Адамның аты өмірінде маңызды рөл ойнайтын болғандықтан кез келген халықта ат қоюға ерекше мін беріледі. Сол секілді өзінің еркешелігіне орай Ислам дінінде де кейбір құпталмайтын есімдер бар екені белгілі. Солардың қатарына Алла тағаланың жаратушылығын білдіретін, бір өзіне ғана тиесілі арнайы есімдерді қоюға тыйым салынған. Мәселен, Алла, Рахман, Қуддус, Раббул-аламин, Маликуль-мульк, Рабб, Халиқ, Раззақ т.б. секілді.
Әрине бұл есімдердің алдына міндетті түрде «абд», яғни құл деген сөзді қосып атау керек. Ал Алла тағаланың одан өзге кейбір сипаттарын адамдарға бере беруге болады. Ол сипаттар Алла тағалаға қатысты қолданылғанда шексіздікті білдірсе, адамға қатысты сипат ретінде қолданылғанда шектеулі мағынаны береді.
Ал енді сіздің сұрағыңыздағы «Ғани» атауына келсек, ол араб тілінде бай, ешкімге мұқтаж емес деген секілді мағыналарды білдіреді. Сондықтан араб тілінде бай адамдарға қатысты бұл сипат қолданыла беретіндіктен, балаңыздың атын өзгертудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, Алла тағалаға тән сипаттарды адамға қояр кезде алдына «абд», яғни«құл» деген мағынаны білдіретін сөзді қосып атасаңыз бұл өте құптарлық, әдепке сай іс болмақ.