Ислам дінінің ғылыммен сабақтастығы әмбеге аян ақиқат. Алғашқы уахи аяттарының да «Оқы» әмірімен нәзіл болуы, исламдағы білім алудың артықшылығына, хз. Пайғамбарымыздың исламдағы алғашқы ұстаз ретіндегі күллі ер-әйел мұсылмандар тәліміне ишара.
Негізгі мақсаты Жаратушыға мінәжәт болған мешіттер, бастапқыда тек ғибадат-құлшылық жері емес, әлеуметтік, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеу, құқықтық нормаларды қолдану, діни әрі ғылыми қызметтер көрсету және кеңес беру орталығы сынды функционалдық міндеттемелерді атқарды. Сондай-ақ, рухани дамудың мекені болған мешіттердің ағартушылық қызметі, ғылыми ошақ ретіндегі функциясын да анықтап берді. Сол себепті, бүгінгі таңда құлшылық, діни тәлім беру орталықтары функцияларымен шектеліп қалған мешіттердің діни-ағартушылық, әлеуметтік, мәдени, әдеби, кеңес беру әрі құқықтық нормалар қабылдау қызметтерін атқарғаны анық. Жалпы, қоғамның тұтастығы үшін қажетті функцияларды қамтыды десек қате болмас.
Адам баласы әрдайым өз орнын, жаратылудағы мақсатын анықтауға ұмтылып келеді. Соның нәтижесінде Жаратушыға деген сенімі қалыптасып, ғибадат міндеттерін таниды, құлшылығын орындауға қажетті ғибадатханалар тұрғызып, мінажатын орындайды.
Ислам тарихы деректерінде, Мекке мүшріктері тарапынан қысым көріп, алғашқы ғибадатхана әрі қасиетті мекен болған Қағбаның төңірегінде құлшылығын орындай алмаған мұсылмандардың, түрлі мешіттер соққандығы баяндалады. Мысалы, Дәрул Әркәм, Аммар бин Йәсир мен Әбу Бәкірдің мешіттері, ислам тарихында бой көтерген алғашқы мешіттердің бірі болып табылады.[1] Кейіннен, ислам қадам басқан, тұрақтап дамыған әрбір мекенде, көптеген мешіттердің іргетасы қалана бастады. Тіпті һижреттен кейін Мешіт Нәбимен қоса тоғыз мешіттің бой көтергені белгілі.[2]
Жалпы, сөздік мағынасы «сәжде жасайтын жер» мағынасын беретін «мешіт» сөзі тұңғыш рет ислам танымындағы ғибадатханалардың атауы болып табылады. Һ.4 ғасырдан бастап «бөлшектерді құраушы, бір нәрсенің ұшын келесі ұшына жалғастырушы, татуластырушы» мағыналарына сай келетін «жами» сөзімен қатар қолданыла бастады. Кейіннен жұма намазы оқылмайтын ғибадатханаларға «мешіт», ал жұма намазы өткізілетін мінберсіз мешіттерге «жами мешіт» деп, бертін келе жұма намазы оқылатын әрі мінбері бар мешіттерге «жами» атауы берілген еді.
Ал термин бойынша «мешіт», Аллаға тағзым мен сый көрсету үшін құрылған, ішінде ғибадаттар орындалатын жер деген мағынаны береді. Бұл жайында «Тәубе» сүресінің 17-18 аяттарында былай айтылады: «Мүшріктердің, өздерінің қарсылықтарына куә бола тұра (кәпір халінде тұрып) Алланың мешіттерін жасауларына болмайды. Олардың амалдары жойылған. Олар тозақта мүлде қалады. Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі жасайды. Міне солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі». Сондай-ақ, «мешіт» сөзі сәжде жасалатын, ғибадаттар орындалатын мекен мағынасында Исламияттан бұрын бой көтерген «Харам мешіті, Ақса мешіті, Асхабүл Кәхф-ке арнайы тұрғызылған кесене» үшін де қолданылды.
