АСТАНА. 20 шілде. E-ISLAM.KZ – «Намазда оқылатын сүрелер мен айтылатын дұғаларды жаттау қиын» дейтін мұсылман бауырламыз аз емес-тін. Енді бұл «сылтаудың» жауабы дайын. Алматылық Алханбай Сатыбалдыұлы электронды жайнамаз ойлап тапты. Әлемде теңдесі жоқ жаңалықты құлағымыз шала, өнертапқышты іздеп, аз-кем тілдескен едік. Жаңа жайнамаз туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
– Алханбай Сатыбалдыұлы, алдымен өзіңіз ойлап тапқан электронды жайнамаздың артықшылықтары жөнінде айтып өтсеңіз…
– Ең басты айтарым, әдеттегі жайнамаздардың ұзындығы көбінесе 110 сантиметр болады. Ал менің жайнамазым 140 сантиметрге лайықталған. Бұл жайнамаз арқылы намаздың үркіндерін шариғатқа сай толымды орындауға болады. Яғни, намазхан сәждеге жығылып, рукуғқа тұрғандағы барлық қимылын қалыптасқан үлгіге сай физиологиялық тұрғыда денсаулыққа да пайдалы етіп жасай алады. Арнаулы құрылғы орнатылған жайнамаздың көмегімен жаңадан намаз оқи бастаған намазхандар да құрылғыға ілесіп оқу арқылы намаз үркіндерін мұқият орындап үйренбек.
Біз намаз оқып Алла тағаладан шексіз сауап аламыз, соған сай намаздың үркіндерін де толық, дұрыс орындай алсақ, теңдессіз шипаға қол жеткіземіз. Намаз оқығанда құран сүрелерін дұрыс оқу қаншалықты маңызды болса, намаздың үркіндерін де дұрыс орындау сондай маңызды. Тағы ескерерлігі, электронды жайнамаздар түгелдей әртүрлі бояуда, қазақы нақышпен безендірілген.
– Бұл жаңалығыңыз тек қазақстандықтарға ғана арналған ба, әлде?..
– Құран тілінің барлық мұсылманға ортақ екенін білеміз. Бұлш жайнамаздың да дүниежеүзіндегі өзін мұсылманмын деп есептейтін кез келген адамға қажет екендігі сөзсіз. Осы орайда, электронды жайнамаз мүмкіндігінше әлем мұсылмандарының назарына ілігіп, бір мақсат, бір ниетте болсақ, ұлттық үлгіде тігілген Қазақстан жайнамазы шартарапты шарласа, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Өйткені, біз бұл арқылы намазда оқылатын сүрелерді дұрыс оқуға, намаздың үркіндерін дұрыс орындауға, тиісінше ұлттық ою-өрнектерімізді ұлықтауға да қол жеткізе аламыз.
– Әрине, дұрыс-ақ. Дәстүрлі Ислам құндылықтарын заманауи технологиялардың көмегімен насихаттау – бүгінгі заман талабы. Десе де, жайнамаздың осы түрін ойлап табуыңызға не түрткі болды? Әдепкі де өнертапқыштардың дені физик, математик болып келеді. Ал сіздің мамандығыңыз қандай?
– Құран сөздері, намаздағы аяттар, барлығы араб тілінде екенін, адамзатқа ортақ екенін айттық. Бірақ біз араб емеспіз ғой, сондықтан оны жаттау арамыздағы жасы егде бауырларымызға қиынға соғады. Мұны өзім мешітте көп болатындықтан замандастарымнан көп естимін. Осыдан кейін құран, намаз сөздерін үйренудің оңай жолын іздестіре бастадым.
Негізгі мамандығым спорт саласына жақын. Алайда, қазір ғылыми техниканың қарыштап дамыған заманы. Нақты идеяңыз болса, оны жүзеге асырудың түрлі жолдарын табуға болады. Мәселен, көлікке қажетті бір бөлшекті жасату үшін токорьға барамыз ғой, ол бөлшекті айнытпай жасап береді. Бұл да сол сияқты, интернет арқылы жолдарын іздестіріп, оларды жүзеге асырдым.
– Жаңа жайнамаздың бағасы қандай және нарыққа қаншасын шығардыңыздар?
– Бүгінде электронды жайнамаздың он үш мыңнан аса данасын саудаға қойдық. Бағасы да қолжетімді, 4500 теңгемен пұлдануда. Он данадан артық алған намазхандарға 4000 теңгемен ұсынып отырмыз.
– Мұндай жайнамаз әлі ешбір елде жоқ көрінеді…
– Әзірге бұл жайнамаздың жер бетінде баламасы жоқ. Бұлай дейтінім, мен өз жайнамазымды саудаға шығарғаннан кейін, нарықтағы басқа да жайнамаздарды саралап көрдім. Ағылшын тілінде электронды бір жайнамазды кездестірдім, бірақ оның өзінің мүмкіндіктері менікінің жиырма пайызын ғана қамтиды. Және жинап алып жолға шығуға, қолдануға қолайсыздығы тағы бар.
Электронды жайнамазды жеткілікті қаражат болса, бұдан да жақсы қылып жасауға болар еді. Ал маған айналамдағы ағайындар ғана Алланың разылығы үшін қол ұшын созды. Еліміздегі белгілі қалталы азаматтарға телефон шалып, осындай жаңалығымның бар екенін айтқанмын. Мұның жоғары деңгейде шығып, мұсылмандарға кең, қолжетімді бағамен таралуы үшін қаржы қажет екенін жеткізгенмін. Алайда, әзірге ешкімнен көмек көргенім жоқ. Барымызбен жасап шығарғанымыз осы болды. Егер мұсылман бауырларымыз әлі де болса септессе, жайнамаздың бағасын бұдан да төмендетіп, сапасын арттыра түсуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет! Алла жаңалығыңыздың игілігін көруге жазсын!
Сұхбатты жүргізген – Асхат Райқұл