Алла әуелі адамды сансыз жоқтың ішінен таңдап бар етті. Бар етпеді, адам етті, саналы етті. Ол аз болғандай, күллі ғаламды өзіне бағындырды. Мына қазіргі сүттей жарық айды қарашы! Ол жер бетіндегі адамға қызмет еткені үшін өзін бақытты санауда. Ол аз ба, мына бүкіл түнде сайраған шырылдауық шегірткеге қарашы! Өзінің бар болғанына әрі шегіртке болғанына Аллаға разы болғаны соншалық түні бойы Хақ Тағала шүкір етіп, зікір салуда, саналыға ой салуда. Өзінің халіне разы. Аз ғұмыр кешсе де, өзін ғажайып бақытты сезінуде. Ал адамның бәрі ондай емес. Бәрі бола тұра «неге қорадағы малым пәленшеден екі мал кем?» не болмаса «түгеншенің мансабы неге менен бір есе жоғары?» деп, өз жалқаулығын білмей, Аллаға кінә артады. Байда да уайым бар, кедейде де уайым бар. Өзінің қиялына қарай осындай мәртебеге жетсем мен де шегіртке тәрізді сайратын боламын дейді. Бірақ ешқашан көңілі қанағат, жүрегі байыз таппай шегірткенің бір күндік бақытына жете алмай өмірден өтіп жатады. Өлімі де бір сары уайым. Бай болса лауазымды молаға жерленсем дейді. Ал ақыреттегі мәртебе ше? Оны ойлаған ешкім болмайды.
Ілгері заманда Ибраһим ибн Әдһам деген әулие ғұмыр кешкен. Оны атам қазақ «Адам» деп атап кеткен. Өзі патшалығы мен байлығын тастап Аллаға құл болуға аттанып кеткен адам. Атия Хамси деген бір кісі бірде былай дейді:
«Бір күні әкем Ибраһим ибн Әдһаммен кездесіп, амандық сұрасты. Әкем сөзін жалғап:
– Біз оқығандарымызды қағазға түртіп жүреміз. Сүрген өмірімізде де қаламның сиясына маламыз. Ал сен неге жазбайсың? Жазсаң кейінгіге ғибрат болмақ еді, – деді. Ибраим болса:
– Е, замандасым-ай! Мен бейбақ үш биік шыңнан асып кете алмай жүрген жайым бар. Егер нәсіп болып сол шыңдардан асатын болсам мен де сен секілді жазар едім, – деп жауап берді.
– Ол нендей шыңдар еді аса алмай жүрген?
– Оның бірі Аллаға деген тәуекел шыңы. Яғни, менің ризығымды Алланың беретініне, Оның ризығыма кепіл болғанына һәм Оның барлық істеріме уәкіл екендігіне сенуім. Ризық үшін, өмір үшін Оған сенім арту халім. Алла нәсіп етсе бұл шыңнан өтуге жақын қалдым.
Осы кезде әкемнің түрі өзгеріп, өңі құп-қу болып сала берді де:
– Келесісі не нәрсе еді? – деді.
– Келесісі, замандас, ол – ықылас. Жасаған әр бір ісімде Оның ризалығы үшін жасауым. Бұл шыңға да жетемін деген бойда қанағатым бар. Бірақ, мына үшіншісі бәрінен қиын болып тұр досым. Жанымды жегідей қинап, еңсемді басып жүрген осы үшіншісі. Ол шыңға әлі жете алмадым. Жете алатыныма ешқандай сенімім де жоқ, көзім жетпейді. Мені қинайтын осы – деді.
Әкем енді әлденені көріп қорыққандай қалтырай бастады.
– Ол не нәрсе еді, қандай шың? – деп сұрады.
– Ризалық шыңы. Алланың тағдырына, оның бөліп берген үлесіне разы болуым. Оның пешенеме жазған жазмышына мойынсұнуым. Оның Рабб, Құдай болу жағынан Одан разы болу халім. Аһ! Бұл неткен ауыр нәрсе еді? Асқақ тауға алты шықсам да мұншалық ауыр болмас. Бұл неткен қол жетпес шың! Жүрегім мойынсұнса, нәпсім мөңкіп, тоңқып асауланып қарсы шыға келеді. Көңілім разы болса, ақылым наразылық білдіреді. Әйтеуір, бір жағым разы болмай тұрады. Бір нәрсе жетпей тұрады. Не жетпейді десей, әйтеуір, көңілімнің бір бұрышы разы болмай тұрады. Мен Одан әлі разы бола алмадым. Міне, мені қинайтыны осы. «Бір кем дүние» деп өзімді алдайтыным тағы бар. Күн сайын, осыны ойлаған сайын өртеніп күйіп жанып барамын. Аллаға разы болмайтындай Оған не өткізіп қойып едім? Ол шексіз қазынасынан несін бермей қойып еді? Адам еткен соң, жарқыраған жұлдызда жоқ өмір берген соң, басқа ақыл, жүрекке иман берген соң сенің кесіп-пішіп анау жетпеді дегенің олардың қасында неге тұрады? Осыны ойлағанда ұяттан өзегім қамысқа түскен өрттей лаулайды.
Ибраһим осылай іштегі зарын тоқтаусыз айта берді. Өзі де жылай берді, әкем де көз жасын көлдетіп оған еріп жылай берді. Ақыр соңында әкем өксігін әзер басып:
– Айтпа, сұрама, несін айтасың?! Біз сенің шыққан шыңыңнан, мәртебеңнен әлде қайда төмендеміз, әлде қайда сенен ұзақтамыз. Не тәуекел жоқ, не ықылас жоқ, не ризалық та жоқ. Бұл шыңдардың ешбіріне жете алмадық. Шалғайда жазықтамыз, – деді де әрі қарай көз жасымен бетін жуғандай қос қолымен қайта-қайта сүртіп еңкілдеп көп жылады…»
Иә, солай ағайын. Мына әулиелердің халі осындай болса, онда біздің халіміз қандай болмақ? Біреуі шыңға шыға алмай жүрсе, біреуі жазықта жүрсе онда біздің мәртебеміз қай жерде? Әр күнімізді қадір түніндей, ораза күніндей қадірлей білейік жамиғат! Уәссәләм.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
исламтанушы