ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының» академигі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф, ақын, қаламгер-журналист, қоғамда тұшымды ой түйіндеген сөз зергері Ғалия Қайдауылқызымен болған сұхбатта бүгінгі қоғамдағы келелі мәселенің бірі – қазақ дүниетанымындағы құндылықтар, әсіресе дін мен салт-дәстүр төңірегінде ой толғап, сөз қозғаған едік.
– Ғалия апа, өзіңізді жақсы танимыз, былтырғы жылы Алматы және Талдықорған қаласында өткен ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған семинарларда бірнеше мәрте дәріс оқыдыңыз. Дінтанушы болмасаңызда дініміздегі әйел-ананың орны, дін мен дәстүр мәселесін кеңінен қозғап келесіз. Осы орайда өз пікіріңізді оқырмандармен бөліссеңіз?
– Иә, мен дінтанушы емеспін. Дінімізді тануға талпынушымын. Әрі жауапты әрі сауапты дін тақырыбын өрбітіп, мазмұнын аша түссек меніңше ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын өміршең тақырып. Демек, ұзын сонар ақыл айту емес, ақылдасу. Ақылға ақыл қосу. Дініміздің діңгегін бекемдей түсу.
Күннің сәулесі алды-артын орай түскенде ғана өскіннің өзегі нәрленіп, мәуелі бәйтерекке айналары сөзсіз. Ата-салтымыз бен дәстүрлі дінімізді ұштастыра отырып, тыңдар құлаққа жеткізе білсек, онда ортақ міндетіміздің орындалғаны. Құран кәрімдегі Бақара сүресінде «дінде зорлық жоқ» дейтін аяты бар. Бұл кемел дініміздің кеңшілігінің айқын айғағы.
Ислам діні қазақтың өр рухы мен жылқы мінезді болмысына сай құнарлы топыраққа отырғызылған көк теректің көшетіндей тамырын жайды. Ежелден еркіндіктің ерен үлгісін танытқан ұлы даланың ұранды ұрпағы әлімсақтан; адал, арам, обал, сауап деген төрт тағанды тұғыр етіп, жаратылыстың жаратылғандарымен жарасып, ұлан ғайыр даланы далалықтардың даналық ережесіне бағындыра білді. Бұл төрт таған – дініміздің талабына сай бұйырғандарға ұйып, тыйғандардан тыйылу дейтін тақуалыққа тәрбиелейді.
– Ұлы даланың ұранды ұрпағы ретінде бүгінгі күні дәстүрлі дінімізді ортақ бір ұстанымға неге айналдыра алмай жатырмыз?
– Рас, біз ортақ бір пікірге келе алмағандықтан исламның басты қағидаларымен қатар ұлтымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрін сақтап, қисындата, қиюын келтіріп, тәлімі мен тәсілін заман талабына сай бағыттап, байыптай алмай отырмыз. Бұл мәселені өскелең ұрпаққа әлі талай мәрте талмай айтуымыз керек. Өзім зерделеп жүрген бір ғана мәнді дүние, мәңгілік тақырып, дініміздегі әйел-ананың алар орны ерекше екендігін астын сызып айтқым келеді.
Өйткені, бүгінгі бойжеткен ертеңгі Әйел-Ана. Мәні терең міндеті ауыр. Салт-дәстүр дегеніміз әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың тұрмыс тіршілігінен туындап, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір ережесі.
Осы ретте, мұсылман халықтарының сырт келбетін азырақ сөз ете кетсем деймін. Араб қауымындағы әйелдер жамылатын паранжа мен сәтір, желбаб кию мәжбүрлік пен қажеттіліктен туған болуы керек. Құм ұшырған қу далада бетауызды ашып жүргеннен гөрі көлегейлеп жүрген денсауылыққа, әсіресе болашақ ұрпаққа пайдалы екені даусыз. Осы әдет бірте-бірте біраз жұрттың әдебіне айналған. Ал, қазақтың атамекенінде табиғаттың төрт мезгілі бар бояуымен құлпырып, өзіндік табиғатына тәнті еткенде, әртүрлі киім киініп, сәніне мәнін үйлестіру жаратылыспен үнсіз үйлесудің үлгісіндей.
Сондықтан қандайда бір халықтың салтына қарай салмағын таразылай отырып, сол қауымның тұрмыс-тіршілігін саралау керек. Бәріне ортақ мақсат болашақ ұрпақтың өсіп, өнуіне қамқорлық жасау. Бұл үрдісте де, қазақтың ислами жол-жорасындағы ұстанымдарда айырмашылығынан гөрі ұқсастығы басымдау.
– Демек, әр халықтың дәстүрі дінменен ұштасуы қажет дейсізғой?
