«Худжат ул ислам», яғни исламның дәлелі, құжаты атанған Имам Әл-Ғазали Жүректің сырлары (Мукашафатул қулуб) атты еңбегінде Әбу Лейс Aс-Самарқанди (р.а) былай дегенін келтіреді.
Алладан қорқудың белгісі жеті жерде білінеді:
- Тілдің қорқынышы. Алладан қорқу кісіні өтіріктен, жалған сөйлеуден, ғайбаттан, өсек айтудан, жала жабудан, қажетсіз сөздерді атудан сақтайды. Қайта тілін Алланы еске алуға, Құран Кәрімді оқуға және білім үйренуге жұмсайды.
- Жүректің қорқынышы. Алладан шынайы түрде қорқу жүректен дұшпандықты, жала мен қызғанышты жояды. Себебі, қызғаныш – жасаған жақсылықтарды жояды. Қызғаншақтық жүректегі ең үлкен аурулардың бірі екенін естен шығармаңыз.
- Көздің қорқынышы. Алладан қорыққан көз харам нәрселерге қарамайды. Дүниелік нәрселерге құнығушылық немесе ашкөздікпен емес, ғибрат көзімен қарайды. Өзі үшін халал болмаған нәрселерге ешуақытта көз тікпейді.
- Асқазанның қорқынышы. Алладан қорыққан кісі ешқашан да харам ас ішпейді. Харам ас ішу үлке күнәларға жатады.
- Қолдың қорқынышы. Алладан қорыққан кісі қолдарын ешқашан харам нәрселерге салмайды. Тек Жаратушыға бағына отырып сауапты нәрселерге қол ұшын созады.
- Аяқтың қорқынышы. Алладан қорқушы аяқ тыйым салынған жерлерге және күнә істерге аяқ баспайды. Тек қана қайырымдылық, Алланың рызалығына лайық жолда, ғалымдармен және салихалы кісілермен бірге бол үшін жүреді.
- Аллаға мойынсұнудағы (яғни, итағатында) қорқыныш. Алладан қорқушы кісі құлшылығын және итағатын тек Алланың разылығы үшін жасайды. Рия және нифақтан (Аллаға қарсы келуден) сақтанады.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