Саңлақ сахабалардың бірі Омар ибн Хаттаб (р.а.) былай дейді:
“Бір күні Исламның кең таралуы үшін Расулулла бізге жәрдемдесуді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі еді. Ішімнен “Әй, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба” дедім.
Мал-мүлкімнің жартысын Алла елшісіне (с.ғ.с.) әкеліп табыс еттім. Алла елшісі: “Ей, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?” – деп сұрады. “Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым”, – дедім.
Біраздан кейін Әбу Бәкір (р.а.) келді. Ол мал-мүлкін түгелдей алып келген екен. Расулулла (с.а.с.) одан: “Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?” – дегенде оның жауабы мынау болды: “Оларға Алла пен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым”.
Мұны естіген мен: “Жақсылық жасау жолындағы жарыста мен Әбу Бәкірден ешқашан да оза алмаспын”, – деп ой түйдім”.
Бұл оқиғадан біз пайғамбар тәрбиесін көрген сахабалардың жомарттығы мен қайырымдылығының қандай деңгейде болғанын жақсы аңғарамыз. Олардың осы игі істері қанша жыл өтсе де үмбеттің жадынан өшпей, ұрпаққа үлгі болып келеді.
Қазіргі күні де бұл дүниеде тек өзі байлық жинап қана қоймай, қайырымдылық көмек жасауда да алдына жан салмайтын атымтай жомарттар аз емес. Өзгеге қол ұшын созуды өзіне міндет санайтын мұндай жандар мұсылмандар арасында да, өзге дін өкілдері қатарында да жетіп артылады.
Мәселен, алғашқы американдық филантроптардың бірі Эндрю Карнеги бір сөзінде: «Басқалардың да баюына мүмкіндік жасамайынша, ешбір адам бай бола алмайды. Қарақан басына ғана мал-дүние жинап өткен адам масқарасы шығып өледі», – деген ойын айтқан.
Көптеген дәулеті тасыған миллиардерлер Карнегидің пәлсапалық ойын басшылыққа алып, жиған-тергенін түрлі жоқ-жітікке, түрлі пайдалы жобаларға жұмсап келеді. Әсіресе, АҚШ-та «отбасылық қайырымдылық қорлары» көптеп саналатынын айта кеткен жөн.
Wealth-X жекеменшік аналитикалық фирмасы филантропиялық қызметтің рейтингін анықтау үшін «жомарттық индексін» жасап шығарған болатын. Ол бойынша меценаттың барлық қайырымдылыққа жұмсаған дүние-байлығының қазіргі қолындағы қаражатына шаққандағы мөлшері анықталады.
Мәселен, кейбір байлардың ізгілік жолында жұмсаған қаражаты қолындағы байлығынан әлдеқайда асып түскен, яғни олардың «жомарттық индексі» 100%-тен көп деген сөз.
Ендеше төменде біз «жомарттық индексі» бойынша әлемнің ең ірі атымтай жомарттарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Карлос Слим Элу (Мексика)
Жомарттық индексі: 15%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $4 млрд.
Қолындағы капиталы: $27,3 млрд.
Әлемдегі ең бай адамдардың бірі әрі Grupo Carso компаниясының төрағасы Карлос Слим Элу қазіргі күні негізінен өз атындағы қор арқылы қайырымдылықпен айналысады.
Ұйым Мексиканың табиғатын қорғау үшін Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорына $100 млн аударса, 2012 жылы АҚШ-та тұратын латынамерикандықтар отбасыларын интернетпен қамтамасыз ету үшін $3 млн бөлді.
Одан басқа да халықаралық ұйымдарға қаржылай көмегін беріп тұрады.
Слим Элу Telmex қорының да төрағасы қызметін атқарады. Бұл қор Мексикадағы өмір сапасын арттыруға атсалысып келеді.
- Билл Гейтс (АҚШ)
Жомарттық индексі: 32%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $27 млрд.
Қолындағы капиталы: $84,2 млрд.
Билл Гейтс әлемге Microsoft-тың негізін қалаушы ретінде танымал болғанымен, қазіргі күні ол жұбайымен бірге Билл мен Мелинда Гейтстердің қоры арқылы қайырымдылыққа көп уақытын арнап жүр.
Бұл қор әлем бойынша түрлі жобалар мен бағдарламаларға грант бөледі. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамытуға, кітапханаларға, қаладағы кедейшілік проблемаларын шешуге, әлемдік денсаулық сақтау мен білім беру істеріне айрықша көңіл аударады.
Құрылған күннен бері қор GAVI, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы, Ротари қоры, Бүкіләлемдік СПИД-пен, туберкулезбен және безгекпен күрес қоры, сондай-ақ ЮНИСЕФ секілді түрлі ұйымдарға миллиондаған доллар қаржылай көмек берді.
- Джордж Сорос (АҚШ).
Жомарттық индексі: 33%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $8 млрд.
