Сұрақ: «Алладан ұялу» дегенді қалай түсінеміз?
Жауап: Расында да халық арасында «Құдайдан ұялсайшы!» немесе «Құдайдан қорық!» деген сияқты сөз тіркестері бар. Көп жағдайда біз бұлардың мағынасына терең үңіліп жатпаймыз, тек айтып қана қоямыз. Негізінде мұндай сөздердің астарында үлкен мағына бар.
«Алладан ұялу» сөз тіркесіне келсек, мұның бірнеше мағынасы бар. Бірінші мағынасы, адам әділдіктің ала жібін аттап, зұлымдық қылған уақытта Алланы еске алу, Құдайдан қорқу мағынасын білдіреді. Ал дін исламдағы мағынасы – тақуалық қылу және құлшылықтың ең жоғарғы түрін, яғни, «ихсанды» (Алланы көріп тұрғандай сезіну, Оған құлшылық ету) мағыналарын білдіреді.
Мұндай «ихсан» дәрежесіне жаткен адамдар Алланың білім және көру сипаттарын мүлдем естен шығармайды. Алладан шынайы ұялған адам тек құлшылық уақытында емес, қоғамда, отбасында, тіпті жеке қалған уақытта да көрегенді және әдепті. Ондай адамдардың қатарына Алланың пайғамбарларын, әулиелерін, сүйікті құлдарын жатқызуға болады.
Ислам тарихында мұндай адамдар көп болған. Мысалы, Ибн Касир «Әл-Бидая уан-ниһая» кітабында: «Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) бой дәрет алған уақытта, есігі құлап, бөлмеде жалғыз болса да іш киімін шешуге және бойын түзу ұстауға Алладан ұялған жан екен», – деген хабарды келтіреді.
Солай болуы да керек. Себебі, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Үмбетімнің ішінде ең мейірімдісі – Әбу Бәкір. Алланың дініндегі ең қатаң мінездісі – Омар. Ал ең ұялшағы – Осман», – деп айтқан (Әһлу сунан).
Дегенмен, қарапайым мұсылман барлық уақытта, құлшылық қылған кезінде, адамдармен қарым-қатынаста, жұмыс барысында, жанұясында, басқалармен мәміле жасаған уақытта әдепті болуға тырысады. Өйткені, ол Алланы есінен шығармайды, Алладан ұялады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