Қазақ «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» дейді. Бір қызығы, дәл осы мәндегі мақал парсы халқында да бар екен. Бұл – қай елде, қай заманда болсын тату көршіліктің тұғыры әрдайым биік екенін білдіретін пәлсапа. Иран Ислам Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Әли Әкбар Джоукармен сұхбатымызда да біз екі ел арасындағы достық байланыстар мен ортақ құндылықтар жайын әңгіме арқауына айналдырдық.
– Мәртебелі Әли Әкбар мырза, 11 ақпан – Иранның ұлттық күні, яғни биыл Иран Ислам Революциясының жеңісіне 45 жыл толады. Сізді осы айтулы мерекемен құттықтаймыз. Бізге парсы халқы үшін бұл күннің мәні мен маңызы жайында айтып берсеңіз?
– Ең біріншіден, «Egemen Qazaqstan» – Қазақстандағы тарихы терең басылымның бірі екенін және өз басым бұл газетке аса құрметпен қарайтынымды айтқым келеді. Осыдан бірнеше ай бұрын сіздердің редакцияларыңызда болу бақыты бұйырды. Басшылықпен кездесіп, пікір алмасып, ынтымақтастық жайын талқыладық. Газетке жазылып, әр нөмірін алып тұрамыз. Өздеріңіз секілді ақпарат құралдарының мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуға ықпалы зор екеніне үлкен сеніммен қараймын. «Egemen Qazaqstan» газетінің де үнемі елдік мәселелерді көтеретінін жақсы білемін, сондықтан біз елшілік тарапынан сіздермен жақын байланыс орнатып, Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігімізді тигіземіз деп ойлаймын.
Ислам революциясына келсек, біздің халқымыз үшін оның маңызы аса зор. Бұл оқиғаға дейін Иранда шахтық жүйе салтанат құрғанын білесіздер. Яғни елді патшалар басқарды. Ал революциядан кейін ел тізгіні халықтың қолына өтті. Бұрынғы режім сыртқы державаларға тәуелді болған еді. Атап айтқанда, батыс елдерінің қас-қабағына қарап күн кешетін. Бұған қоса, ішкі диктатура да асқынып кеткен-тін. Ол уақытта елде парламент жұмыс істегенімен, халықтың мұңы мен үніне құлақ аса бермейтін. Ислам революциясы орнағаннан кейін билік халықтың қолына өтіп, ғасырлар бойы армандаған мақсат-мұратына жетті.
Жаңа республика орнағаннан кейін елдің саяси жүйесін ұлттық мүдде тұрғысынан қалыптастыруға күш салынды. Ол кезде көптеген мемлекет капиталистік Батыстың немесе социалистік Шығыстың ықпалында болатын. Ал біз екі блокқа да қосылмай, өз саясатымызды дербес жүргіземіз деп шештік. Сондықтан Ислам революциясы ел өмірінде бұрын-соңғы болмаған саяси ерекшелікке ие болды.
Негізінен парсы халқының бостандыққа жетуге талпынған күресі революциядан көп уақыт бұрын басталған еді. Біз Таяу Шығыс аймағында бірінші болып парламентімізді жасақтадық. Осы тұрғыдан алғанда Иран – демократия құндылықтарын орнатуда аймақтағы көшбасы елдердің бірі. Парсы халқы еркіндікке жету үшін қаншама боздағынан айырылды, көп зиян шекті, алайда арманы орындалды.
– Бүгінде Қазақстан мен Иран арасындағы байланыстар негізінен қандай бағыттарда жүріп жатыр?
– Екі ел арасындағы байланыстар қазіргі күні барлық саланы қамтиды. Біз ынтымақтастықтың жан-жақты жолдарын дамытып келеміз. Бірақ мен біздің өз мүмкіндіктерімізді толыққанды пайдалана алмай келе жатқанымызды айтқым келеді. Саяси тұрғыдан алсақ, байланыстарымыз өте жоғары деңгейде. Екі елдің басшылары мен саясаткерлері үнемі бір-біріне сапарлап, кездесіп, пікір алмасып тұрады. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді аймақтық құрылымдар шеңберінде де қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Ал дәл қазіргі таңда Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстардың нығаюына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен ден қойып отыр. Оның 2022 жылғы Иранға сапары өзара ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты.
