«Кәнзүл-Ғуммәл» және «Кәшфүл-хафа» хадистер жинағында Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят етілген мына хадис келтірілген: «Бір араб: «Уа, Расулулла! Қиямет күні жаратылғанды кім жауапқа тартады?», – дегенде, Расулулла (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Алла Тағала», – деп жауап береді.
– Қағбаның Раббысымен ант етемін! Ондай болса, біз сәттілікке қол жеткізгеніміз!
– Уа, араб! Қалайша?
– Өйткені, Алла Тағала – Кәрим! Ол тағдырды Өзі белгілеп, Өзі кешеді!».
Кәрим – Жомарт.
Хақ Тағала «Нәмл» сүресінің 40-шы аятында былай деген: «Кім шүкіршілік етсе, ол өзі үшін. Ал, кім күпірлік етсе, онда Хақ Тағала – бай, жомарт».
Яғни, кім Алла Тағалаға шүкіршілік етсе, ол бірінші өзі үшін жақсы. Ал, кім күпірлік етсе, онда Алла Тағала еш нәрсеге, соның ішінде пенденің шүкіршілігіне де мұқтаж емес әрі Ол – Жомарт.
Алла Тағаланың көркем есім-сипаттарының бірі – Әл-Кәрим (Жомарт).
Расында да, Жаратушы Иенің кеңшілігінде шек жоқ! Қараңыз! Хақ Тағаланың Өзі пенденің күнә істеуін тағдырына белгілейді. Кейін, сол пендесі тәубеге келіп, Одан кешірім тілесе, Иесі оны кешеді. Ол ол ма! Пендесінің ықыласты тәубесі себебінен істеген күнәсін жақсылыққа ауыстырады. Осыдан өткен жомарттық бар ма?!
Расында да, Хақ Тағала – Бай әрі Жомарт! Ол пенделеріне әрі олардың құлшылығына мұқтаж емес. Хақ Тағала олардан ештеңе қажет етпейді. Пенделер құлшылық етсе, оған бірінші мәселеде олардың өздері мұқтаж.
Хақ Тағала «Нәмл» сүресінің 18-ші аятында: «Егер Алла Тағаланың нығметтерін есептер болсаңдар, олардың санына жете алмайсыңдар», – деген.
Сол нығметтің бірі – пенде көк пен жердің арасын толтыратындай деңгейде күнә істейді. Кейін тәубесіне келіп, Раббысынан кешірім тілейді. Сонда Алла Тағала күнәһар пендесін кешеді. Кешіріп қана қоймай, оған бергеннің үстіне бере түседі. Осыдан өткен жомарттық бар ма?!
Хақ Тағала – Бай әрі Жомарт!
Оның қазынасы шексіз! Мына пәни дүние жаратылған сәттен бастап Хақ Тағала барша жаратылғанды ризықтандырып келеді. Осыдан Оның мүлкі азайып қалмады әрі қазынасы кемімеді. Күндіз-түні, әрбір мезетте барша жаратылыс Хақ Тағаланың жарылқауы мен ризық-несібесіне мұқтаж. Алла Тағала сол мұқтаждықтарын өтеуді бір сәтке де доғармады. Осыдан артық байлық бар ма?!
Бес уақыт намазымыз басында елу еді. Біздің әлсіздігімізді елеген Хақ Тағала елу намазды беске түсірді әрі бес уақыт намаз үшін елу намаздың сауабын нәсіп етеді. Осыдан артық жомарттық бар ма?!
Пендесі әлсіз әрі күнәһар болғанына қарамастан Алла Тағала оның істеген бір ізгі амалы үшін жеті жүз есе артық сауабын нәсіп етеді. Осыдан артық жомарттық бар ма?!
Алла Тағаланың қалауы болмаса, ешбір пенде өздігінен ізгі амал істей алмайды. Әрі Хақ Тағаланың рахметі мен жарылқауы болмаса, тек ізгі амалы себебінен жәннатқа кіре алмайды. Бұл да Алла Тағаланың шексіз жомарттығына ишара емес пе?!
Ақиқатына келер болсақ, біздің жақсылығымыздан жамандығымыз басым. Соған қарамастан аз ғана ізгі амалымыздың есесіне Хақ Тағала бізге жәннатын нәсіп етеді. Ал, жәннат деген не? Жәннаты болған пенде мәңгі өмір сүреді. Ол жәннатта ауырмайды, шаршамайды, уайым-қайғы көрмейді, тағысы тағы бар. Осыдан артық жомарттық бар ма?!
Абдуссамад МАХАТ