Сол үшін Ислам бұл өмірде ата-ананың разылығын, олардың ақ батасын алуға бұйырады. Алла тағала «Менен сұрап, мінәжат еткен адамның дұғасын пердесіз қабыл аламын» деп уәде берген бірнеше адам бар. Ана – осы адамдардың бірі. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасы күмәнсіз қабыл болмақ. (Олар): жәбір көрген адамның дұғасы, жолаушының жасаған мінәжаты және ананың баласына қылған дұғасы» деп айтқан (Ахмед, Бұһари).
Расында да Алла тағала ананың баласына жасаған батасын пердесіз қабыл алады. Сондықтан да ана мен әке бұл дүниеде жүрген тірі бата десек қателеспейміз. Бұған қоса ата-анаға жақсылық жасауды Алла тағала бізге міндет етті: «Біз адамзатқа әке-шешесіне жақсылық істеуін әмір еттік…» (Ахқаф: 15).
Егер адам бұл дүниеде бақытты, ал ақыретте жәннатты болуды қаласа, онда оған анасының ризашылығын алуы парыз. Әйтпесе, ақырет күнінде оның жағдайы мүшкіл болмақ. Бұл тақырыпқа қатысты Абдулла ибн Ауфтан (р.а.) мынадай риуаят келеді:
«Пайғамбардың заманында Алқам есімді жігіт болды. Ол намазын оқып, оразасын ұстап, садақасын беретін. Бір күні Алқамның келіншегі Алланың елшісіне (с.ғ.с.) келіп, күйеуінің жаны қысылып жатқандығын айтып:
– Менің күйеуімнің жаны қысылып, тілі «лә иләһа иллалла» кәлимасына келмей қиналып жатыр, – деді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) дереу сол жаққа Аммарды, Суһайбты және Биләлды жіберіп, оларға:
– Барып, ол жігіттің тілін кәлимаға келтіріңдер – дейді.
Біраз уақыттан соң олар да қайтып келіп, жігіттің тілі кәлимаға келмей жатқанын айтады.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) орнынан тұрып, жігіттің үйіне барып:
– Лә иләһә иллалла (Алладан басқа құдай жоқ) деп айт, – деп бұйырды.
Өлім ауызында жатқан жігіт:
– Айта алмаймын, – деді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Неге тіліңді кәлимаға келтіре алмайсың? – деп сұрады.
Сонда маңайда тұрған адамдар:
– Бұл жігіт анасының тілін алмаушы еді, – деді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұрылып:
– Анасы тірі ме? – деп сұрайды. Олар:
– Ия, тірі, – деп жуап береді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Олай болса, анасын шақырыңдар. Егер ол келе алмаса онда мен барамын – дейді.
Анасының тұра алмай төсекте жатқаны туралы хабар келеді. Сонда пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі әлгі жігіттің анасының үйіне барып, ауласында күтіп тұрады. Бұл хабарды естіген кейуана:
– Жаным пида болсын! Пайғамбардың құзырына менің баруым тиіс еді, – деп таяғына сүйеніп, орнынан тұрады.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Жаны қысылып жатқан жігіт сіздің ұлыңыз ба? – деп сұрайды. Кейуана:
– Ия, ол менің ұлым.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Маған шыныңызды айтыңыз. Бұл баланың жағдайы қалай? – деп сұрайды.
Кейуана:
– Жақсы, балам көп намаз оқиды, көп ораза ұстайды және көп садақа береді, – деп жауап береді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Маған оның сізбен араңыздағы қарым-қатынасы туралы айтсаңыз, – деп сұрайды.
Сонда барып кейуана:
– Мен оған разы емеспін, – деп жауап береді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Туған ұлыңызға не үшін разы емессіз?– деп сұрайды.
Кейуана:
– Ол мені ренжітіп, әйелінің жетегінде кетті, – дейді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) кеуананың өз ұлына қатты ренжулі екенін және оған аналық ризылығын бергісі келмей тұрғанын көріп:
– Анасы ұлына ашулы. Сондықтан оның ұлының тілі кәлимаға келмей жатыр. Ей Биләл, көп отын жина! – деп дауыстайды.