Мәдени байланыстарға келсек, бұл салада екі халықтың көзқарастары мен бағыттары өте ұқсас және біздің мәдениетіміз, сеніміміз, тарихымыз бір-бірімен сабақтасып жатыр. Сондықтан әрбір іс-әрекетіміз бен талпынысымыз біздің мәдени, діни, басқа да байланыстарын тереңдетуге бағытталған. Дегенмен бұл салада да өз әлеуеттерімізді әлі толық көлемде пайдаланып жатқан жоқпыз. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек деп ойлаймын.
– Мысалы, қандай мәселеге көңіл бөлген жөн?
– Мәселен, жоғары оқу орындарымызда, ғылыми-зерттеу орталықтарында екі ел туралы қандай зерттеулер жүргізіліп жатыр? Кино саласын алайық, Иранда Қазақстан фильмдерінің қаншасы көрсетіледі немесе қазақ режиссерлері Иран туралы қанша фильм түсірді? Екі елдің көрнекті тұлғаларын халықтарымызға таныстыратын қанша кітап шықты? Бұқаралық ақпарат құралдарымыз біздің мемлекеттеріміз жайында жиі жаза ма? Осындай мысалдарды жалғастыра беруге болады. Мысалы, Иранда өтетін өнер, мәдениет, кинофестивальдеріне, тіпті кітап көрмелеріне Қазақстаннан гөрі Еуропадан қатысатын адамдардың саны көп. Сондай-ақ ирандықтар да Қазақ елі туралы көп біле бермейді.
Ал экономикалық салада қазір екі елдің тауар айналымы түрлі себептерге байланысты төмен деңгейде қалып отыр. Біз Каспий теңізі арқылы көршіміз. Бір географиялық және геосаяси аймақта орналасқанбыз. Екі мемлекетте де үлкен адами және табиғи ресурстар бар. Бірақ соған қарамастан, өкінішке қарай, экономикалық байланыстар әлі де төмен. Бұған өткен жылы екі елдің тауар айналымы 302 млн долларды ғана құрағанын айтсам жеткілікті.
Бұның себептерінің бірі – Иранға салынып отырған біржақты және заңсыз санкциялар. Сондықтан біз қазір өз әлеуеттерімізді толық іске асыра алмай жатырмыз. Дегенмен ел басшылары өзара алыс-берісті арттыруға жігер танытып отыр. Әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы ынтасы өте жоғары. Кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, жүйелі түрде жұмыс жүргізе береміз. Алдағы уақытта екіжақты бірлескен шаралардың арқасында экономикалық байланыстарымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенемін.
– Иран тарапынан біздің елімізге нақты қандай тауарлар жеткізіледі және біз сіздерге нені экспорттаймыз?
– Иран да, Қазақстан да мұнай өндіруші елдер болғандықтан, екі арада мұнай саудасы жүрмейді. Қазақстаннан Иранға экспортталатын тауарлардың көпшілігі – ауыл шаруашылығы дақылдары, атап айтқанда бидай, арпа, жүгері, ет өнімдері. Ал Ираннан Қазақстанға негізінен өңделген азық-түлік, жеміс-жидектер, көкөністер, жуғыш заттар, полимерлер және құрылыс материалдары экспортталады. Санкциялар жағдайында болғандықтан, біз көп тауарды өз елімізде шығарамыз. Мысалы, тұрмыстық заттар, үй жиһазын, т.б. өндіру бойынша тамаша жетістіктерге жетіп отырмыз.
– Иранның ғылым және қорғаныс саласындағы жетістіктерін де естіп жатырмыз. Бір-екі мысал келтіре аласыз ба?
