Сұрақ: Біз ажырасқан отбасымыз. 4 баламыз бар. Екі үлкен ер балам менің қолымда, бірақ алиментті 4 балаға 50 пайызын менің ақымнан анасы алып отырады. Одан қалған 50 пайыз ақыма мен балаларды анасымен ортақтасып мұқтаждықтарын өтеп отырмыз. Мен енді алиментті 25 пайыз қалдырсам бола ма? Сол жер қалай болады, олардың мұқтаждықтары кімнің мойнында болады.
Жауап: Неке – қасиетті ұғым. Қоғамда түрлі себеп-салдармен ажырасып жатан отбасылар бар. Ажырасса да шариғатта әкелік және аналық жауапкершілік сақталады. Әкенің балаларын асырап бағуы, оған жақсы тәрбие беруі міндет. «Бақара» сүресінің 233-аятында: «Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен қоғамдағы ғұрыпқа сай жақсылап қамтамасыз ету – бала әкесінің міндеті. Ешкімге шамасынан тыс міндет жүктелмейді», десе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Бәрің де бақташысыңдар, бәрің де қоластындағыларға жауаптысыңдар. Әмірші – адамдарға бақташы, өзінің қоластындағыларға жауапты. Ер адам – отбасына бақташы, өзінің қоластындағыларға жауапты. Әйел – күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты», деген. Ерлі-зайыпты ажырасып кетсе де баласының алдындағы жауапкершілік пен міндеттен босамайды.
Ажырасуға ниетті ерлі-зайыптылар арасында алиментті төлеу тәртібі және мөлшері туралы келісім құрастырылса, онда іс жүзінде төлем келісуге сай келуі керек. Егер алиментті төлеу туралы келісім болмаса, заң жүзінде ай сайын мынадай мөлшерде төленуі тиіс:
бір балаға – ата-анасының еңбекақысынан және/немесе өзге табысының (1/4) төрттен бірі;
екі балаға – ата-анасының еңбекақысының және/немесе өзге табысының үштен бірі (1/3);
үш және одан да көп балаларға – ата-анасының еңбекақысының және/немесе өзге табысының жартысы (1/2);
Кейбір жағдайда осы үлестер мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын және басқа балалар және өзге де назар аударатын жағдайларды ескерумен азайтылуы немесе ұлғайтылуы мүмкін. Жергілікті Медиация орталықтарынан қосымша кеңес алуыңызға болады.
Икрам АЙТАЕВ