Исламның алғашқы кезеңдеріндегі мешіттің қызметтері
Исламда әрі құлшылық, әрі маңызды оқу орындарының бірі болып табылатын мешіт, қоғамдағы сенім-ғибадат құрылымын нығайту, салауатты қоғамдық құрылымды құру іспетті мынадай маңызды қызметтерді атқарып келді. Атап айтар болсақ:
1.Құлшылық орны ретіндегі қызметі
Мешіттің бастапқы функционалдық міндеті, намаз оқу және басқа да құлшылықтарды орындауға жағдай жасау. Мешітте орындалған құлшылықтың рухани ләззатын сезінген мұсылман жамағат[3], өзара қарым-қатынастың нығаюы мен әлеуметтік тұтастыққа кенеліп жатады. Сондай-ақ, рухани жаңғырумен қатар физикалық тазалыққа көңіл бөлінетін мешіттерде, әрбір құлшылық етушінің әдебіне жіті көңіл бөлінеді.[4]
Сонау Пайғамбар заманынан бастап Рашид халифалар тұсында жалғасын тапқан, күнімізге дейін жеткен мешіттің осы бір қызметі, азды-көпті өзгерістермен толықтырылып орындалуда. Мәселен, хз.Омардың дәуірінде «тарауих намазы» парыз намаздармен шатасу қаупінен ада болуы себепті, жамағатпен орындала бастады. Сол секілді халифа Омар, бір елді мекенге бір имам, бір азаншы және намазда саптарды түзеуші тағайындап, мемлекет қазынасынан жалақы бөліп отырған-ды. Хз.Османның тұсында жамағат санының көбеюіне байланысты, жұма намазында үш азан шақыру үрдісі жолға қойылды. Бірінші азан имам мінберге шыққанда, екіншісі қаматта, үшіншісі уақыттың кіргенін естірту мақсатында сыртта оқылатын азан еді.
- Білім беру және оқыту іс-шаралары жүзеге асырылатын орын ретіндегі қызметі
Хатимуль Әнбия болған хз.Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) негізгі миссиясының бірі тәлім беруден тұрды. Ол білім алудың артықшылығын үндей отырып, мешіттерде оқыту жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне мән берді. Мешіттер білім беру орталықтарына айналды. Жоғарыда аталып өткен «Дәрүл Әркәм» мешітінде, нәзіл болған аяттар оқылып, жатталып, жазылып жатты. Сол сияқты, Мешіт Нәбидің бір бөлімі болған «Суффа» да маңызды оқыту орталығы мәртебесіне ие болды. Суффаның тұрақты әрі жүйелі түрде білім алушылары «Асхабы Суффа» деп аталды. Суффадан түлеп шыққандар жан-жаққа тарап, ұстаздық қызметін атқарды. Мысалы, хз.Омардың тұсында, «Суффа»-да тәлім алған Абдулла бин Мәсғуд пен хз.Али Куфаға, Убай бин Кағб Шамға, Әнәс бин Мәлік Басраға, Миқдат бин Әус Хумсқа ұстаз ретінде жолданды.
Хз.Пайғамбар Мәдинада тұрғызған мешітінде бес уақыт намазды жүргізумен қатар, жиналған қауымға дәрістер беріп, үгіт-насихатын жеткізді. Мешітке келген әрбір адам әрі құлшылығын орындап, соңынан дініміздің қайнаркөзі болған Расулдың өз аузынан білім алды. Мешіттерде уағыз-насихат, дәріс беру сол себепті сүннет болып табылады.
Ислам тарихындағы тұңғыш ұстаз болған хз.Мұхаммед, ансар-мұхажирге тәлім бергендей, сырттан келген ынталыларды да оқытып жатты. Әсіресе, Худайбия келіссөзінен кейін ауылды аймақтардан келген делегацияларды, мешітке жайғастырып, ғылымхал баптарымен таныстырды. Белгілі дәрежеде білім алған делегациялар елді-мекендеріне оралды.
Пайғамбардың мешіттерде жүргізген оқыту іс-шаралары ер азаматтармен қоса әйелдерді де қамтыды. Суффаның ер-әйел бөлімдері болды. Сондай-ақ, әйел азаматтарына арнайы күн тағайындап, туындаған сұрақтарына жауап берді.