– Иә, біздің еліміз көпжылғы санкциялар мен шектеулерге қарамастан, ғылым-білім саласында зор табысқа жетті. Өзіңіз айтқандай, әскери-қорғаныс саласында ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Ядролық салада МАГАТЭ-нің толық қадағалауымен ғылыми-зерттеу жұмыстарымыз нәтижесін беріп келеді. Мұның бәрі тек бейбіт мақсатта жүргізіледі, мысалы, атом электр стансасын салу, медициналық мақсатта және ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулер үшін пайдаланамыз.
Қуанышты хабардың тағы бірі – жуырда Иран ғарышқа екі зымыран тасығыш ұшырып, орбитаға 4 жасанды жерсерігін шығарды. Сондай-ақ біз кейінгі жылдары озық медицинаға, нано-технологиялық өнімдерге қол жеткіздік, стартаптарымыз өте қарқынды даму үстінде және инновациялық экономика саласында үздік нәтижелеріміз бар. Батыс елдерімен салыстырғанда біз ғылыми жаңалықтарымызды өзге мемлекеттермен бөлісуге дайынбыз.
– Жоғарыда екі елдің мәдени байланыстарын сөз еттіңіз. Биыл біздің газетімізге берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесінің мазмұнын байытып, жаңаша атап өту керек екенін айтты. Білуімізше, Иран елінде де бұл мереке айрықша тойланады. Осы тұрғыда екі елдің бір-бірінен үйренері көп секілді…
– Өз басым Қасым-Жомарт Кемелұлын өте қатты құрметтеймін. Ол кісі – озық ойлы әрі терең білімді, халқының мүддесі жолында еңбек етіп жүрген адам. Газеттеріңізге берген сұхбатында Наурыз мерекесінің мәртебесін арттыру туралы ойын да халықтың ұлттық құндылықтарына деген жанашырлығы деп білемін.
Орталық Азия мен Иранда мыңдаған жылдан бері жаңа жыл Наурыздан басталған. Сондықтан бұл мереке аймақ жұртшылығы үшін ұлттық құндылық саналады. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурызға қатысты бастамасы – өңір елдерінің байланыстарын бұрынғыдан да нығайту жолындағы маңызды қадам.
Иранға келер болсақ, Наурыз – біздің басты мерекелеріміздің бірі, шәмси жыл санауы бойынша Жаңа жылдың бастауы. Парсы халқы Наурызды табиғаттың жандануымен байланыстырып, тіршіліктің жаңаруының символы санайды. Иранда сіздердің күнтізбелеріңіз бойынша ақпанның соңында эсфанд айы басталады. Бұл – біздің күнтізбеміздегі соңғы 12-ай. Осы кезде халқымыз жаппай Наурызға дайындалады. Батыс елдерінде жаңа жыл қарсаңында, яғни желтоқсан айында сауда-саттық қызатын болса, бізде эсфанд айында адамдар үйлеріне зат сатып алып, бір-біріне сыйлық дайындап, мәре-сәре күйге енеді. Наурыз қарсаңында орындалатын игі дәстүрлердің бірі – жұртшылық үйлерін толық тазалайды және рухани тұрғыда да тазаруға қадам жасайды. Мысалы, ренжіскен адамдар болса, бір-бірін кешіреді. Тіпті араласпай кеткен адамдар бір-бірінің үйіне арнайы барып, татуласып, үзілген қатынасты жалғап жатады. Негізі бұл мейрам жайында өте көп нәрсе айтуға болады. Бәлкім мереке қарсаңында оған арнайы сұхбат ұйымдастырғанымыз дұрыс шығар. Өйткені мұның өзі – бір сұхбатқа жүк болардай үлкен тақырып.
– Елдеріміздің теңіз арқылы түйісіп жатқан қоңсы мемлекеттер екенін айттыңыз. Туристік қатынастарымыз қандай деңгейде деп ойлайсыз? Қазақстан туристерін Иран несімен қызықтыра алады?