– Әрине, мәселен, арабтарда қалыңдыққа мәһр беріледі, ал бізде «қыздың қалың малы» деген жоралғы бар. «Қыздың малын қынға сүрт» деп мәрттік танытқан қазақ, үкілеп төріне отырғызған перзентін бұлдап, дүниеге құнықпаған. Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар емес пе?! Қазіргі салт деп жүргеніміз әркім өз ыңғайына қарай ойлап шығарған жол жоралғы ғана. Қалайда, заманына қарай амалын жасап, салтымызға да, санамызға да салмақ түсірмейтін жағын ойлаған жөн. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін әдет-ғұрпымыздың бір жүйеге түсірілген үлгісі жоқ.
Құда-құдандалы болған жиын-тойларда кейде шүберек-шаршының төңірегіндегі түсініспеушіліктен, әркім «өз ауылының салтын» салмақтап, ақыр аяғы дауға айналып жатады. Осындайда, «әттең ауыл-аймақ қана емес, иісі қазаққа ортақ игілікті ізгілікті жол-жора керек-ау» дейсің…
«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ» дейді. «Қызы бардың назы бар» дегенге келсек, ел арасында: «Бай мен бай құда болса арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса арасында дорба жүреді, бай мен кедей құда болса шықпаған жаны зорға жүреді» деген ауызекі сөз бар. Осыған орай, бір әңгіме ойыма оралып отыр. Тарихта аты қалған кіші жүздің Байсақал атты байының әлпештеп отырған қызына, орта жүздің атақты бір адамы «жаушы» жіберіпті. Байдың жылы қабақпен қарсы алғанына көңілі толған жігіттер қалың мал мөлшерін сұрайды. Сонда Байсақал қызының сәукелесін беріп тұрып: «Қызымды малға айырбастамаймын, тек қана осы сәукеленің құнын қайтарсаңдар болды» дейді. Сонда, күйеу жағының жөн білетін адамдары ақылдаса келіп, бір ғана бас киімді бес жүз жылқыға бағалаған екен. Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінен жеткен бұл дерек «алмақтың да салмағы бар» дегенге саяды. Ал сәукеле – қыз төркінінің талғамы мен танымынан, тегі мен деңгейінен хабар беретін ишара сөз.
– Өзіңіз айтып отырған мәселені тек білуге ұмтылсақ, ұлттық құндылықтарымыз тұнып тұр дейсізғой?!
– Иә, біздің талабымыз – білуге ұмтылу, соған сай әрекет ету ғана. Дәстүр мен діннің ұқсастығы туралы бір ауыз сөзбен қысқа қайыру – қиянат, ұзын-сонар айта беру–күнә. Өйткені білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз. Біздің шариғатымызда «Кез келген ұлт пен ұлыстың дәстүрі исламның негізгі қағидаларына қайшы келмесе, ондай әдет-ғұрыпты сақтап, дамыту керек» деген кеңшілігі осының айқын дәлелі. «Мұсылмандық әсті-әсте, кәпірдің ісі бір пәсте» дегенді қаперде ұстап, белі нәзік дүниені белден басса, белі кететінін естен шығармаған абзал. Бойымызға да, ойымызға да, тәніміз бен жанымызға қуат дарытқан ата-бабадан мұраға жеткен дәстүрлі дінімізге дәл бүгін жаңалық қосатындай мәжбүрлік жоқ. Кеңес өкіметінің солқылдаған сойылынан жасқанбай, бес уақыт намазын қаза етпеген атам мен әжемнің жайнамазына аунап өскен ұрпақтың өкілі ретінде осыны айтқым келеді.
– Ұмытпасам сізден «Тым қырғыш қазанның түбін теседі» дейтін әдемі сөзіңізді естіген едім. Осы сөздің түйінін тарқата түссеңіз?!
– Бұл қазақтың сөзі ғой. Мұны «Дінге шамадан тыс беріліп кетпеңдер. Сендерден бұрын өткендер, дінге бас-көзсіз берілемін деп опат болған» дейтін өсиеттің баламасы. Қазақтың бұдан бөлек «Әсіреқызыл тез оңар», «Бұра сөйлеген күлкіге, бұра қашқан түлкіге оңай», «Білдірем деп бүлдіріп алма» дейтін кәделі нақылдарына сай келеді. Кейде, сенсек сеңдей ағылып, құрметтесек құлай жығылатын, сыйынбасқа сыйынып, бұрылмасқа бұрылатын аңғалдығымыздан ағаттыққа ұрындыратын сәттердің қапы қалдыратыны өкінішті.
– Дұрыс айтасыз, асыл дініміз талай сын кезеңдерден сынбай өтіп, енді тәуелсіздік алғаннан кейін дін атын жамылған әртүрлі уағыздар іштей іріткі салып жатқан секілді…
– Қазақ сан ғасырлық шежіресінде Қытайға қисайып, орысқа ойыса салмай, жанының қалауын қалт жібермей, танымын таңдауымен ұштастыра білді. Тастан тәңір, қуыршақтан құдай жасамаған жасампаз халық исламның негізгі қағидаларына қайшы келмейтін ұлттық әдет-ғұрыптарды сақтауға, әрі оны дәріптеп, дамытуға үлкен мән берді. Яғни, біздің айтпағымыз, бұзылған салт жоқ, бұра тартқан «білгіштер» бар.
