Пенде шынайы махаббатпен бір мәрте Алла десе,
ағаштың күзде төгіліп түскен жабырақтары секілді
оның барлық күнәлары кешіріледі.
Ізгілердің сөзінен
Дүниеде «Алла» деп, Оны еске алып, алақан жаюдан асқан бақыт жоқ.
«Алла» есімінен асқан қадірлі есім жоқ.
«Алла» сөзін айта алмай қалудан асқан қасірет жоқ!
Пендесін жалғыз қалдырмайтын, қорғайтын да, сақтайтын да жалғыз «Алла» ғана!
Алла Тағала: «Құлдарымды жақсы көремін және тәубе етсе күнәларын кешіремін», «Құлдарым маған бір қадам жақындаса оған он қадам жақындаймын» деген екен бір құдси хадисте.
Жаратушының «Алла» деген есімін кеңінен түсініп жүрміз бе?
Алла [1] (жәллә жәләлуһ – جل جلاله) – Оның (Алла Тағаланың) бар екендігі және Оның иләһи сипаттарын білдіретін есім. Раббымыздың ең ұлық есімі болып табылады. Барлық есімдерінің мағынасын һәм қасиетін қамтыған негізгі аты. Өзінен басқа жаратушы болмаған жалғыз Алла.
Алла – біздердің біліп білмеген, көріп көрмеген күллі әлемнің Билеушісі және «Қиямет күнінің Иесі», әлемді жаратып оны Басқарушы, барлық мадақ мақтаулар мен ғибадат етуге лайықты, 99 есімінің барлық ерекшеліктерін өзіне жан-жақты жинақтаған ерекше есімі.
Алла деген есім тек қана Жаратушының өзіне ғана тән, басқа жаратылысқа берілмеген есім. Ешбір тілде баламасы жоқ. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Ол, көктер мен жердің арасындағылардың Раббы. Сондықтан Соған құлшылықта сабырлы бол. Сол аттас білетінің бар ма? (Бұдан басқа Алла бар ма?)» [2].
Алла есімінің арабша жазылуындағы әріптерін жеке жеке алып тастағанның өзінде мағынасы ешуақытта бұзылмаған жалғыз сөз.
الله |
لله | له | ه |
Аллаһу | Лилләһи | Ләһу |
Һу |
Құран Кәрімде: «Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ…» (Бақара сүресі, 255 аят). Алла есімінің басындағы хәмзалы алифті алып тастасақ онда لله – Лиллаһи болады. Бұл «Алла үшін немесе Аллаға тән» деген сөз.
Мысалы Құранда: «Көктердегі және жердегі нәрселер Алланікі…» [3].
Алла есіміндегі алғашқы «алиф» және «ләм» әріптерін алып тастасақ, онда «له» – Ләһу болып оқылады, ал мағынасы «Оныкі/Оған тән» деген сөз.
Бұл мағынада Құран аятында «…Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән…» [4].
Ал енді «له – Ләһу» сөзіндегі «Ләм» әріпін алып тастасақ онда тек «ه» – һу болып қалады. Һу – Ол деген, яғни жалғыз Алла.
Осы ретте маңызды бір нәрсе «Һу» сөзінің шығу төркіні кеуде тұстан өкпеден шығады. Демек тыныс алып жүрген барлық жаратылыс, әрбір тіршілік қаласа да қаламасада «Һу» деп Алланы зікір етуде. Білсек те, білмесекте әрбір тіршілік иесі таныс алып, оны қайта сыртқа жіберген сайын Жаратқанды зікір етуде. Яғни тіршілік иесі Алладан ажал жеткенше зікір етеді екен. Демек «Тірі болу» деген сөз Алланы еске алу және әруақытта Алламен бірге болу деген сөз.
Алла бұл мүбарак есімнің ешбір тілде тең келер баламасы жоқ. Тіліміздегі «Құдай», «Тәңір» сөздері «Алла» есімінің жанында мағынасы жағынан да, айтылуы тұрғысынан да әлдеқайда әлсіз.