Пайғамбарымыздан басталып, мешітте жалғасқан тәлім-тәрбие жұмыстары төмендегідей болды:
А. Жоспарлы білім беру
Меккеден Мәдинаға дін жолында һижрет жасаған мұхажирлерден құралған «Асхабы Суффа», бағдарламаланған ресми білім алушы топты құрады. Мешіт Нәби олар үшін мектеп болса, Суффа жатақхана, демалыс орны әрі дәріс сыныбы қызметтерін атқарды. Хз.Пайғамбар мен оның тағайындаған мамандары Суффада тәлім берді. Суффадағы оқыту жұмыстары жүйелі әрі аралық форматтарда жүргізілді. Оқу бағдарламасы діни және әлеуметтік тақырыптарға негізделген теория мен практикадан тұрды. Бағдарламаға сәйкес білім алушы аудиторияның мешітте тұрақтауы міндетті болды. Пайғамбардың басшылығымен дәріс алған Асхабы Суффа, ғылыми прогреске қол жеткізді. Рашид халифалар, әсіресе халифа Омардың кезінде, нұсқау беру және оқыту қызметтері Суффа түлектерінің еншісіне тиесілі еді.
Сондай-ақ, оқыту орталығы болған мешіттерде, білімгерлердің жұма дайындықтарына мүмкіндік жасау мақсатында, хз.Омар тарапынан бейсенбі түстен кейін бір күндік демалыс тағайындалды және мешіт маңынан «Батиха» делінген орындар ашылды. «Батиха»-да пікір алмасып, өлең-жыр оқылып, дауыстап сөйлеуге рұқсат етілді. Осылайша, хз.Омар мешіттің рухани атмосферасын сақтауға жіті мән беріп, оқу процесінің нәтижелігіне қажетті демалыс мерзімін белгілеп, мәдени іс-шараларға да көңіл бөле отырып, білімгерлердің жан-жақты белсенділігін қадағалады.
Б. Жоспардан тыс жалпы білім беру
Кей Суффа білімгерлері мен әнсардың көпшілігі, жоспардан тыс бағдарлама аясында, білімін шыңдады. Бұл білімгерлер, Суффада қонбастан күндізгі дәріске қатысып, кешке үйлеріне оралды. Себебі, жоспардан тыс білім алушылар, мешітте ғана емес, аралық форматта, яғни жұмыс орнында, сапарда, кез келген жерде Пайғамбар тәлімін алып, білімдерін шыңдады. Олардың арасында Абдулла бин Масғуд, Убай бин Кағб, Муаз бин Жәбәл, Әбу Дарда секілді көрнекті сахабалар болды. Жалпы, сахабалардың барлығы хз.Пайғамбардың шәкірттері болып саналды. Оларға әрбір сағат, әрбір мекен білім алу, ақиқатты тану мүмкіндігі еді. Әйтсе де, білім ошағы болған Мешіт Нәбиде үздіксіз оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатты. Ислам діні Араб түбегінен асып тарай бастаған Рашид халифалар дәуірінде, өзге елдерге тарай бастаған, сол жерде білім ошағын құрған сахабалар, пайғамбар құрған бағдарлама негізінде ағартушылық міндетін абыроймен атқарды.
- Көркем әдебиет жарыстарының жүргізілетін орын ретіндегі қызметі
Мешіттер, исламның алғашқы кезеңдерінде, мәдени орталықтар міндетін де атқарды. Түрлі айтыстар, шешендік өнер жарыстары өткізілді. Атап айтар болсақ, Бәну Тәмим тайпасынан келген 80-90 кісілік топ, пайғамбармен айтысу мақсатында Мәдинаға келіп, әдеби жарысқа түседі. Ақындары мен шешендерінің қабілетіне асыра сенген Бәну Тәмим, пайғамбардың Сәбит бин Қайс атты шешені мен Хассан бин Сәбит есімді ақынымен өткен айтыста ұтылып қалады. Нәтижесінде, мұсылмандардың шешендері мен ақындарының рухы биік майталман екенін мойындайды. Бұл жарыс Мешіт Нәбидің қабырғасында өткен еді.