Қолындағы капиталы: $24,4 млрд доллар.
Сорос қорының негізін қалаушы Джордж Сорос қазіргі күні 1979 жылы құрған «Ашық Қоғам» қайырымдылық ұйымдары желісінің төрағасы.
Бұл қорлар аймақтық даму, әлеуметтік жұмыс, денсаулық сақтау және білім беру салалары бойынша халықаралық ұйымдарға қаржы аударып отырады.
«Ашық Қоғамның» адам құқықтарын қорғау жолындағы қызметі айрықша.
Соростың осы ұйымдағы алғашқы бастамасы – апартеид жағдайындағы қара нәсілді оңтүстікафрикалықтарға стипендия тағайындау болған еді.
- Уоррен Баффетт (АҚШ).
Жомарттық индексі: 35%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $21,5 млрд.
Қолындағы капиталы: $61 млрд.
Berkshire Hathaway холдингтік компаниясының басшысы Уоррен Баффет – әлемдегі ең бай адамдардың бірі ғана емес, сондай-ақ беткеұстар меценаттардың қатарында.
2006 жылы ол өз дәулетінің 85 пайызын Билл мен Мелинда Гейтстердің қорына және басқа да отбасылық қайырымдылық ұйымдарына аударамын деп уәде берген.
«Омаханың абызы» атанған атымтай жомарт 2011 жылы Гейтспен бірге Giving Pledge филантропиялық компаниясын ашып, дәулетті адамдарға өз байлықтарының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауларына көмектесе бастады.
- Джордж Кайзер (АҚШ).
Жомарттық индексі: 35%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $3,3 млрд.
Қолындағы капиталы: $9,3 млрд.
BOK қаржы корпорациясының төрағасы Джордж Кайзер George Kaiser Family Foundation қорын құрып, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы бастамаларға, діни және әлеуметтік мақсаттарға, сондай-ақ, аймақтық жобаларды дамытуға, соның ішінде Талса Коммьюнити колледжінің қорына, Оклахомадағы білім беру ұйымдарына, Ұлттық энергетикалық саясат институтына, Талса Университетіне қаржылай қолдау білдіріп келеді.
2010 жылы Giving Pledge филантропиялық компаниясына қосылып, өз байлығының жартысын қайырымдылық жолына атады.
- Эли Брод (АҚШ).
Жомарттық индексі: 45%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $3,3 млрд.
Қолындағы капиталы: $7,3 млрд.
KB Home ұйымының тең төрағасы әрі SunAmerica компаниясының бұрынғы басшысы Эли Брод өз атындағы қор арқылы қоғамдық білім беру, ғылым және өнерге құайырымдылық көмек жасап келеді.
Оның ұйымы екі заңды тұлғадан құралған: Эли және Эдит Бродтар қоры және Брод Өнер қоры. Екеуі де аймақтардағы өмір сапасын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
Брод Калифорнияның тумасы болғандықтан, туған штатының өнер саласына Лос-Анджелес округының Қазіргі заманғы өнер музейі және Өнер музейі арқылы қолдауын аяған емес.
- Азим Премжи (Үндістан).
Жомарттық индексі: 50%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $8 млрд.
Қолындағы капиталы: $15,9 млрд.
Үндістандағы Wirpo консалтингтік және ІТ-компаниясының басшысы Азим Примжи – Азим Примжи Қорының негізін қалаушы әрі оның төрағасы.
Бұл қор Үндістандағы мектеп бағдарламасы мен емтихандық жүйені реформалау ісіне атсалысуда. Ол Примжидің Wirpo-дағы мақсатты үлесі есебінен қаржыландырылады және 18 тілде компьютерлік сауаттылықты үйрететін Computer Aided Learning бағдарламасы мен Азим Примжидің мұғалімдер дайындайтын коммерциялық емес университеті секілді бастамаларға қолдау көрсетеді.
«Жомарттық индексінен» көріп отырғанымыздай, үндістандық мұсылман меценаты қолындағы байлығының жартысына тең келетін көлемде әртүрлі қайырымдылық көмек жасаған.
- Гордон Мур (АҚШ).
Жомарттық индексі: 77%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $5 млрд.
Қолындағы капиталы: $6,5 млрд.
Гордон Мур – 1968 жылы Intel корпорациясының негізін қалаған адам. Алайда, қазіргі күні оның басты қызметі – қайырымдылық жасау.
Ол 2006 жылы корпоративтік мансаптарын тастап, әйелі екеуі Гордон және Бетти Мурлардың Қорын басқарып келеді.
Бұл қор Сан-Францисконың қоршаған ортасын қорғау, ауырып жатқан адамдарды қолдау, ғылым мен әлеуметтік проблемаларға қаржылай көмек көрсету шараларымен айналысады.
Сонымен бірге, теңіз тіршілігін сақтаудан бастап 30-метрлік телескоп жасауға дейінгі ауқымды бағдарламаларға қолдау көрсетеді.