Мәселен, исламда артық шашылуды ысырап санайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиетіне жүгінсек: «Үйлену тойында дастарқан жайып, той жасау сүннет, екінші күнгісі – абыройын асыру, ал үшінші күнгісі – құр мантаншақтық, даңғаза, даңғойлық» – делінген. Демек, той жасау шабылып, шашылу емес, некелі болғаныңды ел-жұртқа жария ету. Бұл біздің ұлтымызда «беташар тойы», яғни, жас келінді келген жерімен таныстырып, келін болып түскеніне, некелену рәсіміне куә болып, өсиет, өнеге тыңдау болуы керек. Бізде де «Судың да сұрауы бар», «Тарта жесең тай қалады, қорқа жесең қой қалады», «Дарақылықтан өткен сорақылық жоқ», «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» деген тағылым бар.
– Кейде, біз, яғни ер азаматтар жұма намазға барғанда әйел кісілердің де намазға асығып кіріп жатқанын көреміз. Әйел-аналарға жұманың парыз емес екендігін жақсы білеміз. Бұған не айтар едіңіз?
– Әйелдің құлшылығы шаңырағын ғибадатханаға айналдырып ұстай білгендігі. Әйелдердің оңаша тұрып оқыған намазы оның мешітте көппен бірге оқыған намазынан жиырма есе жоғары тұрады дейтін пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі осы пікірімізді бекемдей түседі.
Әйелдің жаны нәзік, жүгі ауыр. Сынақ та көп, сұрақ та көп. Төле би бабамыздың «Ақылды әйел – әулие» деген өсиеті де осының дәлелі. Ұлы даланың ұлық қыздары елін де, ерінің арын да, өзінің әрін де, киімінің сәнін де, ұранын да, ұланын да қатар әспеттей білген.
Сондықтан жұма намазға ер азаматтармен бірге мешітке баруды кешпес парыз деп есептемеймін.
Ал, сауат ашуға дініміздің тереңінен бойлап, биігіне ұмтылу үшін оқып үйрене берудің жөні басқа.
– Дінге бет бұрған кейбір жастарымыздың бойынан кейде тәкаппарлық байқалып қалады. Әрине «кісілік өзін зор санаудан пайда болды» дейді психологтар. Сіз не айтасыз?
– Бір «әттегенай» дейтініміз, кейде дін ұстанушыларымыздың арасынан аракідік болса да пенделіктері байқалып қалады. Өзін ғана мұсылман санап, өзгелерді өзгеше санайтындардың санасында менменсу дейтін сырқат бар.
Өзім білермендік өркөкіректікке, өркөкіректік тәкаппарлыққа, тәкаппарлық тақсыретке ұрындыратынын ұмытпай «ұлық болсаң кішік бол» дейтін ұлағатты ұстанымды өмір ережесіне айналдыра білу тәрбиенің басты қағидасы.
Кез келген ғибадатхананың есігінен еніп, табалдырығынан аттамас бұрын, маңдайшаға қарап, сәл іркіліп, бағыт-бағдарыңды айқындап алу, ең әуелі, қасиетті дініміздің тазалығы үшін аса қажет.
Осындайда, құлшылық жасау жарияға жар етіп менмұндалайтын жарнама емес, Жаратушымен жаныңды жалғастыратын, сырыңды бөлісетін тылсым күш. Дін үйрену деген түп тегіңнен түңілу емес, өткен-кеткенмен санасу, жақындарыңмен жарасу, жай-жағдайына қарасу деп айтар едім.
– Жастарға, әсіресе қыздарыңызға қандай өсиет айтар едіңз?
– Бүгінгі міндет аман жеткенді аман сақтап, аманаттай білу. Бүгінгі буын ертеңгі ұрпақтың ата-тегі екенін естен шығармай, рухани уызына жарыған, ақыл-есі дамыған жұрттың қатарына қосылып, арлы да, абыройлы ел болу жолында қызмет етсе деймін.
Дүниенің бастауы – Ана. Демек қай заманда да қыз баланың тал бойындағы нәзік болмыс, қадірлі қасиет болашақтың тамырын өткен шақтың тамырымен жалғайтын жасампаз талшыбықтар өміршең өскін. Демек өмірдің өзегі тәннің нәрі, рухтың деңгейі қоғамның қыз балаға деген қарым-қатынасымен өлшенеді.
«Бал ара балын береді, шағатынын ұмытпа,
Ит соңыңнан ереді, қабатынын ұмытпа.
Ат шапсаң да көнеді, тебетінін ұмытпа,
Өмір бір-ақ рет келеді, сөнетінін ұмытпа!», деген ескертуді естен шығармаған абзал.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Тұрар Түгелұлы