнанбай ауылдары Жондағы Бақанас жайлауынан Жымбаға дейінгі аумақты иеленді. Ысқақтың бәйбішесі Мәніке айтты дейтін «еңкейсем – Ертісім, шалқайсам – Шыңғысым» деген мәтел сөз содан қалған.
Саналы ғұмырын Тобықты жерін молайтуға жұмсаған қажы Абайдың қыстауы – Ақшоқыға, өзі Халилолла деген баласына салдырған зиратқа жерленеді. Қажының жаназасында Байкөкше ақын дүйім жұрттың көзінше: «Құнан кетті, алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай» деп Абайға сенім арта сөйлепті. Қарт ақын қателескен жоқ, Абайдың атағы бірер жылда-ақ қазақ көгінде қалықтады. Заманында Нысан абыз деген ел сыншысы Өскенбайға: «Өзіңнің бағың Қыдырдай болса, балаңның бағы Шыңғыстай болады» депті-міс. Дәлді сөз. Бірақ ол күнде Абайға қонған бақ Құнекеңдікінен әлдеқайда асып түсетінін кім болжаған.
Меккеден келген соң ел ісіне өзі араласпай, балаларына жол береді. Оның әкесі Өскенбай Тобықты елін билеген беделді адам болған. Өскенбайдан басталған билікті оның ұрпағы 150 жыл бойы, кеңес үкіметі келгенге дейін қолдарынан шығарған жоқ. Құнанбай әуелі шағын ауылды басқарды, кейін болыс басқарушысы болып сайланып, Тобықты елін биледі. Дуанды басқаратын аға сұлтан дәрежесіне дейін жетіп, даланың беделді де білікті әкімдерінің қатарына көтерілді.
Құнанбай жайында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында әдебиеттік кейіпкер бейнесі жасалған. Қайратты Құнанбай дүние ісіне көз салмай, көңіл аудармай дүниеден озады.
– Құнанбайдың қажылыққа барып, сонау Меккеде мешіт салдырғаны – тарихи ақиқат. Ислам діні ізгілік пен мейірімділікті, жұмсақтықты насихаттайды. Ал Абайдың әкесі сұлтан болып, ел билеген тұсында көптеген істе қатал шешім шығарып, белден басуын қалай түсіндірер едіңіз?
– Иә, Құнанбайдың аға сұлтандық қызметіне байланысты қарсы айтыс-тартысқа түскен адамдары да аз болмаған, талай рет үстінен жазбаша шағым арыздар да түсіріп, тергеуге алынған көп әрекеттерден кейін ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат тауып, ораза намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. Жетпіс бір жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып, «Меккеге барып, тауап етіп қайтайын деп едім» деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жетерлік қаражат жинап беріседі. Абай – өзі басқарып Мекке жақтың жолын, жөнін жазып беріп және ауызша ұқтырып жібереді. Ол күнде жол қатынасы өте қиын, Семейден ат-арбамен шығып, Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып, поезға мініп, Қара теңізден параходқа отырып, көп қиындық көріп, бір айдан асқанда Мекке қаласына жетеді.
Ол уақытта қажы болуға барған қазақ аз екен. Барлық үш жүздің баласынан барушы жеті-сегіз ғана адам болады. Құнанбай қасына өзінің асырап алған інісі есебінде ұстаған адамы Ізғұттыны ертіп, жолдан Қаракесек Байбөрі руы, бұдан бұрын Меккеге бірнеше рет барып қайтқан Әндірбай Халфеге барып, сол кісіні басшылыққа алып кетеді. Жолда бірнеше рет ат ауыстырып, қажылық сапарда бір жыл екі ай жүріп қайтады. Осы сапарында қазақ қажылары түсіп жүретұғын кіші такия мешітін салдырады. Жетпіс екі жасында қажылыққа барып, қайтып келген соң, 8-9 жыл өмірін ылғи дін жолындағы құлшылықпен өткізеді. Меккеден келген соң, «дүние сөзін сөйлемеймін» деп ешбір жанмен тіл қатпай, оңаша үйде құдайға құлшылық етеді. Тобықты елінен тұңғыш рет қажылық сапарға барып қайтқан Құнанбай қажы еді.
Құнанбай «Ескі там» деген жерде мектеп ашып, 1849 жылы Қарқаралыда мешіт салдырғаннан кейін, 1874-75 жылдары қажылық жолмен Меккеге барып, онда мұсылман елінен барған адамдар түсетін үй – Тәкие салғызғаны туралы дерек бар. Бірақ, заман ағымына қарай Меккеге барып қайтқандар қазір елімізде көптеп саналғанымен, солардың бірде-біреуі Құнанбай салдырған сол мешітті көрдім деген жоқ. 1900 жылы Қазан баспасынан жарық көрген семейлік Әбдірахман Жүсіплұының «Қажы Әндірбай қалпе» деген жыр үлгісімен жазылған кітабында Құнанбайдың Меккеге сапарына қатысты жолдар бар. Бұл сапар жайлы деректер 1883 жылы Қазанда басылған «Маңызды мәселeлер» деген кітапта Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердиевтің кітабында да айтылады. Әкесінің бұл сапары туралы Абайдың:
«Меккеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына,
Малды аямай бұлапты» деген жолдарын да оқимыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
KazIslam.kz