Сондықтан Алла (жәллә жәләлуһ) «Исми Ағзам – Ұлық Есім» деп аталады, өйткені ол басқа есімдерді мағынасы жағынан өз ішінде жинақтаған.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Исми Ағзаммен жасалған дұға қабыл болады және тілегі орындалады» деп айтқан, ал «Исми Ағзам – Ұлық Есім» Бақара, Әли Имран және Таһа сүрелерінің ішінде екендігін, бірақ қай есімінің «Исми Ағзам – Ұлық Есім» екендігін Хазіреті Айша (Алла оған разы болсын) анамызға да айтпаған. Көптеген ғалымдарымыз осы хадиске сүйене отырып және ерекшеліктеріне байланысты Алла (жәллә жәләлуһ) есімін «Исми Ағзам – Ұлық Есім» деп қабылдаған [5].
Әр-Рахман есімі, Алланың қамқорлығын,
Әл-Ғадлу есімі, Алланың әділеттілігін,
Әл-Ғаффар есімі, Алланың жарылқаушы, кешіруші,
Әл-Қадир есімі, Алланың мықты, қадірлі екендігін ғана білдірсе, ал Алла (жәллә жәләлуһ) есімі барлық 99 есімнің мағынасын толықтай қамтиды екен.
Алла Тағала Құран Кәрімде құлдарына Өзі туралы былай дейді:
«Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды…» [6].
«Ол сондай Алла (Т.) сендерді жатырларда қалауынша бейнелейді. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Өте үстем, хикмет иесі» [7].
«Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Дүние, ақиретте барлық мақтау Оған лайық. Үкім Оған тән және cол жаққа қайтарыласыңдар» [8].
Рухани дертің бар ма?
Онда «Алла» деп алақаныңды жайғайсың!
Өмірдің сан түрлі қиындықтарынан шаршадыңыз ба?
Онда дүние мүліктің «Жалғыз Иесіне» бет бұрып, тізеңді бүгіп, сәжде етіп, «Алла» дегейсің!
Рухани қараңғылықтан жарыққа шыққыңыз келе ме?
Онда да «Алла» деп үнемі зікір еткейсің!
Соңғы деміңде бақытты күйде мұсылман болып жан тапсыруды қалайсың ба?
Онда «Алла» есімін күнделікті жие-жие айтқайсың!
«Шынайы досым», «Менің Ием», «Жәрдемшім» деп жалғыз Аллаға ғана айту лайықты, Оның ризашылығын алғыңыз келсе өмірде «Алла» деп алға қарай жүргейсің!
Жүрегіңіз мазасыз ба?
Онда Алла Тағала: «Жүректер Алланың еске алуымен тыныштық тауып, орнығады»[9] деген.
«Ей иманға келгендер! Алланы жие-жие, көп еске алыңдар, әрі таңертең және кешке Оны дәріптеңдер» [10].
Ғибрат: Өлім хәлінде жатқан бір ізгі жанға жанында отырғандар: «Алланы есіңе ал», – деп айтыпты. Сонда ізгі жан: «Қазір есіме алатындай, мен Оны ешқашан ұмытқан емеспін!», – деп жауап қайтарған екен.
Алла Тағала біздерді Өзін үнемі зікір ететін құлдарының қатарынан етсін!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
[1] ҚМДБ пәтуасы (2014 ж.): ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесінің пәтуасымен қазақша жазылғанда «Алла» сөзін «һ» әрпінсіз және «Тағала» сөзін бас әріппен қолданылады.
[2] Құран Кәрім Мәриям сүресі, 65 аят.
[3] Құран Кәрім Бақара сүресі, 284 аят.
[4] Құран Кәрім Бақара сүресі, 255 аят.
[5] Münâvî, Feyzu’l-Kadîr, I, 510. Hadis no: 1030.
[6] Құран Кәрім Бақара сүресі, 255 аят.
[7] Құран Кәрім Әл Имран сүресі, 6 аят.
[8] Құран Кәрім Қасас сүресі, 70 аят.
[9] Құран Кәрім Әл-Раъд, 28-аят.
[10] Құран Кәрім Әл-Ахзаб сүресі, 41-42-аяттар.