Абай өлеңдерін бастан-аяқ бір оқып шыққан адам оның ең көп тоқталып жырлаған тақырыптарының бірі имандылық пен адам өміріне кесірін тигізетін кеселдер болғанын көреді. Демек данышпан Абай өз халқының бақытын Ислам дінінен іздеген. Осы мазмұндағы өлеңдерінің бірінде былай деп толғайды:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл
Өзгесі хаққа қол емес
Осы бір шумақты бүгінгі күн тұрғысынан талдап көрсек. Бүгінде бүкіл қазақтың арасында «мен мұсылманмын» демейтіні кемде-кем. Бәрі де мұсылманбыз дейді. Алайда сол мұсылмандық тек тілдің ұшында ғана қалып қоятын сияқты. Себебі шын мұсылмандық адамның сенімінен, өмірінен, күнделікті іс-әрекетінен, мінезінен, әдет-дағдыларынан көрінуге тиіс. Бірақ кейде жас пен кәрінің, еркек пен әйелдің жүріс-тұрысына, сөзіне, киім киісіне қарап тұрып, мұсылмандықтың белгісін таппай қынжыламыз. Мұның бәрі ең алдымен Алланы дұрыстап танымаудан, оқып білмеуден туындайды.
Шынында да, біз қазір өзімізді жоқтан бар етіп жаратқан, адам еткен, иман сыйлап, мұсылман еткен, бала-шаға мал-дүниемен жарылқаған Алла Тағаланы қаншалықты танимыз? Қолымызды жүрегімізге қойып тұрып, осы сұраққа жауап беріп көрейікші.
Иә, мойындау керек, біз бүгін өз Жаратушы иемізді бір кездері Ленинді, Марксты танығынамыздай танымайтын болдық. Ал, шындығында, мұндай екі аяқты, жұмыр басты, ішіп-жеп, қажетін өтейтін пенделер кім? Ал он сегіз мың ғаламдардың мәңгілікке жалғыз қожайыны рахман Алла кім? Сондықтан біз кімге бас ұрып, кімге бойұсынуымыз керек? Міне, бұл мәселеде қателесуге рұқсат жоқ.
Жасыратыны жоқ, шетелдік әншілердің қандай киім киетінін, қандай сусынды жақсы көретіне дейін білеміз. Бірақ екі дүниенің бақытына себеп болатын ардақты пайғамбарымыздың қалай күн кешкенінен хабарымыз жоқ. Неткен өкініш! Қандай қатпары қалың ғапылдық десеңізші! Абай атамыз тағы бір өлеңінде:
Аллаһ мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ, – деген. Егер адам баласынан үлгі алғымыз келсе, ең алдымен Пайғамарымыздан (с.ғ.с.) үйренуіміз керек еді. Ал қазір олай емес. Атақты футболшылардың қолы бос кезде немен айналысытатын газеттерден іздеп жүріп оқимыз, ал Алла елшісінің ғұмырбаяны жазылған кітаптарға көңіл де бөлмейміз. Осындайды көргенде: «Ойпырмай, адам өз ата дінінен, Жаратқан иесінен, пайғамбарынан, қасиетті кітабынан осыншалықты алыстайды екен-ау» деген ойға қаламыз. Бұл біздің мұсылман атымызға сын.
Аузымен мұсылманмын деп жүріп біреудің ақысын жей салатындар, өтірік айта салатындар, уәдесін бұза салатындар да аз емес. Біреу арақ ішеді, біреу ұрлық жасайды, біреу некесіз жолмен зина жасайды. Сонда «Алла» деген сөзіміз қайда қалды? Құр ауызбен мұсылманмын дегенмен қанша қырдан аспақпыз? Қайда барып тұрақтамақпыз? Міне, осындай жағдайлардың бәрін көңіл көзімен көріп отырған Абай атамыз:
Алла деген сөз жеңіл
Аллаға ауыз жол емес, – деп жырлайды. Шынында да, Алланың разылығына ауыз жол бола алмайды. Құр ауызбен оған жете алмаймыз. Алланың ризалығына пенде қылығымен, ниетімен, мінезімен жетеді. Мысалы, бір университет оқытушысы қанша қиналсам да, «арам» ақша алмаймын деп шыдап бақса, береке де, мұсылмандық та сол үйде болар еді. Өйткені ол ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Пара алған да, пара берген де тозақта» деген хадисін өмірде іске асырған болады. Содан сақтанған болады. Егер күнәнің күнә екенін біліп тұрып, бетіміз шімірікпей жасай беретін болсақ, онда біздің мұсылманмын дегеніміз бекершілік, құры сөзден басқа ештеңе де емес.