Кейуана:
Уа, Алланың елшісі! Не істегелі жатырсың?
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Сіздің көз алдыңызда балаңызды отқа жағамыз, – дейді.
Кеуауна:
– Уа, Алланың елшісі! Бұл менің бауыр етімғой! Көз алдымда отқа тасталғанын қаламаймын. Бұған менің жүрегім шыдамайды.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Ей, Алқамның анасы! Ақиқатында, Алланың азабы бұл оттан анағұрлым күшті және мәңгі. Егер балаңа жақсылық қаласаң, онда оған кешірім жаса. Жаным уысында болған Аллаға ант етемін! Алқамның оқыған намазы, берген садақасы және тұтқан оразасы оған пайда бермейді. Себебі, сіз оған ашулысыз, – деп ұлына аналық разылығын беруін сұрайды.
Ұлының оттан аман қалуын қалаған кеуана:
– Уа, Алланың елшісі! Олай болса, мен ұлымды кештім, – деп ұлына аналық разылығын береді.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Олай болса сіз балаңызға разы болғаныңызды Алланы және мені куәгер қылыңыз, – дейді.
Кейуана:
– Ей, Алла! Сені және Сенің елшің Мұхаммедті, періштелер мен мені көріп тұрған мұсылмандарды куәгер етемін! Мен ұлыма разымын, – деп куәлік береді.
Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.) Биләлға қарап, ажал құшағында жатқан жігіттің хәлін біліп кел. Оның тілі кәлимаға келді ме екен? Бәлкім, Алқамның анасы баласына жасаған кешірімін шынайы ықыласымен емес, менен ұялғаннан айтқан шығар – деп әмір етеді.
Биләл ажал құшығанда жатқан жігіттің ауласына кіргенде үй ішінен «лә иләһә иллалла» деп айтқан жігіттің дауысын естиді. Кейін:
– Уа, жиналған жұрт! Алқамның анасы баласын кешірді. Анасының разылығы оның тілін кәлимаға келтірді, – деп хабарлайды.
Бір күннен соң Алқам қайтыс болады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оны жуып, кепендеуге бұйырады. Оның жаназасына қатысады. Кейін Алқамның қабірінде тұрып, жиналған жұртқа:
– Уа, муһажирлер мен ансарлар! Келінді көтермелеп, анасын аяқ асты етуден сақ болыңдар! Расында Алла мұндай адамның амалдарын қабыл етпейді. Ол үшін тек шынайы тәубе жасау қажет. Анаға жақсылық жасап, соның разылығын алыңдар. Ақиқатында, Алланың разылығы – ананың разылығында, Алланың ашуы – ананың ашуында – деп насихат айтады». Дәл осындай риуаяты имам Ахмед және Табарани да келтірген.
Бұл хадисте баяндалған оқиға барлығымыз үшін үлкен ғибрат. Хадистен байқағанымыздай, өмірде намаз оқысаңыз да, ораза ұстасаңыз да, садақа берсеңіз де бірақ, ананы ренжітсеңіз, онда жасаған құлшылықтың сізге титтей де пайдасы тимейді. Жан алқымға келген шақта ананың разылығы болмаса, тілі құрғыр кәлимаға келмейді екен. «Менің тілім арабшаға үйренген», «Мен кәлиманы жиі айтамын», «Мен намаз оқимын, ал анам намаз оқымайды» деген сияқты т.б. сөздер жәй ғана пендешілік. Мұндай бос сөздерді қойып, бізді түн ұйқысын төрт бөліп, шаршаса да күлімдеп, бағып-қаққан анамызға құрмет көрсетейік. Біз ананы сыйласақ, бізді Алла сыйлайды. Біз анаға ізет-құрмет қылсақ, бізді Алла құрметтейді. Біз ананы қуанышқа бөлесек, Алла қаласа бізді жәннатқа бөлейді. Аналарымыздың өмірі ұзақ болсын.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы, философия ғылымының кандидаты