Сол секілді, Қағб бин Зухайр бин Әби Сүлмә атты ақын, мешітте атақты «Бүрдә қасидасын» оқып, хз.Мұхаммедтің ризалығына бөленіп, шапанын киді. Әрдайым көркем әдебиеттің құнын қастерлей білген пайғамбарымыз, мешіттерде ақындарға мінбер арнады. Сол мінберге шығып, Расулді жақтап, мәртебесін дәріптейтін Хассан бин Сәбит, пайғамбардың мынадай мақтауына ие болған еді: «Хассан Расулалланы қорғауын жалғастырғанша Алла оны Жәбірейлмен растауда».
- Әлеуметтік тұтастық орны ретіндегі қызметі
Мешіт, Пайғамбар және асхабының намазға жиналатын негізгі мекен болуы себепті, әлеуметтік тұрақтылықты орнатуда маңызды рөл ойнады. Күніне бес уақыт намазда бас қосқан үмбеттің, жағдай сұрасып, түрлі әлеуметтік мәселелерді бірлесе реттегені белгілі. Сондай-ақ, мемлекет билеушісімен бір сап түзеп, намаз оқыған жұртшылық, тек өзара емес, мұң-мұқтажын басшыға тікелей айту мүмкіндігіне ие болды. Осылайша әрі құлшылық, әрі әлеуметтік тұтастық фукцияларын атқарған мешіттерде, дін мен мемлекет арасында диалог орнады.
Сонымен қатар мешіттер, түрлі мереке-думан, қуанышты іс-шаралар жасалатын да, қайғылы, қысыл-таяң жағдайға душар болғандардың бас сауғалайтын да жер болды.
- Қонақ үй ретінде қызметі
Мешіттер ең алдымен Алланың үйі болып есептеледі. Алланың үйіне кезкелген ер-әйел адам қонақ болып, жайғаса алады. Ислам діні, әйел кісінің мешітте қонақтауына қатысты, қандай да бір мәселе шықпайынша кедергі танымайды. Деректерде, Пайғамбардың және Рашид халифалар тұсында, шалғайдан келген қонақтардың мешітке жайғастырылып, керуен түйелерінің мешіт ауласына байланғандығы айтылады.
- Сот ғимараты және неке сарайы ретінде қызметі
Бастапқы кездерде арнайы сот орындары болмауы себепті құқықтық мәселелер мешіт қабырғаларында қарастырылып жатты. Хз. Пайғамбар, рәжм жазасы, отбасылық араздықтар, сауда-саттық жанжалдарды мешітте қарастырып, пәтуасын бекітті. Дәл сол сияқты, хз. Омардың дәуірінде Ислам мемлекетінің еншісіне тиген аймақтардағы сот шешімдері мешіттерде қабылданып отырды. Мысалы, Мысырда бой көтерген «Амр» мешітінде құқықтық мәселелер талқыланып, өз шешімдерін тауып жатты. Жалпы, Пайғамбардың ізін басқан Рашид халифалар, ел арасында туындаған дау-дамайларды мешіттерде қарастыруды өздерінен де, өзгелерден де талап етті. Тіпті, хз.Омар, дау-дамайды мешітке бармастан үйінде талқылаған Әбу Мұсаға сөгіс беріп, үйін жағуға үкім шығарды. Бұл қатаң жазадан кейін аты аталған сахаба, сот үкімдерін тек мешіттерде қарастырды. Осы шартқа сәйкес міндеттерін атқарған сол кезеңнің қазылары үкімдерін, жыл мезгілі мен ауа райының шарттарына қарай[5], мешіт ауласында не ішінде шығарып отырды. Һижри 3. ғасырдың жартысына дейін жалғасқан бұл үрдіске, Аббаси әулетінің халифасы Мұғтазидтің (892-902) кезінде, мешітке лайықты әдептердің орындалмауы себепті, тоқтау қойылды.
Сонымен қатар, отбасы құруға ниет білдірушілер, мешітте некеге тұрып, жұртшылыққа адал некелерін жария етті.
