Сұрақ: Алла тағаланы еске алу зікір болып саналады ма?
Жауап: Зікір дегеніміз әрдайым Алланың еске алып, үнемі ұлы Жаратушының назарында екіндігін білу деген сөз. Зікір – Алланы еске алуы немесе айтылуы насихатталған мадақ, дұға, тәсбих пен ғибадат тәрізді сөз бен іс-әрекеттер. Зікір – Алланың бар және бір екендігі мен шексіз құдіретінің дәлелі болған жаратылысқа қарап, терең ойлау, тәфәккүр ету.
Бүкіл мал-мүлкін, үйлерін Меккеде тастап хазіреті Пайғамбармен бірге Мәдинаға хижрет ектен кейбір кедей мұсылмандар Алла елшісінің қасына келіп, өздерінің мұң-мұқтаждықтарын айта бастады:
«Уа, Алланың елшісі! Байлар жұмақтың ең жоғарғы мәртебелері мен мәңгілік нығметтің бәрін алып кетті. Өйткені біз қалай намаз оқысақ олар да солай бізбен бірдей намаз оқиды, біз қалай ауыз бекітсек олар да бізбен бірдей ораза ұстайды. Бізден артық байлығы болғандықтан онымен қоймай қажылыққа, умраға барады. Жиһадқа шығып, садақа береді. Ал біздей пақырлардың садақа етіп бере қоятын малымыз жоқ»,-деді.
Сонда Алла елшісі: «Сендерге бір хабар айтайын ба?»,- деді де әрі қарай сөзін жалғап:
«Сол айтқандарымды істейтін болсаңдар, сендерді сауапта озып кеткендерді оңай қуып жете аласыңдар. Ал сендерден кейін келгендердің ешбірі сендерді басып оза алмайды. Елдер арасында ең қайырлы ел боласыңдар. Әрқашан намаздың артынан отыз үш рет тәсбих, отыз үш рет тахмид, отыз үш рет тәкбір айтыңдар»,- дейді[1].
Басқа бір хадисте болса Хақ пайғамбар осы тәсбихтарды айтқан соң:
«Кімде кім саны тоқсан тоғызға толған осы тәсбихтарды «Ләә иләһә иллаллаһ уәхдәһу ләә шәрикә ләһ ләһул-мулку уә ләһул-хамду уә һуа ала күллі шәйин қадир» деп жүзге толтыратын болсаң күнәлары теңіздің көбігіндей болса да кешіріледі»,[2]– деп исі мұсылманды сүйіншілеген еді.
Және бір күні хазіреті Пайғамбар сахабаларымен бірге отырғанда оларға бір сауал тастап: «Сендердің қай қайсыларың болса да әр күн мың сауапқа қол жеткізуге шамасы келмей ме?», – дейді. Сол жерде отырған сахабалардың арасынан біреу бұл сауапқа қызығып: «Біздің бірі мың сауапқа қол жеткізе алады?»,-деп сұрағанда Алла елшісі: «(Алланы) жүз рет тәсбиһ етіп (субханаллаһ) дейтін болса, өзіне не мың сауап жазылады не болмаса мың күнәсі өшіріледі»,- деп жауап береді.[3]
Алланы зікір ету жүректің азығы, дертінің шипасы, мол табысқа жетудің арқауы. Алланың ең көркем есімдерін зікір ету, оның есімінің ұлылығын ойланып қайта қайта айту, жүрек пен санаға күш береді.
Қорыта айтқанда, зікір – мұсылманның жүрегінің қуанышы, күйзелген көңілге тыныштық қайнары, «жүректер тек Алланы зікір етумен жай табады» аятында айтылғандай рухани жан тыныштығына ашылған есіктің кілтері.
Балғабек Мырзаев
[1]Бухари, Азан 155;
Муслим, Мәсжид 142.
[2]Муслим, Мәсжид 146.
[3]Муслим, Зкір 37.
Ой саларлық жазба Ұтымды жауап үшін рахмет)