«Бір кісі көрші ауылдағы бауырының хәлін білу үшін жолға шығыпты. Алланың әмірімен жолда оған адам кейпінде болған періште жолығады.
– Қайда барасың? – деп сұрайды одан періште.
– Мына ауылда тұратын бауырымның хәлін білу үшін келе жатырмын.
– Ол саған бір нәрсе беруі керек пе? – деп сұрайды періште.
– Жоқ, ондай ештеңе жоқ. Мен оны Алла үшін жақсы көремін, сондықтан іздеп келе жатырмын. Оның жауабына қанық болған періште:
– Ендеше, мен саған Алладан келген елшімін! Сен ол бауырыңды Алла үшін қалай сүйетін болсаң, Алла да сені солай сүйеді. Осыны білдіру үшін келдім! – дейді.
Келесі бір риуаятта әлгі адам мұсылман бауырын Алла үшін жақсы көруі себепті Алла Тағала оған жәннаттан бір сарай көтергендігі туралы айтылады. Бір-бірімізді Алла үшін жақсы көріп, мейірімділікпен қарым-қатынас жасасақ сол үшін де сауап болмақ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