«Бірде бір адам басқа ауылда тұратын бауырына бару үшін жолға шығады, ал Алла Тағала оған жолда кездесетін бір періштені жібереді. Ол адаммен жолда кездескенде: «Қайда бара жатырсың?»– деп сұрайды. Ол:
– Мен ана ауылда тұратын бауырыммен жолығуға бара жатырмын, – деп жауап береді. Періште:
– Онда мұқтаж шаруаң бар ма еді? – дейді.
Ол адам: «Жоқ» деп жауап береді.
– Мүмкін туыстығың бар шығар?
– Жоқ.
– Әлде саған өткен жақсылығы бар ма?
– Жоқ.
– Онда не үшін бара жатырсың?
– Расында, мен оны Алла Тағала үшін жақсы көремін.
Сонда періште:
– «Сен ол адамды Алла үшін қалай жақсы көрсең, Алла да сені солай жақсы көреді» деп айту үшін мені саған Алла Тағала жіберген, – дейді».
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