Әрине, мұндай күнәларды жасап жүрген адамдардың бәрі имансыз, кәпір деп айта алмаймыз. Қандай болса да, адамның жүрегіндегі иман інжу-маржан саналады. Ол иманның иесі міндетті түрде өз сыйын алады. Алайда әрбір адам қай салада жұмыс істесе де, бір мұсылманның білуі тиіс шариғатты білуі керек. Құран оқу, ғұсыл құйыну, дәрет алу, намаз оқу, оразаның шарттары, зекеттің талаптары, қиналғанда алақан жайып Аллаға дұға ету деген секілді бес парыздың айналасындағы шариғат әліппесін өзін мұсылман санайтын әрбір жас та, кәрі де бес саусағындай білуге тиіс. Оны білмесе, мұсылманмын деп жер басып жүру ұят. Сондай-ақ парыздарды (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық, т.б.) орындап, харамдардан (арақ, құмар, темекі, зина, пара, ата-ананы ренжіту, өсек, өтірік, жала, т.б.) сақтанып жүру де әрбір мұсылманның міндеті.
Қасиетті Құран кәрімде Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өздерің жасамайтын нәрсені неге айтасыңдар?» деген аят түсірген («Сафф» сүресі, 2-аят). Аятты «Әй, иманды адам өзің тіліңмен айтқанға неге өз ісіңмен қарсы келесің?» деп түсінуге болады. Олай болса, адам тілімен мұсылманмын десе, өмірде де шынайы мұсылман болуға тиіс.
Ал енді «Алла» деп жүрген адамдар сол сөздеріне сай өмір сүрсе, онда өмірдің рухани аурасы өзгеруге тиіс. Мысалы, әрбір мұсылман ғайбаттан аулақ болса, «өлсем де тірілсем де ешкімді жамандамаймын,» деп өзіне серт берсе, елімізде бауырмашылдық пен бірлік-ынтымақтың қалай нығаятынын өз көзімізбен көрер едік. Ешбір аманатқа қиянат жасамаймын деп өзімізге уәде беріп көрейікші. Біздегі бар нәрсенің бәрі Алланың аманаты екенін сезініп, оларды өз орнымен қолдансақ, міне шын мұсылмандық сол болады. Демек мұсылмандық «Алла» деген сөзбен бола қоймайды. .
Талданып отырған өлеңін Абай хакім «Ынталы жүрек, шын көңіл Өзгесі хаққа қол емес» деп жалғайды. Мұнда Алланың разылығына тек қана ынталы жүрекпен, шын көңілмен қол жеткізуге болатыны айтылған. Ендеше, мұсылмандық ең алдымен адамның тіліне емес, жүрегіне орнауы керек. Жүрекке орнаған иманды ешкім тартып ала алмайды. Өмірдің ешбір ауыртпашылығы шын ынталы жүректі бүлдіре алмайды. Нағыз ынталы жүректегі иманға шайтан зиян тигізе алмайды. Қанша ауыр болса да, бар ынта-шынтамызбен Аллаға бойұсынсақ, онда тек өзіміз ғана емес, отбасымыз да, қоғам да, ел-жұртымыз да биіктерге самғайтын болады.
Алла Тағала тек сөзбен емес, шын жүрекпен мұсылман болуды нәсіп етсін.
Асылбек Әуезханұлы