Сұрақ: Мен қала арасында таксист болып қызмет атқарамын. Біз, таксиcтер, салонды толтыру үшін кейбір уақытта жолаушыларды бір-бірімізге табыс етеміз. Осылай бір күні мен салонымды толтырып жатып, қасымдағы әріптесіме: «Алла разы болсын» дегенімде маған: «Бұл жеке басыңа қатысты жұмыс. Мұны сен Құдай үшін істемейсің, отбасың үшін таксист болып жүрсің. Сондықтан бұлай айтқан дұрыс емес» деп ескерту жасады. Сонда «Алла разы болсын» деп тек Құдайға арнап істеген сауапты іс үшін айтуымыз керек пе?
Жауап: Жалпы исламда құлшылық дегеніміз тек ораза, намаз сияқты бес парызбен шектелмейтінін білгеніміз жөн. Адамның шариғат адал еткен кәсіппен айналысуының өзі құлшылық. Бастысы ниет ету.
Мысалы, Ислам ер адам үшін адал жолмен отбасын асырауды парыз етті. Демек сіз парызды орындап жатсыз. Үйден шыққан уақытта: «Құдай маған отбасымды адал жолмен асырауға күш-қуат бер» немесе «Алла маған адал ризық нәсіп» деген сияқты ниет, жақсы оймен үйден шыққан сәттен бастап күн батқанша жасаған амал әрекетіңіз адал ризық жолындағы құлшылық.
Сондықтан сіздің тәуекел етіп жол үстінде жүруіңізден мақсат – отбасын адал жолмен асырау. Ал енді жолаушыларын беріп, салонды толтыруға көмектескен әріптесіңіз сізге осы жолда [адал ризық табуда] жәрдем берген болып саналады. Сол үшін ол кісі «Алла разы болсын» деген сөзге әбден лайық. Яғни «Алла разы болсын» деген сөз жалпы игі тілек, жақсы сөз. Қазақ: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Қандайда бір жақсы амал үшін алғыс ретінде «Алла разы болсын» деп айтудың әбестігі жоқ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