Ислам діні ешбір адамды дініне, нәсіліне, тіліне қарап бөлмейді. Аллаһ адамзат баласын түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқандығының астарында бөлінушілік емес, керісінше танысу, татуласу, қоғамның ілгері дамуы үшін бір-бірімен ақылдаса отырып жұмыс жасау секілді мақсаттар жатыр. Сондықтан Ислам көзқарасында барлық адамзат тең. Бай мен кедейдің, үлкен мен кішінің, ер мен әйелдің арасындағы қарым қатынастың бұзылмайтынын бақылайтын негізгі жүйелерді біріктіруші кітап – Құран. Құран Кәрім өз кезегінде қазіргі таңда орын алып жатқан адамдардың арасындағы зұлымдықты, әділетсіздікті, қиянатшылықты жоюға қарсы тұратын иммунитет. Осыған байланысты ислам әлемінде белгілі тәпсірші ғалым Мұхаммед аш-Шарауи Құрандағы әділеттілік жайлы былай деген: « Құрандағы әділеттілік қағидасы ол тек мұсылмандар үшін ғана айтылмаған. Бәлки, жалпы адамдар үшін айтылған. Сондай-ақ, Алла Тағала бізден кез-келген аманатқа қиянат жасамауға бұйырады. Бұл да өз кезегінде жалпы адамзатқа айтылғанын байқауға болады».
Демек, Ислам адамдар арасында тепе-теңдік қағидатын орнатқан. Ендеше, өзге дін өкілдері туралы Исламның ұстанымына зер салып көрелік. Құран Кәрімнің мазмұнына қарайтын болсақ онда кітап иелеріне (христиан, иудаизм) деген Жаратушының мейірімді қарым-қатынасын аңғаруға болады. Мәселен, Аллаһ Тағала оларға қатысты сөйлегенде: «Әй Кітап иелері!», «Әй Кітап берілгендер!» деп 61 аятта жұмсақтықпен үндеу тастаған. Демек, Жаратушының алдында кітап иелерінің құрметі ерекше болып отыр. Себебі, оларға да ертеде Аллаһ тарапынан арнайы елшілер мен қасиетті кітаптар түсірілгені белгілі.
Сонымен қатар кітап иелеріне байланысты аяттар негізгі деген үш мақсатта түскен. 1) Тура және ақиқат жолдан таймай, бір Аллаһқа иман келтіруге шақырған. 2) Оларға келген елшілердің жолынан таймауға және соңғы елші Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар ілгерідегі елшілердің жолын жалғастырушы екенін таныту. 3) Пайғамбарлар жолын жоққа шығармау, ақиқаттан теріс айналмау. Осындай Жаратушының үндеуінен ауытқымай, тақуалық танытқан пенделер Құранда былай сипатталған: «Шын мәнінде Кітап иелерінің ішінде Аллаһқа иман келтіріп, сендерге түсірілген әрі өздеріне түсірілген нәрселерге Аллаһтан қорыққан түрде сенетіндері де бар». Сонымен қатар өзге дін өкілдері Құран түскен заманда ақиқатты танығандығы туралы келесі аятта былай баяндалады: «Олар (христиан өкілдері) Пайғамбарға түсірілген Құранды тыңдаған заманда, шындықты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің. Олар: «Раббымыз! Иман келтірдік, бізді куә болушылардан ете гөр!»,- дейді». Сайып келе, Аллаһ Тағаланың өзі Құранда өзге дін ұстанушыларына жұмсақтық таныту арқылы үндеу тастаған болса, онда Аллаһқа иман келтірген кез-келген мұсылман оларға жоғарғы дәрежеде құрмет көрсетуі міндет болады.
Материалды дайындаған Г.Шарханқызы