Алла елшісі Мұхаммедтің (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) ғибратты ғұмыры күллі мұсылманның өмірлік ұстанымын қалыптастыратын негіз болып табылады. Сол себепті, Алла елшісінің (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) ата-анасына деген сүйіспеншілігі, құрметі қандай болды? деген сұрақтың әркімді ойландырары рас. Өйткені, кез-келген адам өмірге келуіне себепкер болған ата-анасы алдындағы міндетін, борышын білгісі келеді, өтегісі келеді. Сондай-ақ, анасының бойына біткеніне алты ай толғанда әкесінен, енді-енді ақылы кіре бастаған алты жасында анасынан айрылған Рахым пайғамбары, кішкентайынан жетім қалған еді. Олардың ыстық құшағына тұмсығын тығып, мауқын да басып үлгірмегенді. Атасы Әбдумүтәліптің қолында, одан кейін көкесі Әбу Тәліптің қолында жүріп ержетті. Алайда, әлемдерге Рахым болып жіберілген құл пайғамбардың көңілінде әрдайым ата-анасына деген сағыныш, сүйіспеншілік, құрмет жатты. Асхабына, үмметіне, «Ата-ананың разылығы Алланың разылығы, ата-ананың ашуы Алланың ашуы», «Жәннат аналардың табанының астында», «Қарт ата-анасы немесе сол екеуінің бірі қасында болып, жәннатқа кіре алмаған адамға өкініш-ай» деген сынды мағыналы сөздерімен адамның әке-шешесі алдындағы міндетін ұқтырды. Ата-ананы ардақтап көкке көтерді. «Ихсан» дәрежесінде ата-анаға жақсылық жасау Алланың әмірі, пайғамбар сүннеті екенін түсіндірді.
Енді, Алла елшісінің (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) жеке өмірі жайлы кейбір риуаяттарға қысқаша тоқталар болсақ, Алла елшісі (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) Мәдинадағы кезінде Адий ибн Нәжжар ұлдарының үйлерін көрген сәтінде: «Бұл жерде анаммен бірге қонақта болған едік. Әкемнің қабірі де анау жерде болатын» деп дүниеден қайтқан ата-анасын үнемі еске алатын. Хұдайбия умра қажылығында Мекке жолындағы «Әбуа» деген жерге бұрылып, анасының қабірін зиярат етеді. Қабірді қолымен түзету барысында көңілі босап, егіліп қатты жылайды. Қасындағы мүміндер де Онымен бірге жыласып, «Уа, Алла елшісі! Неге сонша егіліп жыладыңыз» деген сұрақтарына, «Анамның маған көрсеткен мейір-шапқаты есіме түсіп жыладым»[1] деген-ді.
Алла елшісі (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) ең алғаш өзін емізген Суәйбаға да ерекше құрмет көрсететін. Суәйба Әбу Ләһәбтың күңі болғандықтан, оны сатып алып, азат ету үшін Әбу Ләһәбтің алдына неше рет барады. Алайда, Әбу Ләһәб Суәйбаны сатуға келіспейді. Кейін Алла елшісі (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) Мәдинаға һижрет етіп кеткен соң, Әбу Ләһәб Суәйбаны өзі азат еткен болатын. Содан бастап Алла елшісі (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) Меккедегі Суәйбаға Мәдинадан әрдайым сәлем-сауқыт жіберіп, хәл-жағдайын біліп тұрды. Суәйба дүниеден қайтқан шағында, оны арулап, өлім ісін реттейтін туыс-туғанының бар, жоғын да Өзі қадағалаған еді[2].
Бірде Йәманда қатты қуаңшылық болып, қорғақтықтан малдар қырылады. Сол кезде Алла елшісіне (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) сүт анасы Халима келеді. Бұл пайғамбарымыздың (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) Хадижа анамызбен бір отбасы болған кезі еді. Олар алыстан келген сүт анасы Халиманы, «Анашым келді, анашым» деп үлкен құрметпен күтіп алып, астына үстіндегі тонын салады. Қайтарында алдына 40 қой салып беріп, мініп қайтатуға бір түйесін де жетектетіп жібереді[3].
Алла елшісі (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) сегіз жасынан бастап көкесі Әбу Талибтың отбасында ержеткен болатын. Көкесінің жұбайы Фатима Алла елшісіне (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) өз балаларынан да артық қарап, өсіреді. Сондай-ақ, Алла елшісінің (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) де көкесінің жұбайы Фатима анамызға деген құрметі шексіз еді. Ол қайтыс болған кезде: «Анам қайтыс болды» деп үстіндегі көйлегімен кебіндетеді. Алла елшісінің (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) бұл ыстық ықыласының себебін сұрағандарға: «Әбу Талибтен кейін ол кісідей маған ешкім жақсылық жасаған жоқ. Ақыретте жәннат киімін кисін деген ниетпен, көйлегіммен кебіндеуді бұйырдым. Қабірде күйіп-жанбасын деп қасына өзім де жаттым» деген[4].
Демек, адамның өмірге келуіне себепкер болған ата-ана баласына жеткілікті дәрежеде тәлім-тәрбие бере алмаса да, бала оларға жақсы қарауға міндетті. Сондай-ақ, Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) хадистерінде ата-анаға құрмет көрсету негізінен жалпылама айтылады. Олардың сенімдегі ұстанымдары көп жағдайда бөліп-жарылып айтылмайды. Әрі кез-келген адамның бұл өмірге келуіне әке-шешесі себепкер болып отыр. Сол себепті де, олар әрдайым құрметке лайық жандар болып табылады. Ата-ананың қадіріне жету, Алланың рақымына бөленуге себеп болатынын да Алла елшісінің (саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) салихалы өмірі мен мәні терең хадистерінен аңғару қиын емес.
Абдусамад Оқан
[1] Ибн Сағд, Табақатул кубра, 1-том, 117-бет.
[2] Ибн Әл-Әсир, Әл-Кәмил фит тарих, 1-том, 459-бет.
[3] Ибн Сағд, Табақатул кубра, 1-том, 113-114 бет.
[4] Ахмад Әби Яғқуб ибн Жағфар, Тариху Яғқуб, 2-том, 14-бет.