Күндердің күнінде әйгілі ғалым Хасан Басриға бір кісі келіп елде болып жатқан құрғақшылыққа шағымданады. Ол:
– Алла Тағаладан кешірім сұра! – деп жауап қайтарады. Келесі біреу келіп кедейшілікке, жоқшылыққа шағымданады. Оған да:
– Алла Тағаладан кешірім сұра! – деп жібереді. Тағы біреу келіп ұрпақсыздыққа шағымданады. Оған да:
– Алла Тағаладан кешірім сұра! – деп кері қайтарады. Және бір кісі келіп бақшасының жеміс бермейтініне шағымданады. Оны да Хасан Басри:
– Алла Тағаладан кешірім сұра! – деп шығарып салады. Кейін сол кісілер Хасанға келіп берген жауабының мәнін сұрайды. Сонда Хасан Басри:
– Мен өз ойымнан ештеңе айтпадым. Сендерге Құранның мазмұны арқылы жол көрсеттім. Себебі, «Нұх» сүресінде:
«Раббыларыңнан кешірім сұраңдар. Өйткені, Ол өте кешірімді. Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі Ол өздеріңді малдармен, балалармен қамдайды және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады. Алланың ұлықтығын ойламайтын сендерге не болды?» делінген. Сондықтан бір жағдайға шағымданбас бұрын Алламен болған байланысыңа бір сәт мән беріңдер, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы