Сұрақ: Қазақ «Әлімсақтан бері мұсылманмын» дейді. Осы жердегі «әлімсақ» сөзі нені білдіреді?
Жауап: Құран Кәрімнен білуімізше, Алла Тағала қияметке дейін өмір сүретін барша адамзат баласын сапқа тұрғызып:
– Мен сендердің Раббыларың емеспін бе? – деп сұрайды.
Олар:
– Әрине, «Сен біздің жалғыз Раббымызсың» деп куәлік береді.
Осылайша адам баласы Аллаға серік қоспай, құлшылық етуге уәде берді. Бұл уәдені халық арасында «әл-мисақ» деп атайды. Сол себепті қазақ «Қашаннан бері мұсылмансың?» – деген сұраққа, «әл-мисақтан (әлімсақтан) бері мұсылманмын» деп жауап береді.
Әл-мисақ араб тілінде «ант берген күнді» білдіреді. Алламен болған осы сұхбатты «Рухтар әлемі» деп атайды.
Аллаға шүкір, біз «әл-мисақтан» бері мұсылманбыз.
«(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?» – (дегенде,) олар: «Әрине куәміз» деген. Қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер» (Ағраф: 172).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