- Марк Цукерберг (АҚШ).
Жомарттық индексі: 111%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $45 млрд.
Қолындағы капиталы: $40,3 млрд.
Facebook әлеуметтік желісінің негізін салушы әрі оның бас директоры, әлемдегі ең бай адамдар тізімінде жетінші болып тұрған Марк Цукерберг пен оның жұбайы Присцилла Чан Facebook акцияларының 99 пайызын қайырымдылыққа беру жайында ойларын айтқан болатын.
Қазіргі күні бұл акциялар пакеті 45 млрд доллар тұрады. Ол ақшаға АҚШ-та аса ірі қайырымдылық қорын жасауға болар еді. Алайда, әлеуметтік желінің авторы жыл сайын қайырымдылыққа 1 млрд доллардан беріп тұратынын мәлімдеді.
Қаражат «Адамзат потенциалын дамытуға және жалпыға ортақ теңдікті насихаттауға» жұмсалмақ. Жұбайлар мұндай шешімге Макс есімді қыздары туғаннан кейін келгендерін айтты.
Әлемдегі аса ірі әлеуметтік желіні жасаушының бұл қайырымдылығы – оның алғашқы игілікті қадамы емес. Ол бұған дейін де білім беру және денсаулық сақтау салаларына қол ұшын созып келген.
Атап айтқанда, Кремний алқабының артта қалған аудандарының бірінен мектеп ашса, Сан-Францисконың госпиталіне травмотологиялық пункт салып берді.
- Сүлеймен ибн Абдул Әзиз әл-Раджи (Сауд Арабстаны).
Жомарттық индексі – 966%.
Жалпы қайырымдылық көмегі: $5,7 млрд.
Қолындағы капиталы: $590 млн.
Сонау 1957 жылы Сүлеймен әл-Раджи өзінің үш бауырымен бірге банк ашқан еді. Кейін ол әлемдегі ең ірі Ислам банктерінің біріне айналып, әл-Раджиге бұрын-соңды түсіне де кірмеген дәулет алып келді.
Дегенмен, 2013 жылы магнат филантропияға бет бұрып, өзінің бар табысын Sulaiman bin Abdul Aziz Al Rajhi Endowments Holding Company деп аталатын қайырымдылық компаниясына салды.
Бұл компания білім, дін, денсаулық сақтау және әлеуметтік жұмыстар салаларындағы жобаларға, сондай-ақ Араб тілі институты, Саудия араб ұлттық гвардиясының денсаулық сақтау департаментіне және Эр-Рияд қаласындағы шейх Сүлеймен ибн Абдул Әзиз әл-Раджи мешітіне қайырымдылық көмек жасап келеді.
«Жомарттық индексінен» көріп отырғанымыздай, саудиялық мұсылманның жалпы қайырымдылық көмегі қазіргі қолында бар байлығынан 1000 (мың!) есеге жуық асып түскен.
- Чарльз Фрэнсис Фини (АҚШ).
Жомарттық индексі – 420 000%
Жалпы қайырымдылық көмегі: 6,3 млрд доллар.
Қолында бар капиталы: 1,5 млн доллар.
«Филантропияның Джеймс Бонды» атанып кеткен бөлшек сауда магнаты Фини – өзінің барлық байлығын қайырымдылық жолына атаған адам. Қазіргі күні оның бар дүниесі 1,5 млн долларға дейін азайғанына қарамастан, оны кедейленіп қалды деуге болмайды.
Фини негізін қалаған Atlantic Philanthropies қоры АҚШ, Вьетнам, Бермуд аралдары секілді бірнеше елде білім, ғылым, денсаулық сақтау, азаматтық құқықтарды қорғау салаларына көмек көрсетеді.
Шынына келсек, қазіргі өмірде Чарльз Фрэнсис Финиден асқан атымтай жомарт жанды табу қиын шығар.
Жоғарыдағы тізімнен байқағанымыздай, 11 филантроптың 8-і – американдықтар. Екеуі – мұсылман. Бір адам – Мексикадан.
Бұл жерде олар «жомарттық индексі» бойынша орналастырылған. Ал егер жалпы қайырымдылығының көлемі жағынан келсек, бірінші орынға сөзсіз Марк Цукерберг шығар еді.
Бай-дәулетті адамдардың меценаттықпен айналысып, өзгеге қол ұшын созуы – қай заманда да, қай дінде де үлкен сауапты іс. Бір адамдар жанталасып байлық жинап, қалтасынан артық тиын шығып кетсе, тақыр кедей болып қалатындай уайымдап, сараңдықтың батпағына батса, дәуліттілердің бір тобы жиған-тергенін қайырымдылық жолына арнап, елдің алғысына бөленуде. Олардың әрбір жұмсаған тиынын Алла тағала еселеп қайтаратыны сөзсіз.
Бәріне Алла разы болсын!
Ескендір ТАСБОЛАТ