Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары Хатшылығының 21 отырысына қатысып жатқан Кавказ мұсылмандары басқармасының Төрағасы, Шейх-уль Ислам Аллахшүкір Пашазаде Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған бұл іс-шараның маңызы әлемдік деңгейде жоғары екенін айтты.
– Бұл съезд үлкен жиын, халықаралық деңгейде танылған алаң. Саяси және діни қайраткерлер бас қосатын жер. Түрлі дін өкілдеріне осындай үлкен мүмкіндікті беріп отырған Қазақстанның дана басшыларына өркениеттердің басын қосқаны үшін алғыс айтамыз.
Біз Қазақстанның бұдан әрі де дінаралық және өркениетаралық диалгты дамытуға үлесін қоса беретініне сенеміз.
Қазір әлем бұрын-соңды болмаған қиындықты бастан кешіп жатыр. Мұнда ең басты міндет – Алла берген адам өмірін қорғау. Қазір дүние ұлы апаттың алдында тұрғандай.
Еуропада қасиетті Құран кітабының өртелуі алаңдауымызға себеп болды. БҰҰ бұл әрекеттерді сынға алып, наразылығын білдірді. Бұл сөз бостандығы деген желеумен жасалып отырған жағдай. Біз бәріміз осындай істердің бәріне қарсы бірауыздан өз үнімізді білдіруіміз керек. Мен саяси көшбасшылардан әлемді дінаралық қақтығыстардан, қатерлерден құтқаруды сұраймын, – деді ол.