Бірде әзіреті Әбу Бәкір (р.ғ.) кедей Мұстах есімді бір мұқтажға үнемі жәрдем беріп тұрушы еді. Ифк оқиғасы деген атпен белгілі болған хазіреті Айша анамызға жала жабушылардың ішінде Мұстах та бар болатын.
Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайы Айша (р.һ.) анамызға жала жабушылар арасында Мұстахтың да болғанын естіген кезде хазіреті Әбу Бәкір бұдан былай оның жанұясына көмектеспеуге ант ішеді. Әбу Бәкірдің жәрдемі тоқтап қалған кезде Мұстахтың жанұясы бейшара халге түседі. Бұл Мұстах Айша анамыздың немере бауыры еді.
Ғалымдарымыз мына аяттың осы оқиға кезінде түскендігін риуаят етеді: «Араларыңдағы молшылық пен дәулетке ие болғандар жақындарына, міскіндерге, мұхажирлерге Алла жолында бермеуге ант етпесін! Ғапу етіп кешірсін. Алланың сендерді кешіруін қаламаймысыңдар ма? Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді!». (“Нұр” сүресі 22-аят).
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Әбу Бәкірді шақырып:
– Саған Алла Тағаланың кешірімі керек пе? – деп, жоғарыдағы аятты оқып береді. Сонда Әбу Бәкір (р.а.):
– Әлбетте мен Алланың кешіруін қалаймын! – деді де, антын бұзып, әрі мұны бұзғандығы үшін кәффаратын да өтеп барып, Мұстахтың жанұясына жәрдем етуін жалғастырды. Себебі, ол Алланың кешіріміне лайық болу үшін кешірімшіл бола білу керектігін түсінген еді.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