- Дипломатиялық қатынастар, саяси және әкімшілік істер жүзеге асырылатын орын ретінде қызметі
Дипломатиялық қарым-қатынастар мен әкімшілік істерді жүзеге асыру, Исламның алғашқы кезеңдерінде мешіттерде орындалып жатты. Пайғамбарымыз мемлекетке қатысты мәселелерді мешітте талқылап, қабылданған қарарды мінберден жариялап, келген елшілерді мешітте қабылдады. Мысалы, Нәжрандық 60 христианнан құралған делегация мешітте орналасып, Исламның шарттарымен, әсіресе, намаздың орындалу тәртібімен танысып, Құран аяттары мен пайғамбар өнегесін жақыннан тыңдады.
Рашид халифалар тұсында лауазымды кісілердің жиыны «Мешіт Нәби»-де жүргізілді. Сондай-ақ, хз.Омар дәуірінде, жалпыға арналған жиындар мен кеңес беру қызметтері мешіттерде ұйымдастырылды.
- Түзету мекемесі ретінде қызметі
Пайғамбар кезеңінде арнайы түзету мекемелерінің болмауы себепті, мешіттер кейде жазалау, түзету мекемесі ретінде де пайдаланылды. Хз.Әбу Бәкір, Омар, Османның тұсында дәл осылай жалғасты. Хз.Алидың кезінде арнайы «Нәфи», «Мұхаййыр» деген түзету мекемелері соғылып, мешіттердің бұл функциясы күнтізбеден алынды.
Соңы
Екі дүниенің бақытын көздеген Ислам діні, адамзат мұқтаждықтарына қажеттіні қамти отырып, иләхи заңдылық шарттарын, құлшылық орындары болған мешіттер арқылы көпшілікке жеткізуде. Мешіттер Исламның алғашқы кезеңдерінде әрі ғибадат мекені, әрі оқыту орталықтары функцияларымен қоса үкім беру, әлеуметтік ынтымақтастық орындары ретіндегі жан-жақты қызметтерін, шариғат шеңбері аясында орындап келді. Қазіргі таңда, заман елегінен саралана келе, құлшылық және діни сауат ашу орталықтары функцияларымен шектелген мешіттердің, тек мұсылман үмбеті емес, күллі адамзат игілігіне қажетті толеранттылық пен гуманизмның, ынтымақтастық пен тұтастықтың мекені ретінде қызметін, нақты білім, тура жолдың қайнар көзі ретінде ағартушылық функциясын ары қарай жалғастыруда. Сол себепті, әрбір діннің, сенім жүйесінің сакральды объектісі болғаны іспетті, Исламда «Алланың үйі» есептелетін мешіттердің де алар орны ерекше, атқаратын функциялары да маңызды.
Камила МЫРЗАБАЕВА,
Жамбыл облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығының дінтанушысы,
«Нежметтин Эрбакан» университетінің докторанты
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Дүндар, М. (2011). Илк Дөнем Ислами Ейитим-Өуретим Фаалийетлери. Истанбул: Ишрак Йайынлары.
- Шимшек, Е. (2017). Жамилерде Ейитим. Ана Хатларыйла Ислам Ейитим Тарихи. (ед: Мұстафа Көйлү, Шакир Гөзүток). Истанбул: Энсар Йайынлары. бб. 107-134.
- Өнкал, Ахмет, Бозкурт Неби, «Жами», ДИА, https://islamansiklopedisi.org.tr, 20.03.2023, 17:31.
[1] Дүндар, 2011:73.
[2] Дүндар, Махмұт, Бир ейитим куруму олан месжидин исламын илк дөнемлериндеки фонксионлары, 13.04.2018, 192 б.
[3]. Жер беті Мұхаммед пайғамбардың үмбеті үшін сәжде етуге рұқсат әрі таза қылынғанымен, «Алланың үйі» болған мешіттерде орындалған ғибадаттар рухани тазалық пен өрбуге жетелейді және мұсылмандардың бір-біріне рухани демеу көрсетуіне мүмкіндік береді.
[4] Рухани тазалыққа жетелеген мешіттерде физикалық тазалықтың сақталуына да жіті мән берген хз.Пайғамбарымыздың хадистерінде «мешітке, сарымсақ және сол секілдіні жеп бармау керектігі», «түкірмеу, қақырынбау т.б.» әдептер ескеріледі.
[5] Ислам әлеміндегі ыстық климатты өңірлерде, қыста мешіт ауласында, жазда мешіттің ішінде үкім шығару үрдісі қалыптасқан.