– Өте маңызды сұрақ. Өкінішке қарай, Иран мен Қазақстанның туризм саласындағы қарым-қатынасы тым төмен деңгейде қалып отыр. Мүлдем дамымаған десем де болады. Статистикаға назар салсақ, былтыр екі елді қосқанда 3 мыңдай ғана турист бір-біріне сапар шеккен. Олардың көп бөлігі кәсіпкерлер, іс-шараларға қатысу үшін келген қонақ болуы мүмкін. Біз дос елдерміз, тарихи тамырымыз, мәдениетіміз ортақ, алайда бір-біріміздің тамашалауға тұратын тартымды жерлерімізді көруге бара бермейміз. Жыл сайын Иранның миллиондаған азаматы Түркия, Кавказ, Парсы шығанағы, Еуропа елдеріне саяхаттайды. Ал Қазақстан тарапы әзірге көзден таса қалып тұр.
Иран осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында туризм саласын дамытуға күш салып отыр. Жыл сайын наурыз айынан қыркүйекке дейін Алматыдан және Ақтаудан Иранға қатынайтын арнайы чартерлік рейстер ашылады. Менің ойымша, Қазақстан туристеріне Иран елі өте қызықты болуға тиіс. Еліміздің солтүстігінде, Каспий теңізі жағалауындағы Гүлстан провинциясында қазақтар көп тұрады. Әлемдік туризмде өзіндік орны бар тарихи мекендеріміз жетерлік. Шираз, Исфахан, Йезд, Табриз, Шуштар секілді көне қалаларымыздың көне сәулеттік ескерткіштерімен көз тартады.
Жалпы, географиясы, әлемдік өркениеттегі орны, тарихи-мәдени жерлері жағынан Иран дүниежүзілік туризм ошақтарының бірі саналады. Қазақстан халқы білмейтін шығар, әлемдегі ең ірі сулы үңгір біздің елімізде орналасқан. Әли-Садр деп аталатын бұл үңгірдің ішінде қайықпен серуендеуге болады. Қазақстанда қақаған қыс кезінде Иранға келіп демалуға тамаша мүмкіндіктер бар. Мысалы, елдің оңтүстігіндегі Парсы шығанағында Киш, Кешм, Хенгам атты туристік аралдарымыз көпке танымал. Ол жақтың ауа райы да жайлы, табиғаты да керемет. Сондай-ақ Иран ұлттық тағамдарының алуандығы, қолөнер бұйымдарының ерекшелігі бойынша да әлем туристерінің назарында. Мұны да сіздер көп біле қоймайтын шығарсыздар. Сондықтан бұл бағытта қолға алатын жұмыс көп. Оны өздеріңіз секілді БАҚ өкілдері насихаттап жатса құба-құп.
Қазіргі күні Қазақстанда парсы тілі мен әдебиеті факультетінде оқып жатқан студенттердің саны Еуропаның кішкентай мемлекеттеріндегі студенттерден де аз. Ал қазақ тілі мен әдебиеті Иранда тіпті оқытылмайды десе де болады. Осы мәселеге екі жақ та көңіл аударуы керек. Өйткені біз не болса да, бір аймақта өмір сүріп жатқан халықтармыз және мәңгі көрші болып қаламыз. Екі ел жұрты бір-бірін жақсырақ танитын болса, басқа да саладағы байланыстарымыз беки түседі. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары екі елдің ұлы тұлғаларын, тарихи жерлерін, ұлттық құндылықтарын насихаттауда белсенді рөл атқарса деймін. Біздің елшілігіміз де, консулдықтарымыз да осы мақсатта жұмыс жүргізіп жатыр.
– Соңғы сұрағым, Қазақстан – әлемдік мұхиттарға шыға алмайтын ең үлкен ел. Біздің білуімізше, кезінде Иран аумағы арқылы Каспийден Парсы шығанағына су арнасын қазып, кеме жүздіру туралы жоспарлар болған екен. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Ол жайында естігенім бар. Алайда бұл – өте күрделі әрі қымбат жоба. Оның өзі толық зерттелді деп айта алмаймын.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»